Тасымал тоқтаусыз атқарылады

Көлік саласы қашанда өңірлерді шаруашылық және өнеркәсіптік дамытудың, экономикалық, сауда байланыстарын кеңейтудің негізі саналады. Бұл орайда, көлік құрылымының нығайуы мемлекеттің қорғаныс қабілеті мен қауіпсіздігін қуаттандыруға да тікелей әсер ететіні белгілі.

Сондықтан, көлік қызметкерлерінің жүйелі жұмысы экономиканың барлық салаларының үйлесімді қызметін қамтамасыз етіп, елдің ішкі-сыртқы экономикалық-әлеуметтік қатынастарын қуаттандыратыны анық. Бұл орайда, темір жолдың сан-салалы қызметі кез-келген мемлекеттің көлік қатынасының қан тамыры және Қазақстан Республикасының дамуы мен гүлденуінің басты тірегі болып табылады.
Бүгінгі күні «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамы Ақмола жүк тасымалдау филиалында жолаушылар тасымалының қауіпсіздігі, жол қатынасын басқарудың тиімді тәсілдерін енгізу мәселесінде біршама жұмыстар атқарылуда. Технологиялық жаңғырту мәселесіне байланысты Ақмола бөлімшесінде локомотивтерді сервистік қызметпен қамту үшін депода қосымша цех іске қосылып, көмекші жабдықтар орналастырылды. Мұның экономикалық тиімділігі 29 миллион 286 мың теңгені құрап отыр. Сондай-ақ, филиал басшылары локомотив паркін тиімді пайдаланып, бос тұрып қалу уақытын азайту және өзге кәсіпорындарда қосымша жөндеу жұмыстарын шектеу мақсатында заманауи реостат қызметін енгізу қолға алынғанын айтады.
Биылғы жылдың 12 маусымында Ақкөл бекетінде жолаушылардың күту алаңы пайдалануға берілді. Қайта құрылыс жүргізу нәтижесінде бұл платформаның аумағы кеңейтіліп, жолаушылар қауіпсіздігі мен өзге де қызмет көрсету мүмкіндігі кеңейтілді. Бұл жұмыстардың барлығы жөндеу-құрылыс бригадасы тобының күшімен жүргізілді. Сондай-ақ, үстіміздегі жылы Ерейментау ауданындағы Едіге бекетінде де жолаушылар платформасын жақсарту жоспарлануда. Ал, Шортанды ауданындағы Төңкеріс бекетінде жолаушылардың күту залы ашылды.
Экспорттық бағыттағы жүк тасымалы 72 пайызды құрады. Мұндағы негізгі тауар астық бүкіл жүктің 77 пайызына (2 миллион 228 мың тонна) тең. Ал, компания бойынша жылдық көрсеткіш 5 миллион 441 мың тоннадан асты.
Астықты тиеу, жүктерді жедел жеткізу, вагон айналымын молайту және астық тасымалы жөнінде 2019 жылға белгіленген тапсырмаларды қамтамасыз ету мақсатында нысаналы жұмыстар атқарылған. Осының нәтижесінде Қытай, Түркия, Вьетнам елдері бағытында ұн мен бидайды контейнерлік тасымалдау жолға қойылды. Нақтылай түссек, бөлімше бойынша 909 контейнерлік 21 пойыз жасақталып, 33211 тонна астық діттеген жерге жеткізілген. Жүк контейнерлерін пайдалану арқылы кіріс көлемі 11 миллион 211 мың тоннаға өсіп отыр.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар