Не жазылған білмеймін маңдайыма?!.

Қуандық Қазиұлы Сәдуақасов Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің жетпісінші жылдардағы түлегі. Мамандығы заңгер. Кезінде Көкшетау облыстық «Көкшетау» газетінде қызмет атқарған журналист, ақындығы да бар. Туған інісі Тортай Сәдуақасов есімі жұртшылыққа кеңінен танымал қазақ ақындарының бірі. Сексенінші жылдардың соңында Қуандықтың өзінің де республикалық «Жалын» баспасынан жеке жыр жинағы жарық көрген. Бүгінде дін жолында жүрген Қуандықтың төмендегі төрт тағандарынан өмір мен оның мәні, имандылық таразысы – кісілік келбет пен ар-ождан, пендеуи тіршілік туралы көп ой түюге болады. Сол себепті де оқырман назарына ұсынуға лайық деп таптық.

Дүниеде қандай қызық бар,
Иманды адам қызықтар.
Өмірдің өзі – аз күндік,
Өлім деген сызық бар.
***
Мынау ұлың – арақ ішіп сандалған,
Мынау қызың – намысы тапталған.
Мынау апаң – өсек айтып датталған,
Мынау атаң – дінсіздікпен қапталған.
Мынау қоғам – осылардан құралған.
Күнәһар боп, Хақ алдында сұралған.
***
Өтіп жатыр бағылан да, тарлан да,
Топтан озып, бас бәйгені алған да.
Көпшілігі солардың бейнамаз,
Не айтады Хақ алдына барғанда.
***
Қайда барсаң бір харам,
Қайтіп одан құтылам?!
Имандымын десем де,
Қарап тұрып ұтылам.
***
Қайда барсаң күйбеңдеген бір тірлік,
Пенде әуре бас пайда іздеп және ілік.
Дүниеде іздегенің бәрі бар,
Жетіспей тұр, адамзатқа тек – ірілік.
***
Айтайық біз білетін бір шындықты,
Кім берген адамға осы ұлылықты?!
Ұлы болу – тек Жаратқанға жарасар,
Басқаша ма? Жоқ! Олай деген адасар.
***
«Ақымақ» деп басқаға күлесің,
Ақылда қандай сенің үлесің?!
***
Қара тасты ұрсаңыз,
Дауыс шығар жаңғырып,
Қас наданға айтсаңыз,
Сөзіңді ұқпас мәңгіріп…
Аты шыққан небір тұлға,
Сатылып кетті алтын-пұлға.
***
Бауырына басып ап,
Дүние жиған ақымақ!
***
Басымда – бақ, астымда – тақ,
Қойным толы – дүние.
Бәрі де бар, бәрі де.
Жетпей тұр тек ақылақ, (мораль)
Біз сияқты кәріңе.
***
Басқаға қарап күлесің,
Алдыңда не тұрғанын білесің?
***
Арсыздықтың белгісі – күлкі,
Қамсыздықтың белгісі – ұйқы,
Дүние қуғанның түбі – шикі.
***
Барыңды жоғалтсаң да,
Арыңды жоғалтпа.
***
Әділдікке кім болады наразы,
Имандылық – бар ісіңе таразы.
***
Өзін-өзі танымаған,
Өзгені қалай танысын?
***
Түсінгенше дүниені өмір өтер,
Түсіндім дегеніңде өлім жетер.
***
Мансап деген – тұзды су,
Ішкен адам шөлдігер.
Мүлік деген тәтті у,
Жинаған жан үздігер.
***
Кейде батпақ, кейде құз,
Кейде шырын, кейде тұз.
Өмір күнде өзгерер,
Өзекті жанды өңгерер.
***
Не жазылған білмеймін маңдайыма,
Сондадағы разымын мен жағдайыма.
Тағдырың кейде сыйлар, кейде қинар,
Әркімнің келе бермес ыңғайына.
***
Баса алмайсың қайғыңды ащы судың күшімен,
Онан дағы көзге түс, жұрт құптаған ісіңмен.
***
Өмір бойы кей адам тоқтамайды, желеді,
Дүние қуып, есіріп, мәнсіз іске ереді.
***
Талаптыға өнер-білім дарыған,
Өнерлі артқа аманат қалдырған.
***
Біреуді бақыт табады,
Біреуді қайғы қамады.
Өмірдің бар өз заңы –
Өзендей тынбай ағады.
***
Білім деген мөлдір бұлақ,
Тауысып іш суынан.
Білімсіздік кепкен құрақ,
Тата көрме уынан.
***
Адамның жаман әуресі –
Құдайда жоқ шаруасы.
***
Әділдік – мәңгі тұрады,
Өтірік – опырылып құлады.
***
Көп жауласқан ұтылды,
Көп кешірген құтылды.
(«Сопының сөзі» кітабынан).

Қуандық Сәдуақасов

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар