«Алқаби болудан жалтару заң бойынша жауапкершілікке ұшыратады»

Сот мәжілістеріне халық өкілі – алқабилердің қатысуына жағдай жасайтын «Алқабилер туралы» заңның қабылданып, күшіне енгеніне біраз жылдың жүзі болды. Дегенмен де, алқабилердің қатысуымен өтетін сот мәжілістері жалпы сот қарайтын істерге шаққанда оншалықты көп болмай отыр. Бұның өзіндік себептері бар дейді Ақмола облысы бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Бауыржан Баймурзин осы мәселе төңірегінде өзінің ой-пікірлерімен бөлісіп.

Бауыржан Баймурзин,
Ақмола облысы бойынша қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сотының төрағасы:

– Алқабилердің қатысуымен қаралған істер саны қазіргі күні қанша болып отыр?Добавить новую
– «Алқабилер туралы» заң бойынша, аса ауыр қылмыстар алқабилердің қатысуымен қаралады. Бірақ та, барлық істерге бірдей алқабилер қатыса бермейді. Негізінен оны айыпталушы тарап өз қалауымен жасауға құқылы. Яғни, айыпталушы тарап сот ісінің халық өкілдерінің қатысуымен өтуін талап етсе, сонда ғана сотқа алқабилер қатыстырылады.
Жалпы қаралған іске шаққандағы бұл дәрежедегі істер қатары оншалықты көп емес. Мәселен, биылғы жылдың алғашқы бес айында 25 іс қаралып, сот шешімі шығарылса, солардың 3-уі алқабилердің қатысыумен өтті. Бұл өткен жылғы сәйкес кезеңдегіге қарағанда бір іске артық.
– Алқабилердің қатысуымен қаралатын істер санының көп болмауының себебі неде?
Оның бір себебін жоғарыда айтып кеттім. Яғни, айыпталушы тарап істі қарау кезінде алқабилердің қатысуымен қаралсын деп өтініш берсе, сонда ғана ол іске алқабилер қатыстырылады. Бұл – негізгі себеп. Бірақ, халық өкілдері қатыстырылатын істер қатарының өспеуіне басқа да қосымша себептер әсер етуде. Соның бірі ретінде – адамдардың құқықтық сауатының жетіспеушілігін алсақ, артық болмас деп ойлаймын. Мысалы, көп адамдар алқабилер деген не, оның қатысуы іс нәтижесіне қалай ықпал етеді деген жайды мүлдем білмейді және ескермейді. Әрине, ауыр қылмыс жасаған адамды алқабилер ақтап жібермейді, дегенмен де, түрлі жайларды ескеріп, жазасын біршама жеңілдетуге мүмкінідіктерді қарастыра алады.
– Қандай адам алқаби бола алады?
– Заң талаптарына сай, жасы 25-тен кем емес әрбір азамат алқаби болып, сот мәжілісіне қатысуына болады. Бірақ та, бұрын сотталған және соттылығы жойылмаған, мүмкіндігі шектеулі адамдар, сот, прокуратура, ішкі істер органында қызмет ететіндер, адвокаттар, наркологиялық және психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған жандар алқаби бола алмайды. Сонымен бірге, сот қарайтын істің тілін білмейтін, физикалық және психикалық жетімсіздіктеріне байланыс-
ты алқаби міндетін орындауға қабілетсіз адамдар, 65 жастан асқандар мен дін қызметкерлері алқабилер тізімінен алынып тасталады.
– Алқабилер тізімін кім жасайды?
– Алқабилер тізімін жергілікті атқарушы органдар жасауы тиіс. Заң талабына сай, жергілікті атқарушы орган жергілікті тұрғындар арасынан алқабилердің негізгі және қосалқы тобы бойынша тізім жасайды. Тізім жасауға байланысты атқарушы орган мекемелер мен кәсіпорындардан, ұйымдардан азаматтар туралы мәлімет талап етуге құқылы. Тізім жасау барысында ұлтына, тіліне және нәсіліне, ұстанатын діни ағымына, тұрғылықты орнына қатысты ешқандай да шектеулер болмауы тиіс.
– Алқабилердің құқықтары мен міндеттері туралы айта кетсеңіз.
– Қазақстан Республикасының «Алқабилер туралы» Заңында алқабилердің құқықтары мен міндеттері жан-жақты айтылып, көрсетілген. Нақтырақ айтсақ, алқабилер өз бетінше, ішкі сенімі бойынша шешім қабылау үшін сот қараған іске қатысты тергеу амалдары негізінде алынған барлық мәліметтерді білуге құқылы және сұрақ берулерге қатыса алады. Сондай-ақ, заттай айғақтарды, құжаттарды, іске қатысы бар мекен-жайлар мен бөлмелерді қарауға, басқа да сот-тергеу амалдарына қатысты шараларға қатысуға құқы бар. Сот мәжілісі барысында алқаби мүшесі сот төрағасы арқылы отырысқа қатысушыға сұрақ қоюына болады.
– Жасыратыны жоқ, адамдардың арасында түрлі қоғамдық міндеттерді атқарудан жалтарушылар кездесіп жатады. Алқаби тізіміне енген адам заңда көрсетілген міндеттерін орындамай жатса, оған заң шеңберінде шаралар қарастырылған ба?
– Заң талабына сай, алқабилер тізіміне енгізілген адам заңды негізсіз тізімнен шығарылуға, өз міндетін орындаудан бас тартуға және сот отырысына қатыспауға қақысы жоқ. Алқабилер тізімін жасау барысында қажетті ақпараттарды беруден бас тартқан немесе жалған ақпарат берген азаматтар қолданыстағы заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады.
Сот мәжілісіне қатысу керектігі туралы шақырту алған адам белгіленген мерзімде көрсетілген мекен-жайға келуі міндетті. Сот отырысына негізсіз себептермен келмей қалған жағдайда, ескерту немесе әкімшілік жауапкершілік арқалайтын болады. Сот отырысы кезінде алқаби сот залынан кетіп қалуына, шығып кетуіне болмайды. Сондай-ақ, ол төрағалық етушінің рұқсатынсыз сот мәжілісіне қатысы жоқ азаматтармен қарым-қатынас жасауына тиым салынады.
– Алқабилерге сыйақы немесе көтерме ақы төлеу қарастырылған ба?
– Алқаби болған азаматтар сот мәжілісіне қатысқан уақытында жұмыс орны және жалақысы сақталады. Алқаби болған азаматты жұмыстан шығаруға немесе қызметін төмендетуге заң бойынша тыйым салынған. Сот отырысы аяқталып, шешім шыққаннан кейін алқабилерге сыйақы төленеді. Егер қаралған іс ұзаққа созылса, онда алқабилерге судья жалақысының елу пайызы мөлшерінде сыйақы беріледі. Сонымен бірге, алқабилерге Қазақстан Республикасы заңдарында қарастырылған шарттарға сай іссапарлық шығындар да төленеді.
Әңгімені жазып алған
Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар