Жарты жылда – 3 мың пәтер

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Елена Ысқақова «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысы мен мүмкіндіктері туралы ой бөлісті.

Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы қолға алынған 2017 жылдан бері, облыста барлығы 1227,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Қазіргі кезде тұрғын үй құрылыс жинақтау есебінен жалдамалы және несие арқылы берілетін тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде.
– Биылғы жылға облысымызда тұрғын үй құрылысына 12,5 миллиард теңге қаржы бағытталған. Оның 10,1 миллиард теңгесі республикалық, 2,4 миллиард теңгесі облыстық бюджет есебінен қаржыландырылып отыр, – дейді Елена Ысқақова.
Брифингте айтылғандай, биылғы жылы облысымызда «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы барлығы 501,9 мың шаршы метр баспана немесе 5 мыңнан астам пәтер пайдалануға беру жоспарланса, 6 айдың қорытындысы бойынша 323 мың шаршы метр тұрғын үй беріліп, 3 мың отбасы бас-паналы болды.
Ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету бағдарламасы бастау алды. Көпбалалы отбасылардың жалдамалы баспана алуы және тұрғын үй құрылысы үшін республика бойынша өңірлерге 50 миллиард теңге қаржы бөлу көзделген. Осы бағытта жалпы 7 жыл ішінде 350 миллиард теңге қаржы бөлу қарастырылып отыр. Яғни, бұл жыл сайын көпбалалы 6 мың отбасын пәтермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
– Биыл Ақмола облысына республикалық бюджет есебінен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету үшін 1,4 миллиард теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде 1,2 миллиард теңгесі көпбалалы отбасыларға салынатын жалдамалы тұрғын үйдің құрылысы үшін, 220,4 миллион теңгесі көпабалалы отбасыларға жалдамалы тұрғын үй сатып алу үшін. Жалдамалы тұрғын үй құрылысы және жалдамалы тұрғын үй сатып алу бағыттарын жүзеге асыру шеңберінде жыл соңына дейін облыс бойынша барлығы 176 көпбалалы отбасын баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр, – дейді Елена Ысқақова.
Сонымен қатар, брифингте «Ақмола жастары» бағдарламасы бойынша жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеу үшін облыстық бюджеттен 200 миллион теңге қаржы бөлініп отырғандығы да айтылды.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *