Сырт алаңдағы төртінші жеңіс

Өткен сенбі, жексенбі күндері футболдан Премьер-Лигадағы ел біріншілігінің жиырма бірінші туры өтті. Бұл турда Қызылордада «Қайсар» командасымен кездескен Көкшетаудың «Оқжетпесі» 0:1 есебімен жеңіске жетіп, жанкүйерлерін бір қуантып тастады.

Бұл – «Оқжетпестің» биылғы чемпионатта сырт алаңда қол жеткізген төртінші жеңісі. Жалпы, команда бүгінге дейін 21 ойын өткізіп, оның сегізінде жеңіп, үшеуінде тең түсіп, онында ұтылса, сол жеңістерінің тең жартысына сырт алаңда жеткені жаман көрсеткіш емес деп білеміз. Ең алғаш жерлестеріміз сырт алаңда 26 наурызда Атырауда осы аттас командадан 1:2 есебімен басым түссе, одан кейін 1 мамыр күні «Таразды» 2:6 есебімен ойсырата ұтқан еді. Одан кейін көш соңында келе жатқан «Ақтөбені» де 0:2 есебімен ұтып, тағы бір қуантқан.
Енді міне, 0:1 есебімен Қызылордада «Қайсарды» да еңсеріп отыр. Бұл ойын алдында команданың бірқатар белді ойыншылары жарақаттануы, сары және қызыл қағаз алып, келесі матчтарға қатыстырылмауы салдарынан құрамды жасақтау қиын соғып, бас бапкер Андрей Карповичтің алаңға бұрын көп көзге түсе қоймаған қосалқы футболшыларды шығаруына тура келгендігін де айта кетуіміз керек. Сондықтан, осындай жағдайда да қарсыласқа есе жібермегеніміз, бұл жеңістің құнын одан бетер арттыра түседі.
Алаң иелері кездесудің басты фавориті саналғандықтан, жерлестерімізге бұл матчтың оңай түспегендігін де анық байқадық. Алайда, бірден шабуылға көшкен қызылордалықтар бірінші кезеңде біздің қақпа алдында біраз қауіпті сәттерді тудырса да, «Оқжетпестің» де қарап қалмай, ара-арасында ойын тізгінін өз қолдарына алып отырулары текке кетпеді. Біздің қақпаға доп енбей қойса, оның есесіне кездесудің қырқыншы минутында жерлестеріміздің ұйымдастырған кезекті шабуылы өз нәтижесін беріп, айып алаңында өзіне келген допқа 17-інші нөмірдегі шабуылшымыз Жасұлан Молдақараев аяғын тоса қойды. Сөйтіп, бағытын өзгерткен доп қақпадан бір-ақ шықты. Бұл – өткен жолы «Ақтөбемен» болған ойында екі гол соққан Жасұланның биылғы чемпионаттағы осымен бесінші голы.
Бұдан кейін мұндай жағдайды күтпеген қызылордалықтар бар күштерімен алға ұмтылып, қайтсе де есепті теңестіруге тырысты. Бірақ, бірінші таймның соңы мен екінші таймның өн бойы олардың бұл әрекетінен ештеңе шықпай, ақыры төреші ысқырығы ойынның 0:1 есебімен жерлестеріміздің пайдасына шешілгендігін айғақтады. Бұл арада сәтін салып, біздің қақпаға алаң иелерінің олай да, былай да бағыттаған доптарының дарымай қойғанын, ал, «Оқжетпестің» өзі голдан кейін сондай бір қарымды шабуылмен көзге түспесе де, жақсы қорғана білгенін айта кеткен жөн.
21 турдың осы күндері өткен қалған ойындарына келсек, оларда мынандай есептер тіркелді. «Ақтөбе» – «Жетісу» 1:2, «Шахтер» – «Астана» – 1:0, «Тараз» – «Ордабасы» – 1:0, «Атырау» – «Тобыл» – 0:1, «Ертіс» – «Қайрат» – 0:2. Төменде футболды сүйетін оқырмандарымыздың назарына биылғы Премьер-Лигадағы командалардың турнир кестесін де ұсынғанды жөн көрдік. Енді «Оқжетпес» келесі кездесуін өз алаңында 10 тамыз, сенбі күні Талдықорғанның «Жетісуымен» өткізеді. Осы ойында стадионға келіп, жерлестерімізге жанкүйер болайық.
Қ.КӘКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар