Жемқорлықпен күресте ауылдар да назарда ұсталуы керек

Ақмола облысы бойынша жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті биылғы жылдың алғашқы жартысының жұмыс қорытындысын шығарды. Алқа мәжілісіне департаменттің жеке құрамы мен «Ақмола – адалдық алаңы» жобасының және әлеуметтік мониторингтік топтың жетекшілері қатысты.

Алты айдың қорытындысы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Арман Бердалин баяндап берді. Жарты жылда атқарылған жұмыспен бірге «Қоғамдық бақылау картасы», «Қоғамдық бақылаудың интерактивтік картасы», «Protecting Business and Investments» сияқты бағдарламалардың орындалу жайы, сондай-ақ жемқорлыққа қарсы мобильдік топтың, әлеуметтік мониторинг тобының жұмысы, жастармен және бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс жұмыстары туралы да айтылды.
Мәжілісте сонымен бірге, биылғы жылдың басынан қызмет етіп келе жатқан «Ақмола – адалдық алаңы» жобалық офисі қызметінің қортындылары шығарылды. Бұл туралы жобалық офистің жетекшісі Самира Тәйтенова баяндап берді. Ол атқарылған жұмыстармен бірге, назар аударатын бірқатар мәселелер мен кездесіп отырған қиындықтар туралы да бүкпесіз айтып шықты.
Арман Бердалиннің айтуынша, жұртшылықпен кері байланысты жандандыру үшін интернет арқылы жүргізілетін «сұрау салу» қолға алынған. Әлеуметтік желілер арқылы ақпарат тарату үшін сілтемені пайдалануға болады. Бұл сұрау салуға неғұрлым көп адамдарды тартуға ықпалын тигізбек. Әлеуметтік мониторинг тобының жұмысын жандандыруға байланысты топ жетекшісі Владислав Шуль жан-жақты баяндап берді.
Жемқорлық заң бұзушылықтардың арасында кең белең алған тұрмыстық жемқорлыққа қарсы күрес бағытында қол жеткен жетістіктер жоқ емес. Соның бір дәлелі ретінде облыс аумағында бүгінде жұмыс істеп тұрған 276 адалдық дүкендерін атап өтуге болады. Сатушысы жоқ ол дүкендерден адамдар алған тауары үшін ақшаны өздері төлеп кетеді. Бұның өзі азаматтардың бойындағы заңсыздыққа төзбеушілік қасиеттерді қалыптастыратынын шетелдік тәжірибелер анық көрсетеді.
Білім беру саласында 48 мың баланы қамтып отырған 560 «Парасатты азамат» бұрыштары жұмыс істейді. Мектептерге балаларды қабылдауда қолданылып жүрген aqmola.kz электрондық жобасы да жақсы нәтижесін көрсетуде. Балалардың жазғы демалыс лагерьлерінде «Адалдық керуені» жобасы жүзеге асырылуда. Оған облыс аумағында 300-ге жуық жастар ұйымдары тартылған.
Департамент атқарып жатқан жемқорлық заң бұзушылықтар мен қылмысқа қарсы күрес және оның алдын алу бағытындағы жұмыстар аз емес және қол жеткен нәтижелер де бар. Десе де, назар аударатын, көңіл бөлетін олқы тұстар да кездеседі. Алқа мәжілісінде сондай назар аударатын мәселелер де сөз болды. «Жемқорлыққа қарсы күрес пен заңсыздықтың алдын алуда шалғай ауылдарды естен шығаруға болмайды. Алыстағы ауылдарға мүлдем назар аударылмай жататыны жасырын емес. Ауыл тұрғыындары жемқорлық заң бұзушылықтан өздерінің қорғалатынын әрдайым сезінуі керек», – деді департамент басшысы Мұрат Төлеубаев.

Қалкөз ЖҮСІП.
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар