Құрыш қолмен келген табыс

Қашанда мерекедегідей жайнап тұратын «Достар» мәдениет сарайының жасауы бүгін де құлпыра көз тартады. Led-экран, балауса гүлдермен безендірілген әсем сахна мен зәулім зал мерекелік көңілді желпіндіре түскендей. Жуырда 195 жылдығын атап өткен Көкшетау қаласы мен өңір құрылысына қанат бітірген ардагерлер, бүгінгі майталмандар құрмет төрінен орын алды. Облыс әкімі Ермек Маржықпаев жұртшылықпен бірге оларды жылы шыраймен қызу құттықтады.

– Жаңа айтулы шараға орайластырылған құрылыс индустриясының көрмесі мен арнайы дайындалған әдемі бейнероликті тамашаладық, – деді Ермек Боранбайұлы. Мұнда өңір құрылысшыларының өнегелі істері жан-жақты ашып көрсетілген. Біздің көз алдымызда ұлан-ғайыр өзгерістер орын алуда.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бастамаларын іске асыруда мемлекет тарапынан тұрғын үй құрылысы саласына үлкен қолдау көрсетілуде. Соңғы екі жылда «Нұрлы жер» бағдарламасымен 1 миллион 300 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 10 мыңнан астам отбасы тұрмыс жағдайын жақсартты. Мұның ішінде жеке және коммерциялық құрылыс компаниялары белсенділікті арттыра түсуде. Олардың қатысуымен 998 мың шаршы метр тұрғын үй бой көтерді. Бұл ретте өздерінің дизайнерлік жаңашыл ізденістерімен, сапалы пәтерлерімен тұрғындар құрметіне бөленген және Көкшетаудың көркейе түсуіне айтарлықтай үлес қосып отырған «КГС Сауда», «Алуа Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Жақыпов» жеке кәсіпшілігіне ризалық сезімін білдіргіміз келеді. Бюджет қаражаты есебінен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым ауқымы кеңейді. Бұл мақсатқа 12,5 миллиард теңге бөлініп отыр. Жалпы, біздің облыстағы құрылыс ұйымдарының бай тәжірибесі, даңқты дәстүрі мен қуатты әлеуеті зор. Сіздердің ерен еңбектеріңіздің арқасында салынған тұрғын үйлер, мектептер, бала бақшалар, ауруханалар мен спорт кешендері және өңір дамуына қосқан елеулі үлестеріңіз үшін мыңдаған адамдар ризашылығын білдіреді.
Облыс әкімінің сөзінде қазіргі күні 3800 орындық 5 мектептің, 1320 орындық 3 қосымша құрылыстың, 2 балалар бақшасының, онкология емханасының, ауылдық жерлерде үш емдеу мекемесінің құрылысы жүргізіліп жатқаны, басқа да көптеген маңызды нысандардың пайдалануға берілгені айтылды. Сондай-ақ, қыркүйек айына дейін Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжінің қосымша құрылысы аяқталатынын білдік. Жақсы хабарды зал қол шапалақтаумен қарсы алды.
Өңір басшысы сөзін: «Еліміздің ажарын ашатын, айбарын асқақтататын келісті келбетінің көркеюіне қосқан үлестеріңіз үшін алғыс білдіреміз!» – деген құттықтаумен аяқтады.
Облыс әкімі Е.Маржықпаев шара барысында өңірге белгілі құрылысшылар Есләмхан Нұғыманов пен Әміржан Оспановтың омырауына «Құрметті құрылысшы» төсбелгісін тағып, таңдаулы 23 майталманды өзінің Алғыс хатымен марапаттады. Құрылысшы күні мерекесіне арналған спорттық жарыстардың да қорытындысы шығарылып, жүлдегерлерге құрмет көрсетілді.
Салтанат мерекелік концертпен жалғасын тапты.
Бақберген Амалбеков,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар