Құштарлық күннің нұрын көргізді

Ат айналғысыз аядай бөлмеде әлдебір бөлшектерді салғастыра қарап, қауырт жұмыс істеп отыр екен. Тағдырдың тәлкегіне түскен осы бір жанның еменнің иір бұтағындай беріктігіне, қайыспас қайсарлығына таң қалдық.

Қарағандының тумасы, балалық шағы осы Зеренді өлкесінде өткен Михаил Рингельман он саусағынан өнер тамған жан екен. Тіпті, қолынан келмейтіні жоқ. Он екі мүшесі сау кезінде механизатор, жүргізуші, токарь, электрик дейсіз бе, саналуан мамандықты игеріпті. Ал, сағат жөндеуді атасынан үйренген. Он екі жасында. Титімдей, көзге ілігер-ілікпес бөлшектердің әрқайсысының атқаратын қызметін анықтап, ақауын табу, тапқан соң жөндеу өзінше бір қызық. Әлгі кішкентай бөлшектердің барлығы мінсіз болған кезде үлкен қызмет атқарады. Өмірдегі адамдар тәрізді. Селбесіп сеп болудың арғы атасы – бірлік. Михаил Владимирович бөлшектердің бірлігін үйлестіретін бесаспап маман. Күнкөріс кәдесіне жарап отырған мамандық атаулының бәрі құрметті. Тек соның шынайы шебері болуың шарт. Әулеті техникаға үйір болған. Бұл да 12 жасынан бастап мотоцикл жүргізе бастапты. Бірер жылдан соң тұяғы қыбырлайтын техника атауының құлағында ойнаған. Жай ғана жүргізу емес, жөндеуін де меңгерген.
Жылдамдыққа құмар еді. Зымыран уақыттың жетегінен шығып, алға озғысы келген. Қай шаруада болсын бірінші болуды көңілі қалайтын. Тасбақа тіршілік жалықтырып жібереді емес пе? Михаил Владимирович бірінші болды да. Тапсырылған жұмысты жеріне жеткізе атқаратын. Тап-тұйнақтай етіп. Өмір өз ағымымен жүріп жатты. Тек 2001 жылғы оқыс оқиға мамыражай тіршіліктің тінін үзіп жібергені. Тас жолдың үстінде жұлдыздай ағып келе жатып апатқа ұшырады. Неге екенін кім білсін, астындағы мотоциклдың жанып кеткені. Ағаш бауырлай, жамбастай құлаған. Күл желкем еді. Жанған мотоциклдың жанында ес-түссіз жатқан мұның аяғы, белі күйіп қалған. Сол аяғының сүйектері де балқып кеткен. От қызуы шыдата ма? Кейін ойлап қараса, лаулай жанған оттан қасірет пен қайғының жүрегіңді қаритын жалыны ыстық екен. Жарты жыл бойы төсек тартып жатты. Көресінді көрді. Тіпті, өмірден түңілуге дейін. Әуелі отыруды үйренген. Балтырдан жоғары шорт кесілген шолақ аяқпен жүру түгілі отырудың өзі мұң екен. Қас-қағым сәт отырса, күйік шалған бел сыздайды, омыртқасы опырыла сырқырап, шыбын жанын көзіне көрсетеді. Әлденеше ота жасалды. Бәріне шыдады. Әйтеуір, бір үміт сәулесі қам көңілге дем беретін. Күндердің күнінде жүріп кететін шығармын, екі аяғымды тең баспасам да, қызылды-жасылды қызығы көкірегіңді бір тойдырмайтын жарық дүниенің сәулесін көрудің өзі қуаныш емес пе деп топшылайтын. Енді бір жарты жыл өткен соң орындықты демеу етіп, тәй-тәй басып жүруді үйренді. Баяғы сәби шағындағыдай.
Қиындықтың бәрі осы шығар-ау деген. Жоқ, алда екен. Алдағы тіршілікте. Ауруханадан шыққан соң күн көру қажет. Қолына қарап отырған отбасы бар. Мүгедектің қолынан не келмек? Азық-түлік дүкенінде қордаланып қалған қарыз бастан асып жатыр. Қайта мұның жағдайын естіген көрші-қолаң қолындағы барымен қарайласып тұратын. Қарапайым адамдардың осы бір ет жүрегіңді елжіретер қайырымдылығына тәнті еді. Бірақ, қарап отырған, масыл болған ер жігітке жараса ма? Михаил Владимирович өзге шаруаның ыңғайын таппаған соң отын да дайындады. Томардай болып томпиып, құйрығымен жылжып жүріп зәулім-зәулім ақ қайыңдарды арамен кесіп құлатты. Қарға адым жер мұң болса да қыбырлап жүріп бұтақтан аршыды. Аршындап бөлді. Бәрі күнкөрістің қамы еді.
Мұншама ауыр бейнетке батуы шеберхананың жоқтығынан. Анығында шеберхана ретінде жалдайтын бөлмелердің құны қымбат. Өзгенің тағдырынан қалтасына түсер тиынды көбірек ойлайтын әлдебіреулер кіп-кішкентай бөлмеге елу мың теңгеге дейін жалдау ақысын сұрайтын. Арзандауында жылуы жоқ. Оның үстіне есік-терезесін жөндеуі керек. Бармаған жері, баспаған тауы қалмады. Ақыры жанашыр жандардың көмегімен орталық базардан осы бір мүйістің бұйырғаны.
–Бұл ауылда тұрмыстық бұйымдарды жөндейтін жер жоқ,–дейді Михаил Владимирович,–маңайдағы ауылдардан да келіп жатады. Кейде су жаңа тұрмыстық заттардың істен шығып қалатыны бар ғой. Қалай лақтырып тастасын? Сосын маған келеді. Ал, мен тоңазытқыш, шаңсорғыш, теледидар дейсіз бе, барлық тұрмысқа қажетті техникалық заттарды, шетелдік көліктерді де жөндеймін.
Тіпті, көне заттарды да әкелетіндер бар екен. Ал, олардың қосалқы бөлшегін табу қиын. Сонда да шебердің аты шебер емес пе, жамап-жасқап, кәдеге жаратып жібереді.
–Айтпақшы, менің осылай қатарға қосылуым спорттың арқасы,–дейді өзі,–сау кезімде де салауатты өмірді жақсы көруші едім. Мынадай күйге ұшыраған соң ауыр атлетикамен айналыса бастадым. Облыстық жарыстарда жүлделі орындарды иелендім. Өзім тәрізді тағдырдың тәлкегіне ұшыраған жастардың жан-дүниесін мен түсінбегенде, кім түсінеді. Соларды спортқа баули бастадым. Өмірге деген құлшынысы артсын, тіршіліктен түңілмесін деп.
Арманы асқақ жан үйінің жанынан шеберханаға лайықты шағын ғимарат салып алсам дейді. Жер теліміне аудандық әкімдік көмек қолын созбақ. Қазіргі күні бар керегі сол ғана.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар