Безбүйрек әке қайдан шықты?!.

Отбасы қазақ үшін әрқашан маңызды болып саналады. «Ошағыңның оты өшпесін» деп бекер айтылмаса керек. Ал, бүгінгі қоғамда отбасының құндылықтарын, шаңырағының берекесі мен бала тәрбиесінің жауапкершілігін сезінбейтін азаматтар көбейіп келеді. Бауыр еті баласына алимент төлеуден жалтаратындар да баршылық. Десе де, бүгінгі қоғамның шындығы бұл.

Жалғызбасты аналар, баласын жалғыз тәрбиелеп отырған әкелер, ананың аяулы алақанын, әкенің шексіз мейірімін сезіне алмай отырған бейкүнә балалардың тағдыры тым аянышты. Әсіресе, қазіргі таңда жалғызбасты әкелер көбейді. Әрине, ананың орнын әке, әкенің орнын ана алмастыра алмайды. Дегенмен, «қырық жанды әйел» жалғыз қалса да, тоғыз ай көтеріп, дүниеге әкелген сәбиін аялап, тәрбие беріп, өсіріп жеткізіп, жолында қандай да қиындыққа төтеп беріп, отбасында әйелдің де, еркектің де міндетін атқара алады.
Ал, жалғызбасты әкелерге келер болсақ, баланы анасыз жалғыз тәрбиелеу өте қиын. Бұл тек өмірлік ұстанымы биік, жауапкершілігі жоғары ер азаматтың ғана қолынан келеді. Сонымен қатар жақындардың, туыс-туғандардың қолдауы өте керек-ақ. Ананың жылуынсыз түтінін түтетіп отырған отағасына бала тәрбиесінде болсын, материалдық жағынан болсын қолғабыс беріп, қолтықтан демеп отыратын туыстардың болғаны абзал емес пе? Ал, шындығында, жетімін жетімсіретпеген кешегі қазақ бүгінде азайған. Бірінің жұбайы мезгілсіз дүниеден өтіп, бірінің жары ішімдікке салынып, баласын тастап кеткен уақытта ет жақындары жанашырлық танытпаған атпалдай азаматтар өмірдің қиындығына шыдамай, шалыс басып, ішімдіктің соңында кетеді, үйіндегі балалары қараусыз қалып, қайғылы оқиғаларға ұшырау қаупі туындайды.
Шаңырақтың шайқалып, берекесі кетуі анасын жоғалтып отырған балғындар үшін өте ауыр жағдай. Қарындары ашып, көшеге шығып, қайыр сұрауға мәжбүр болған балалардың сабақ үлгерімі нашарлайды, тіпті мектепке келмеу оқиғалары да жиілейді. Міне, осындайда мектеп әкімшілігі, мұғалімдер тарапынан отбасына қатысты сұрақтар туындап, ішкі істер бөліміндегі инспекторлармен отбасылық жағдай тексеріліп, нәтижесінде кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға құжаттар жіберіледі.
Аудандық кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия отырыстарында осындай қиын отбасылық жағдайларға тап болған кәмелетке толмағандар істері жиі қаралады. Жақында сәби кездерінен аналарынан айырылып, маскүнем әкенің қарауында қалған балалардың ауыр жағдайы талқыланды. Жұмыс істемей, моральдық жағынан құлдырауға түскен, әлеуметке қарсы өмір сүретін, күш-жігерін, ырқын алкоголь бағындырып алған ер азаматтың болашағы бұлыңғыр. Осындай жағдайға түскен жалғызбасты аналар тағдыры да жиі талқыға түсіп жатады.
Отбасында орын алған келеңсіз көріністі жоюға, естерін жиып, жағдайды жақсыға түзетуге шамалары жоқ болғандықтан комиссия мүшелерінің қолдауымен аудандық сотқа оларды ата-аналық құқығынан айыруға материалдар жолданады. Ал, жазықсыз сәбилер балалар үйіне жіберіледі. Әрине, үкіметтің қарауына өткен балалардың тамағы тоқ, киімі көк болғанымен қандай да болсын әке-шешесін сағынып, аңсайтыны анық. Өзін жарық дүниеге әкелген жанның қатыгездігін, безбүйректігін нәзік жүрегімен сезінсе де «анашым мені іздеп келер» деп сарыла күтетін балалар қаншама. Ал, керісінше, мұндай қолайсыз ата-аналар санынан арақтан түбегейлі бас тартып, түзу жолға түсіп, аналық сезімі қайта оянып, сот шешімімен балалар үйінде жабырқап жүрген балаларын қайтарып алып, шаңырағын қайта түтетіп отырғандар саусақпен санарлық деуге болады. Бұған кім кінәлі?
Безбүйрек әкелер, тасбауыр аналар қайдан шықты деген сұрақ кімді де болса бей-жай қалдырмайды. «Тәрбие тал бесіктен бас-
талады» деп дана халқымыз бекер айтпаған, сондықтан болашақ ұрпақ тәрбиесі өз қолымызда ағайын.
Гүлзияш ҚАБДЕШОВА.
Шортанды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар