Заман талабына сай жаңа сауықтыру кешені ашылды

Облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова мен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Олжас Әбішев Жөкей көлі маңындағы қалың ағаш пен тау бауырында табиғаты көркем жерде орналасқан «Көктал таун» отбасылық демалыс сауықтыру кешенінің ашылу салтанатына қатысып, пайдалануға берілген кешеннің адамдардың денсаулығын нығайтуға және өңіріміздегі туризмді дамытуға игі ықпалын тигізетінін атап өтті.

Алдымен, жиналған жұрт жергілікті «Арай» бишілер тобының биін тамашалап, «Көкек» фольклорлық ансамблінің әндерін тыңдады. Айна Мысырәлімова құттықтау сөзінде Ақмола облысында туризмнің кез-келген түрін дамытуға толықтай мүмкіндік барын, киелі жерлерге бай Бурабай, Зеренді, Қорғалжын, Ерейментау мен Біржан сал аудандары аумағында төрт базалық аумақ анықталып, 80 туристік бағыт жұмыс істейтінін айтты.
– Өңірімізге туристерді тарту жұмысы белсенді жүргізілуде. Осы бағытта үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында 1 миллиард теңгенің қызметі көрсетілген. Бұл өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 10 пайызға артық. Инфрақұрылым мен барлық инвестициялық жобалардың жүзеге асуы туристік саланың дамуына серпін беріп отыр. 2023 жылы біздің өңірге 3 миллион турист келеді деп күтілуде,–деген облыс әкімінің орынбасары Бурабай, Аршалы, Целиноград аудандарындағы көрікті жерлерде дем алушыларға арнап барлық қолайлы жағдайлар жасалып жақтанын айтты.
Вице-министр Олжас Әбішев заман талабына сай сауықтыру кешендерінің өз елімізде салынып, ашылып жатқаны қуанарлық жай екенін айта келе: «Жасыл әлем» түсінігі тек қана таза ауа, таза қала емес, сонымен қатар туристік бағытты дамытуға арналған бірден-бір құндылық. Туризмнің дамуы – экономикамыздың өсуіне үлкен әсер етеді. Сондықтан, әрбір азамат өз қаласының, ауданының осы саладағы тетігін құрып, дамытуға үлес қосуға міндетті,–деді.
Отбасылық демалыс сауықтыру кешенінің көк лентасы қиылып, шашу шашылғаннан кейін жиналған жұрт демалыс орындарын аралап көрді. Аудан әкімі Ермек Нұғымановтың айтуынша, «Көктал таун» кешенінде жылдың кез-келген мезгілінде денсаулығыңды түзеп, жақсы дем алуға болады. Жаз айларында Жөкей көліне шомылудың өзі бір ғажап демалыс. Оның үстіне бұл маңда жидек пен саңырауқұлақ көп өседі. Отбасылық сауықтыру кешенінің меймандары жайлы бөлмелерге орналастырылады. Сондай-ақ, бұл аумақта мейрамхана, монша, сауна, бассейн, спорттық жаттығу залы, бильярд, би алаңы орналасқан. Дем алушылар бос уақытын спорт залда немесе таза ауада өткізе алады. Мұнда атқа мініп, велосипед тебуге болады. Сондай-ақ, кешен мал шаруашылығымен және бұғы бағумен де айналысады. Дем алушыларға саумал, май мен қаймақ ұсынылады. Балалар үшін ойын алаңы ұйымдастырылған. Кешенге келген әр адам қан қысымы, өкпе, жүйке, простатит, қан тамырының ұлғаюы, тері ауруларынан емделе алады. Әрбір адам өз денсаулығының мықты болу жолдарын қарастыруы керек. Дені сау адамның көңіл- күйі көтеріңкі, еңбекке құлшынысы жоғары болады. Халқымыз «Дені саудың жаны сау» деп бекер айтпаған.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Біржан сал ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар