Ақсаусақ ұрпақ немесе келінімнен «келинкам» жақсы

Тіршілік толқынында бір-бірімен ұштаса қарбасқан қаншама мәселенің тасасында қалған тағы бір жай бар. Ол жас ұрпақты адал еңбекке баулу, сол еңбектің дәмін татыру, қадірі мен қасиетін ұғындыру. Бүгінгі ұрпақтың қарапайым тіршілікке қауқарсыз болып бара жатқандығы ойландырмай қоймайды. Тіпті, тепсе темір үзетін азаматтардың шеге қағуға икемі келмейтіндігі несі. Бәлкім қоғамдағы қордаланып қалған көп мәселенің астарында осы жай жатқан жоқ па?

–Ертеректе облыс орталығының іргесіндегі Краснояр ауылының маңында жаз маусымында еңбек және демалыс балалар лагері жұмыс істейтұғын. Менің үш балам да ала жаздай сол лагерьде болып, көкөніс баптаумен шұғылданатын. Ауылдағыдай мал ұстап, отын дайындап қарбаласатын тіршілік қалада жоқ қой. Сонан соң амалсыз пісіп жетілсін деп, ырыздықтың қалай өсетіндігі жетесіне жетсін деп сол лагерьге беретінмін. Жаман болған жоқ. Үшеуі де қаршадайынан қара жұмыста шыңдалып азамат болып өсті, – дейді Қонысбек ақсақал Шағыров.
Қазіргі күні балалардың демалыс маусымында тынығуды еңбекпен ұштастыратын, жас ұрпақты еш уақытта мәнін жоймайтын еңбекпен тәрбиелейтін орын жоқ екен.
–Барлық білім ошақтарында мектеп оқушылары еңбек пәні оқытылады,–дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботагөз Дүйсенова,–балалар жазды күні денсаулықтарын нығайту керек. Дегенмен, айтып отырған тақырыбыңыз өте орынды. Бұл мәселе бәлкім қала балалары үшін өзекті шығар. Ауыл балалары онсыз да еңбек етеді ғой.
Қазір бала тәрбиесіндегі осы бір өзекті жай қала мен далаға бірдей болып қалғаны қашан. Бүгінгінің ата-анасы жаратқаннан тілеп алған бірді-екілі перзентінің үстінен құс ұшырмайды. Желге күнге тигізбей өбектеп отырады. Әрине, бауыр еті баласын өліп-өшіп жақсы көрген дұрыс шығар. Бірақ, оның ертеңгі күні не болмақ.
–Мен бірер жыл Көкшетау аудандық білім бөліміне басшылық жасадым,–дейді Көкшетау қалалық ардагерлер төрағасы Шияп Әлиев,–сол уақытта желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпақты еңбекке тәрбиелеуге мықтап көңіл бөлдік. Ол кезде елдің бәрі жұмыста. Үйдегі мал-жанға есейіп қалған балалар ие болатын. Өзіміз де солай істедік. Мәселен, көктемде 5-6 бұзау сатып алып балаларға бақтырсаңыз келесі күзде қаншама қаражат. Мектепке баратын балалардың бар қажетін өтейді. Бір жағынан отбасылық бюджетке тәп-тәуір септігін тигізсе, екінші жағынан балалар еңбек етуді үйренеді. Әлгі жаз бойғы еңбегіне өздеріне киім-кешек, керек-жарақтарын алғанда төбелері көкке бір елі жетпей қалады. Адал еңбектің зейнетін көру, дәмін татыру деген осы емес пе.
Бәлкім жасөспірімдердің өздері ата-аналарының иығындағы жүкті еңсеруге жәрдемдесер деген де ой жетектеп қалалық жұмыспен қамту орталығына апарды. Мұндағы мамандардың айтуына қарағанда жазғы демалыс маусымында қолданыстағы заңға сәйкес жарты күн болса да жұмыс істеп қаражат табуға сұранып келгендер жоқ екен.
–Балалардың пейілін бұзып тұрған әлеуметтік желідегі әдемі суреттер. Шалқыған салтанат, қызылды-жасылды қызық думан,–дейді ел ағасы Баржақсы Елтенов. –Осыны көрген бала жұмыс істей ме. Ол да жанағы балалар сияқты көк теңіздің жағасында көсіліп жатқысы келеді. Әрине, төрт құбыласы сай болып тұрса баланың да бақуатты тіршілік етуіне қақысы бар шығар. Бірақ, қарапайым тіршілікте өмір сүруге дағдылану, қаршадайынан адал еңбек етіп, табыс табуға бейімделу мәнді мұрат.
Қазір қыз баланың да тәрбиесіне түпкілікті назар аударған жөн. Осы орайда, білім саласында қырық жылға жуық қызмет етіп, кейін облыстық мұсылман әйелдері ұйымына жетекшілік жасаған Рауза апай Бәйкенованың пікірі біздінше жөн тәрізді.
–Үстіміздегі жылы шаңырақ көтерген жастардан дәм-тұзы жараспай ажырасып кеткендері күрт көбейіпті,–дейді Рауза апай,–меніңше осы мәселенің астарында да балаларымызды ерте бастан еңбекке баулуды ескере бермейтіндігіміз жатыр. Таратып айтса талай уақыт кетеді. Ене мен келіннің тіл табыса алмауы, жастардың жұмыс істеп табыс табуға икемсіздігі бәрі-бәрі айналып келгенде осындай келеңсіз жайға келеді. Әлгі ажырасқан жастардың басым көпшілігі үйленгендеріне 3-4 жыл ғана өткен жастар екен. Отбасындағы екеуі де тіршілік етуге икемсіз болған соң материалдық тапшылыққа тап болады. Бұл орайда өз ұрпағымыздың тәрбиесіне мықтап көңіл бөлейікші. Өнер білім дамыған бүгінгі заманда қара жұмысқа қарап қалған ештеңе жоқ деп ойларсыз. Ол да керек. Мәселен, осы Көкшетау қаласындағы тұрмысқа қажетті бұйымдарды жөндейтін шеберханаларға барыңызшы. Өзіміздің ұлттың бірін көрмейсіз. Мұсылман әйелдері лигасына басшылық жасап жүргенде қыздар тәрбиесіне көп көңіл бөлдік. Өйткені, олар ертеңгі келін ғой.
Келін демекші бұл өзі бөлек тақырып. Таяуда нағашы апамыз Нағима әжей күйініп отыр екен. Қыраулы қабағы салбырап күз келе жатыр. Ертерек қамданбаса тағы болмайды. Апайдың төрт келінінің төртеуінің де қолы тимейді екен.
–Жұмысбасты, демалысқа шыққан екеуі шет елге қыдыруға кеткен. Амал жоқ келинканы шақырдым,– дейді апай,–шынын айтайын келінімнен келинкам жақсы.
Келинкасы несі дегенбіз, сөйтсек kelin_kililing деген қызмет түрі екен. Тауып алып хабарластық. Үй орманыңызды мұнтаздай етіп тазалап береміз деп ұмтылып отыр. Демалыс күндеріне 20 пайыз жеңілдік. Электр қуаты мен су болса болғаны.
Жалғызілікті жандар үшін қажет көмек. Ал, өз келінінің қолғабысын көре алмай отырғандар үшін өкініш. Еңбек етуге дағдыланбаған қоғамда өз келініңнен келинкаң тәуір болуы да заңды.

Байқал БАЙӘДІЛОВ,
журналист.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар