Үкімет басшысының Ақмола-Көкшетау өңіріндегі игілікті істерге көңілі толды

Кеше Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Мамин жұмыс сапарымен Ақмола облысында болып, 2020 жылы Көкшетауда өтетін Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумына дайындық мәселесін пысықтап, бірқатар кәсіпорындардың және әлеуметтік-тұрмыстық нысандардың, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Үкімет басшысының өңірімізге сапарында Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев бірге болды.

Премьер-Министр алдымен облыс орталығындағы «Енки» кірпіш зауытында болды. Кірпіш зауыты 2010 жылдың желтоқсан айында Индустрияландыру картасы шеңберінде іске қосылған болатын. 2015 жылдың үшінші тоқсанында толық жобалық қуатында жұмыс істей бастады. Кәсіпорын жыл сайын 60 миллион данаға жуық кірпіш шығарады. Жоғары технологиялық Испания өндірісінің құрылғыларымен жабдықталған. Бір айта кетерлігі, мұндағы кірпіш газбен күйдіріліп, кептіріледі. Бұл ең алдымен қоршаған ортаға кеселін тигізбейді деген сөз.
2018 жылы тауар өндіру көлемі 115,5 мың текше метрге жетіп, 2900 миллион теңгені құрады. 2019 жылдың қаңтар-ақпан айларында өндіріс көлемі жалпы құны 309,4 миллион теңге болатын 12,6 мың текше метрге жетті. Қазір мұнда 240 адам жұмыс істейді. Айлық жалақылары орта есеппен 150 мың теңгенің төңірегінде.
–Өнім көлемін ұлғайтуды межелеп отырмыз,–деді зауыт директоры Мырзабай Әбдіхалықов Премьер-Министрге кәсіпорын жұмысын баяндай келе,–ол үшін жаңа алаң және 4-5 миллиард теңге көлемінде қаржы қажет.
–Қаржы табылады,–деді Үкімет басшысы Асқар Мамин,–өндіріс көлемін бүгінгіден де арттыра түсіру қажет, сапаға да барынша көңіл аударған жөн.
Әр жылдары түрлі байқауларда жүлделі орындарға ие болған кәсіпорынның шығаратын өнім сапасы жақсы. Зертхана меңгерушісі Ольга Лобанованың айтуына қарағанда, желідегі кірпіштің әрбір легі сараптамадан мұқият өткізіледі. Сапалы өнімге сұраныс та аз емес, кәсіпорын басшысы Мырзабай Әбдіхалықовтың мәлімдеуінше, еліміздің барлық аймағына, тіпті, Ресейге де жөнелтіледі. Демек, қатаң бәсекелестікте бәсі жоғары.
Премьер-Министр өнім түрлеріне назар аударды. Мұнда кірпіштің бірнеше түрі шығарылады.
–Әр өңірдің ауа райын ескеріп отырамыз,–деді кәсіпорын басшысы,–кірпіштің көлемі, түрі, бояуы тапсырыс берушінің талабына орай.
Бұдан соң Премьер-Министр облыс орталығының іргесінен 2013 жылдан бастап бой көтерген Сарыарқа шағын ауданында болды. Алғашқы жылы жалпы көлемі 62 386,7 шаршы метрді құрайтын 1295 пәтерлік 33 көп қабатты тұрғын үй салынды. Одан бөлек 240 орындық балалар бақшасы пайдалануға берілсе, құны 1 миллиард 134 миллион теңге тұратын өрт сөндіру станциясы іске қосылды. 900 орындық ІТ мектеп-лицейі де осында. Сарыарқа шағын ауданы аз ғана жылдың ішінде көзтартарлық болып қаулап өсіп келеді. 2014 жылы 30 пәтерлік 5 үй бой көтерді. Кейінгі жылдары да ондаған үй салынып, көкшетаулықтар жүздеген жаңа пәтерге ие болды. Үстіміздегі жылы жалпы көлемі 13792,04 шаршы метрді құрайтын 245 пәтерлік 6 көп қабатты үйдің құрылысы аяқталып, 1 миллиард 599,1 миллион теңге қаржы игерілді. Қазіргі күні 5 көп қабатты үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл тұрғын үйлер 2020 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Құрылыс алаңын аралап көрген Премьер-Министр алдымен тұрғын үйлердің сапасына назар аударды. Болашақта тағы да 14 көп қабатты тұрғын үй салынбақ. Тұрғындар саны көбейген соң әлеуметтік нысандардың да бой көтеруі маңызды. Бүгінгі таңда 120 орындық мектеп пен 280 орындық балалар бақшасының жобалау жұмыстары жүргізілуде.
Көкшетау халқын елең еткізетін жағымды жаңалықтық бірі – балалар мен жасөспірімдерге арналған «Болашақ» сарайы. Жобаның құны 6,5 миллиард теңге. Жалпы көлемі жеті мың шаршы метрді құрайды. Ғимарат екі бөліктен тұрады. Біріншісі интеллектуалдық дамуды қалыптастыратын аймақ болса, екіншісі спорт алаңдары.
–Құрылыс жұмыстары басталып кетті. Алдын ала жасалған болжам бойынша 2020 жылдың қазан айында пайдалануға беріледі. Құрылыс жұмыстарына бір мыңға жуық адам қатыстырылады. Интеллектуалдық даму алаңы интерактивті тақталармен, заманауи білім беруге қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, балалар робототехника және 3Д-үлгілеумен айналысады. Бұрыннан салынған ғимараттардан бір ерекшелігі жаңа құрылыс өзінің айрықша сәулетті ажарымен ғана емес, кең әрі жарық пішінімен көз тартатын болады. Ал, спорт алаңында бес жолақты екі бассейн орналастырмақ,–дейді жоба жетекшісі Айдын Нарымбаев.
Облыс әкімі Ермек Маржықпаев Премьер-Министрді «Болашақ» сарайының жобасымен егжей-тегжейлі таныстырды. Үкімет басшысы құрылыс жұмысын сапалы жүргізумен қатар, ғимараттың төңірегін абаттандыруға көңіл бөлді. Әсіресе, дәл іргесіндегі Қопа көлінің жағалауын ретке келтіру тапсырылды.
Көкшетау қаласының орталығындағы «Достық» және «Көкшетау» қонақ үйлерінде болған Үкімет басшысы мұндағы қызмет көрсету сапасын жақсарту және жаңа заманғы жиһаздармен жабдықтау қажет екендігін еске салды. «Көкшетау» қонақ үйінде қазір күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мұнда әртүрлі деңгейдегі 180 бөлме бар. Жөндеу жұмыстары үстіміздегі жылдың қазан айында аяқталмақ. «Достық» қонақ үй-мейрамхана кешені де орталықтан орын тепкен. Қонақ үйдегі мәжіліс залында семинарлар мен тренингтер өткізуге әбден болады. Жаңа заманғы байланыс түрлерімен қамтамасыз етілген бизнес орталығы жұмыс істеп тұр. Кей-кейде елдің әлеуеті қонақ үйлерінің кескінінен де аңғарылып тұратыны бар. Сондай-ақ, Премьер-Министр облыс орталығындағы «GreenWhich Hotel» қонақ үйінде де болды. Бұл қонақ үйде стандарт, жартылай люкс, люкс санатындағы 26 бөлме бар. Артықшылығы әкімшілік мекемелер мен мәдени нысандарға жақындығы. Қонақ үйдің бөлмелері кондиционермен, спутниктік телеарналармен, сейфпен және басқа да қажетті жабдықтармен жарақтандырылған.
Премьер-Министрдің ендігі бір назар аударған жайы – жол мәселесі. Бұрнағы жылдары республикалық маңыздағы Нұр-Сұлтан-Петропавловск бағытындағы тас жолдың Көкшетаудан Петропавлға дейінгі бөлігінің жайы сын көтермейтін. Қазіргі күні күрделі жөндеуден өткізілді. Күре жолды күрделі жөндеуден өткізуге 3 606,4 миллион теңге қаржы бөлінген болатын. Ауқымды жұмысты «Қазақдорстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Үкімет басшысы сондай-ақ. күрделі жөндеуден өткізілген Щучинск-Зеренді жолын көрді.
Бұланды ауданындағы «Макинка құс фабрикасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі еліміздегі бірегей жоба. Мұнда 2018 жылы құны 1,974 миллиард теңгені құрайтын 3189,65 тонна құс еті өндірілді. 2019 жылы 14396 тонна ет өндіруді жоспарлап отыр. Толық қуатында жұмыс істеген кезінде 900-ге таяу адам жұмыс істейтін болады. Жұмысшылардың орташа айлық еңбекақысы 200 000 теңге көлемінде.
Ақмоланың ырыздығы – ақық дәнінде. Қазір облыс диқандары күзгі егін орағының қамында. Ерте пісетін арпаны іріктеп орып та жатыр. Үкімет басшысы Бұланды ауданындағы «Журавлевка-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, күзгі дала жұмыстарының барысымен танысты. Серіктестік бидаймен бірге майлы дақылдар да егеді. Барлық жер көлемі 95099 гектар алқапты құраса, оның 74404 гектары егістік алқаптары, ал, 20695 гектары жайылымдық жерлер. Биылғы жылы 68 мың гектарға жуық жерге дән сіңірсе, оның 44 мың гектардан астамы дәнді дақылдар. Майлы дақылдар көлемі 12896 гектарды құраса, 1590 гектарға мал азығына қажетті дақылдар егілген. Әр жыл сайын агротехникалық шараларды уақытылы, тыңғылықты атқарудың арқасында өнім көлемі де ұлғайып келеді. Өткен жылы әр гектардан 20 центнерден өнім жинады. Ауа райы құбылмалы келетін солтүстік өңірде науқандық жұмыстарды дер шағында атқаруға техникамен жақсы қамтамасыз етілуі себеп болып отыр. Мәселен, серіктестікте 170 трактор, 70 астық комбайны бар. Ал, көктемгі егіске осы заманғы, қуатты 22 егіс кешені қатыстырылады.
Серіктестік егін шаруашылығымен қатар, мал шаруашылығын дамытуға да мән беріп отыр. Қазір 1502 бас қара мал бағады. Оның 600-ден астамы сиыр, 254 жылқы, 300-ден астам қой жайылымда жүр. Ең бастысы, серіктестікте 425 адам жұмыс істейді. Бұл ауылдық жер үшін аса маңызды. Демек, серіктестік 400-ден астам отбасын асырап отыр деген сөз. Жұмыстарының айлық еңбекақысы орташа есеппен 174 000 теңгеден айналуда. Шаруашылық жұмысымен етене танысқан Премьер-Министр ауыл шаруашылығын осы заманғы техникамен жарақтандырудың, жерді күтіп-баптаудың, цифрландырудың маңызына тоқталды.
Осындай шаруашылықтар егін шаруашылығымен қатар мал шаруашылығын дамытуға ден қойып отырса, мал өнімдерін ұқсату да күн тәртібінен түспейтін мәселе. Бұл орайдағы жұмысты Бурабай ауданындағы ірі қара мал етін өңдеумен шұғылданатын «KazBeef» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі үйлестіруде. Ет өнімдерін өңдейтін комбинат 2019 жылы қайтадан жарақтандырылып іске қосылған. Жобаның жалпы құны 1,2 миллиард теңгені құрайды. Өндірістік қуаты әрбір ауысым сайын 120 бас мал союға жетеді. Жылдық өнім көлемі 10 мың тонна ет өнімдерін дайындауға межеленген. Серіктестік өнімдері «Нұр-Сұлтан, Алматы, Петропавловск, Павлодар қалаларымен бірге Мәскеу, Санкт-Петербург, Сочиге жөнелтіледі.
Ақмолада міне осындай берекелі, ақжарылқап істер бар. Жауапкершілігі мол шараға дайындық жұмыстары да ширай түсуде.
Байқал БАЙӘДІЛОВ,
«Егемен Қазақстанның»
Ақмола облысы бойынша меншік тілшісі.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар