Медициналық құрылғылар алатын мүмкіндік

Дәстүрлі Burabike Fest – 2019 қайырымдылық шарасы биыл Бурабай ауданында тамыздың 24-25 күндері өтеді деп жоспарланып отыр. Шара аясында Есіл ауданындағы медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту көзделуде.

Айта кетейік, Есіл Ақмола облысындағы шағын қала, аудан орталығы. Мұндағы 85 орынға лайықталған аудандық аурухана шамамен 25 мың тұрғыны бар елді мекенге медициналық қызмет көрсетеді. Жыл са-йын Болат Өтемұратовтың Қоры Burabike Fest қайырымдылық шарасын өткізетінін, соның арқасында сыйлыққа медициналық құрал-жабдық алуға болатынын естіген Есіл ауданының басшылығы Қорға реанимобиль мен наркозды-тыныс алу аппаратын алып беруге өтініш білдірген еді. Есіл аудандық ауруханасының бас дәрігері Дастан Асанұлының айтуынша, медициналық мекемеге реанимобиль ауыр сырқатқа шалдыққан науқастарды облыс орталығына тасымалдау үшін қажет. Әсіресе, түрлі патологиялары бар жүкті әйелдер мен жасқа толмаған балалар тасымалдауды қажет етеді.
–Науқастарды облыс орталығына жеткізу кезінде ешқандай қауіп орын алмауы үшін реанимобиль толық жабдықталған, яғни, дефибриллятор, өкпені жасанды ветиляция-лайтын аппарат, жаңа туған нәрестелерге арналған инкубаторы болуы керек. Бір жылдың өзінде 60-70 жүкті әйелді тасымалдаймыз. Сонымен қатар, миокард инфарктісіне шалдыққан науқастар жиі тасымалданады. Бізге жол-көлік оқиғаларының салдарынан ауыр жарақат алғандар жиі түсіп жатады, – деді бас дәрігер.
Аурухананың хирургия бөлімшесін заманауи құрылғылармен жабдықтау мәселесі де өзекті болып отыр. Бөлімшедегі механикалық аппарат әлдеқашан ескіргендіктен жиі істен шығады. Сонымен қатар, ота жасау кезінде пайдаланылатын басқа да құрал-жабдықтар ауыстыруды қажет етеді. Жаңа аппараттар дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, науқастарға сапалы медициналық қызмет көрсетуге де мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Жыл сайын Болат Өтемұратовтың Қоры Шучинск-Бурабай курортты аймағында ұйымдастыратын қайырымдылық фестивалінің негізгі мақсаты еліміздің аумағында орналасқан емханаларға, балалар үйіне заманауи медициналық жабдықтарды сатып алу болып табылады. Жабдық сатып алу үшін қаражат қатысушылардың тіркеу жарналары есебінен, қайырымдылық аукционы мен меценаттардың көмегімен жиналады. Фестиваль өткізілген алты жылда 700 миллион теңге көлемінде қаражат жиналып, 20-дан астам дәрігерлік мекемені, оңалту орталықтары мен балалар үйін жабдықтауға жұмсалды.
–2018 жылдан бері біз тек қана аудандық ауруханаларды жабдықтап келеміз, – деді Болат Өтемұратов Қорының директоры Марат Айтмағамбетов. – Өткен жылы Ағадырдағы, Тимирязевтегі, Үшаралдағы, Мерке мен Жаркенттегі ауруханалар жалпы сомасы 205 миллион теңге болатын өмірлік маңызы бар жабдықтармен қамтамасыз етілді. Биыл біз тағы бес аурухананы таңдап отырмыз, соның ішінде Есіл аудандық ауруханасы да бар. Фестиваль кезінде өңірдегі медициналық қызмет көрсету сапасын жақсартуға қажетті жабдықтарды сатып алуға жететіндей қаражат жинаймыз деген үміттеміз.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Burabike Fest – 2019 шарасы тамыздың 24-25 күндері өтеді. Қатысуға ниетті барлық азаматтарға burabike.kz сайтында тіркелуге болады. Спорттық-музыкалық фестиваль қонақтары үшін екі күндік қызықты бағдарлама ойластырылған. Қазақстандық жұлдыздар ашық аспан астында өнер көрсетіп, веложарыс, шығармашылық шеберлік кластары мен қайырымдылық аукционы ұйымдастырылатын болады. Жиналған қаражаттың барлығы медициналық жабдықтарды сатып алуға жұмсалады.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

One Response to Медициналық құрылғылар алатын мүмкіндік

  1. Жыл сайын Болат Өтемұратовтың Қоры Шучинск-Бурабай курортты аймағында ұйымдастыратын қайырымдылық фестивалінің негізгі мақсаты ….

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *