«Үш кезеңнің» жалғасындай көңілге жылы

Жуырда Зеренді ауданының құрметті азаматы, партия ардагері Мұхит Қабдешевтің атына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесінен арнайы хат келді.

Онда «Құрметті Мұхит Қабдешұлы! Өзіңіз құрастырып, қолтаңбаңызбен жолдаған Ұлы Отан соғысының ардагері, Социалистік Еңбек Ері Баян Жанғалов туралы естеліктер жинағы Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа таныстырылды. Нұрсұлтан Әбішұлы сізге кітабыңыз бен ізет-құрметіңіз, жылы лебізіңіз үшін ризашылығын және зор денсаулық пен шығармашылық табыс тілеген сәлемін жеткізуді тапсырды. Құрметпен, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесінің басшысы М.Қасымбеков» делінген.
Иә, бұл өзінің бар саналы ғұмырында Баян Жанғаловтай тұғырлы тұлғаға сенімді серік, ізетті іні бола білген Мұхит ағаға, оның өзінің асыл ұстазы, құрмет тұтатын қадірлі ағасы туралы кітап шығарған еңбегіне Елбасының берген зор бағасы. «Мен ағаның қол астында он жылдан астам қызмет істеп, зейнет демалысына шыққан соң да жанына жақын жүрген шәкірттерінің бірімін. Ағамыз біздерді, біз сияқты басқа да болашаққа бет түзеген тастүлектерді баласындай сүйіп, балапынандай баулып, көңілдің қыбын, істің жігін табуға, қиын түйіндерді шебер шешуге үйретті. Осы арада кәрі мен жастың да, үлкен мен кішінің де, бәрінің құрметіне, мақтанышына айналатындай Баян ағаның нендей қасиеті бар деген заңды сұрақ туады. Бұл сұрақтың жауабын менен бұрын басқа шәкірттері, замандастары айтсын деп ойладым да, солармен хабарластым. Кітап осылай дүниеге келді» деп жазады өзінің алғысөзінде Мұхит Қабдешев ағамыз да.
Біз бұған дейін қазақтың осы бір абыз ақсақалының өнегелі өмір жолын «Үш кезең» кітабы арқылы білгенбіз. Мен өзім осы айтары терең, ғибраты мол кітапты араға аз уақыт салып, екі рет құныға оқып шыққан адаммын. Берері де, сүйсінтер тұстары да қисапсыз. Онда Баян ағаның балалық шағынан бастап бір ғасырға тең дерлік мағыналы, жұлдызды ғұмыры толықтай баяндалған. Ондағы абыз тұлғаның есінде қалған өмір кезеңдеріне, оның небір дәйекті деректермен сипатталған соқпақты тұстарына, соның бәрін кәрілікке дейін мүлтіксіз, дәл жеткіздіре білген мықты жадына қайран қаласыз. Сол кітаптың әсері көкейімізде қайта жаңғырып, Мұхит Қабешұлы ағаның да өзі құрастырып, баспаға ұсынған «Баян Жанғалов – ағын судың тұнығы» атты естеліктер кітабын ынтыға қолға алдық.
Мұнда халқымыздың аяулы перзентінің замандастарының, аға тұтып соңына ерген інілерінің, партия қызметінде бірге еңбек еткен әріптестерінің, бір сөзбен айтқанда, көзін көріп, жақын араласқан белсенді қауымның жүрекжарды жан толғаныстарымен өрілген жылы естеліктері берілген. Сондай-ақ, көкшетаулық бір топ үлкенді-кішілі ақын-жазушылардың да асыл аға туралы пайымды пікірлері, өлеңмен өрілген ыстық ықыластары кітап жүгін одан бетер көтеріп тұрғаны анық.
Олардың бәрі де бірін-бірі толықтырып, есімі аңызға айналған осы бір екі майдан ерінің, дала абызының бойындағы асыл қасиеттердің, кемерлі ақыл-ойдың, елін сүйген, елім деп жанының жалынын берген толассыз қайраттың мәнісін барынша аша түседі. Әр автордың дерлік өзі қызметтес болған, өмірде жүздескен, тәлім-тәрбиесін көрген Баян ағаның жан жылылығы, пайым-түсінігінің молдығы, тереңде жатқан тектілігі, даналығы туралы айқын мысалдарымен-ақ бізбен бірге осы Көкше жерінде заманымыздың үлкен бір қайраткер перзенті, алтын жұлдызды ұлт ұстыны ғұмыр кешкеніне қапысыз бойлайсыз.
Тағы бір осы кітаптың айтпай болмайтын танымды, тартымды тұсы, ол Баян Жанғалов ағамыздың көзі тірісінде ұрпаққа мирас етіп қалдырып кеткен өз қолжазбалары. «Басты бағым да, байлығым да – халқым менің!» деп өткен адамның әрине, қағазға басылған бұл батагөй өлеңдері, риясыз ой-толғаулары да осал еместігін және бір мәрте осы кітап дәлелдейді.
Атамыз бақилық болғаннан бері ол кісі орайында анау айтқандай іргелі бір шаруа-
лар атқарыла қоймаған сияқты. Ал, мына кітап соның бір бастауындай көңілімізге жылы тиері бар. Сол үшін де кешегі партия қызметінде інілік парызын адал арқалай бола жүріп, бүгін ұстазын осындай кітабымен еске алып жатқан Мұхит Қабдешев ағамызға да ақ алғысымызды айтып қойсақ, артық емес қой деп ойлаймыз.
Қ.КӘКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар