Көкшетау үлкен құрылыс алаңына айналып барады

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Көкшетау қаласында салынып жатқан әлеуметтік нысандардың құрылыс жұмыстарымен, көше жолдары мен үй аулаларының жөнделіп, көркейтілуінің барысымен танысты.

Соңғы уақытта облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңа кезеңі басталғандығы байқалады. Қалада тұрғын үйлердің құрылысы қарқын алып, көшелер мен үй аулаларын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Келешекте Көкшетаудың көрікті де көркем қалаға айналатыныны сөзсіз. Осы бағыттағы жұмыстарды үнемі бақылауында ұстап отырған облыс әкімі Ермек Маржықпаев ең әуелі Ғабдуллин көшесінің жолдары мен Қылшақты өзені арқылы өтетін көпірдің қайра қалпына келтіру жұмыстарына назар аударды. Аталмыш көпірдің құрылысын қарағандалық «Сервис ССТ» компаниясы жүргізуде. Жобаның жалпы құны 500 миллион теңгеден асатын болса, өткен жылы 158,9 миллион теңгесі игерілген, биыл қалған қаржы бөлініп отыр. Құрылыс жұмыстарын жер қатқанша аяқтау жос-парда бар. Бұл туралы облыс әкіміне құрылыс алаңының басшысы Виктор Казенов айтып берді.
– Құрылыс жұмыстарын кестеге сай жүргізудеміз. Қазіргі кезде бетон тірек бағандары орнатылуда. Көпір арқылы өтетін өзен арнасы тазартылып, қиыршық тастар төгілуде. Қазан айының соңында негізгі жұмыстарды аяқтап, көпірде көлік қозғалысын жандандыруды жоспарлап отырмыз, – деді Виктор Казенов.
Көпір басына арнайы барған өңір басшысы мұндағы құрылыс жұмыстарын мүмкіндігінше кестеге сай жүргізуді және жергілікті тұрғындардың жүріп-тұруына кедергі келтірмеуді тапсырды. Облыс орталығындағы тағы бір маңызды құрылыс Абай көшесінің бойында орналасқан жеңіл атлетика манежі. Бір кездері жекенің қолына өтіп кеткен нысан ұзақ уақыт жөндеу көрмей жүдеп, күннен-күнге құлпырып бара жатқан қаланың сұрқын бұзып тұр. Әйтеуір, өткен жылы 147 миллион теңге қаржы бөлініп, нысан мемлекет меншігіне қайтарылды. Биыл 236 миллион теңге қаржы бөлініп, нысанда күрделі жөндеу жұмыстары басталып кетті. Қазіргі кезде, жылу және су құбырлары тартылды. Шатырын жауып, қабырғаларын қаптау, ішкі әрілеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, электр жарығын тарту жұмыстары аяқталуға жақын.
Қазіргі уақытта Көкшетау қаласының біраз көшелері мен үй аулаларының жөнделіп, түнгі уақытта жарықтандырылып жатқандығы облыс орталығының тұрғындарын шынайы қуантып отыр. Б.Момышұлы көшесі 58 мекен-жайы бойынша орналасқан тұрғын үйдің ауласы қазіргі заманға сай абаттандырылып жатыр. Осы істі қолға алған «Статус» серіктестігінің директоры Юрий Шенгальц бұл жұмыстың сәуірде басталып, қазан айы-на дейін аяқталатындығын мәлімдеді. Үй аулаларының осы заманға лайықты болуына мән беріліп отырғандығын облыс әкімі Ермек Маржықпаев мақұлдай отырып, бұл жұмыстарды сапалы жүргізу қажеттігіне тоқталды.
Бұдан әрі облыс басшысы №1 орта мектептің жанынан салынып жатқан 600 оқушыға арналған білім ордасының құрылыс алаңында болды. Жоба бо-йынша мұнда 24 сынып пен спорт залы қарастырылған. Жобаның жалпы құны 850 миллион теңгені құрайды. Мердігер «ОМИС-СТРОЙ» серіктестігінің басшыларының айтуынша, қазіргі кезде білім беру нысанының алғашқы қазығын қағу жұмыстары жүгізілуде. Келер жылы нысан пайдалануға берілуі тиіс.
Сонымен қатар, облыстық онкологиялық аурухананың құрылысы мен Абылай хан даңғылында «Алуа строй» құрылыс компаниясы салып жатқан «Абылай хан» тұрғын үй кешеніндегі қауырт жұмыстар да назардан тыс қалмады.
Бір күнде 150 адам қабылдайтын онкологиялық емхананың құрылысы қазір қызу қолға алынған. Ғимараттың қабырғалары тұрғызылып, шатыры жабылуда. Бұл үшін республикалық бюджеттен 2,6 миллиард теңге қарастырылса, оның 250 миллион теңгесі былтырғы жылы бөлінді. Биыл 990 миллион теңге бөлініп отыр. Ал, «Абылай хан» тұрғын үй кешенінде салынып жатқан тұрғын үйдің біреуі биыл күзде пайдаланауға беріледі. Яғни, екі жүзден астам пәтерге тұрғындар қоныстанатын болады. Бұл жерде бұдан басқа тағы екі көппәтерлі тұрғын үй салынуда.
Осы орайда, облыс әкімі мердігер компания басшыларына жұмысты ширатуды тапсырды. Сондай-ақ, жұмыстың сапасын да естен шығармауды ескертіп, оны қала әкімдігіне бақылап отыруды міндеттеді.

Суретті түсірген
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар