Мәдениеттен түлеген тастүлек

Өмірде жастайынан талаптың тұлпарын мініп, білімімен, өнерімен өз ортасынан ерекшелене түсетін жастар болады. Осы бір адам баласына тән қасиет Біржан сал ауданының Мәдениет ауылын да айналып өтпеген. Қазақтың осы бір танымал ауылының өткен-кеткеніне көз жіберсек, ұлт әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, академик, сыншы Есмағамбет Ысмайыловтың, театр өнерінің дарабозы Жақып Омаровтың есімдері атойлап шыға келеді. Бір кезде іргелі шаруашылықтың орталығы болған Мәдениеттің бұдан басқа да белгілі тумалары қаншама. Олар еліне деген шексіз сүйіспеншілігімен, білім-білігімен өз ауылының бүгінгі өскелең жеткіншектеріне де үлгі-өнеге болып қала бермек. Сондай есімін айрықша ауызға алуға тұрарлық мәдениеттік тағы бір танымал азамат Болат Сабырұлы Рақышев десек, бұл сөзіміздің ешбір артықтығы жоқ деп білеміз.

Бұл күнде алпыс жастың асқарына көтеріліп отырған Болат бауырымыз азаматтық келбеті, ішкі жан дүниесі, өмірінің өзегі деп білетін өнері мен журналист ретіндегі қаламының қарымдылығы, қай жағынан алсақ та осы сөзге әбден татитын жан. Оның өмір жолы да өзі құрылпас жүздеген қатарластарындай ауылдың мамыражай тірлігімен, есейіп ес білгеннен көкейде қалып қойған ыстық бет-бейнесімен өрілді. Тек бір ерекшелігі, Есмағамбет Ысмайылов атындағы Мәдениет орта мектебінде оқығанда да, одан әрі әскер қатарында міндетті азаматтық борышын өтегенде де ата-бабаларымыздың қанына біткен қасиетті өнермен тыныстады, жүйрік көңілі дәйім соған алып ұшты. Соның айқын дәлелі шығар, ауыл жастарынан суырылып шығып, екінің бірі еңсермейтін әрі қолы жетпейтін Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театры жанындағы театр студиясына оқуға түсті. Бұл бір көптен жанына тыным бермей, көкейінде қонақтаған асыл арманының орындалған шағы еді. Сонымен де Болат өзін бақытты сезініп, оқуға түсе сала курстың қоғамдық жұмыстарына белсене араласып кетті. Қазақ өнеріне еңбегі сіңген небір өнер майталмандарының алдынан дәріс алып, актерлік шеберлік, сахна сыры мен киесін ұғыну сияқты қасиеттерге тереңдеп бойлай берді. Өзінің көпшілікке жақын, жайдары мінезі, ұйымдастырушылық қабілетімен құрбы-құрдастарының да көңілінен шығып, студенттік адал сезімге қылау түсірмеді.
Сөйтіп, Болат бауырымыз үшін тағы бір өмір белесі артта қалды. Алайда, ару Алматы, облыс орталықтарындағы іргелі өнер ордаларына табан тіремей, туған ауылына оралды. Осылайша, 1986 жылдың шілде айынан Мәдениет ауылдық клубының меңгерушісі болып қызмет атқарды. Білдей бір театр студиясын бітіріп, драма әртісі мамандығын алған кәсіби маманның ауыл клубының жұмысына жаңаша бір ажар беріп, соны леп әкелгені айтпасақ та түсінікті. Тіпті, сол кезде мұндай кадр тағы қай жергілікті мәдениет ошақтарында болды екен деп өз-өзімізден сұрап қойсақ та артық еместей.
Сол біз баса екпін беріп отырған қабілетінің арқасы шығар, 1998 жылы бүгінгі Бурабай ауданының орталығы Щучинск қаласына қоныс аударып, қалалық мәдениет үйіне көркемдік жетекші болып жұмысқа қабылданады. Бұл жерде де бар жан-тәнімен мәдениет саласын өрге сүйресіп, бұрыннан бар өнер ұжымдарының жұмысын жетілдіруге күш салды. Жаңаларын ашып, ауданның мәдениет пен өнердегі әлеуетін танытты. Әрине, жалғыз емес, «көппен бірге көтерген жүк жеңіл» демекші, өз кәсіптеріне адал, бір мақсат, бір мүдде жолындағы жандар осының бәрін жұмылып, бірге атқарды. Ортақ күш-жігермен келген жетістіктерді де қуанысып бірге көрді. Осы мәдениет саласында өткен он жылдан астам уақытта мемлекеттік қызметтің де ау-жайын байқап, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің белді бір қызметкеріне айналған кезі де болды. Соның бәрінде Бәкеңді өңірдегі қайнаған мәдени шаралардың бел ортасынан, өнерлі жастардың арасынан көру сырт көзге үйреншікті жай еді. Ұлттық өнер мен ана тіліміздің дамуына септескен небір үлкенді-кішілі байқаулардың жүргізушісі болып та, шешен сөйлеп, тауып айтып, көпшіліктің ықыласына бөленгені өз алдына тағы бір қасиеті.
Кейін күнделікті жұмысынан қол үзбей жүріп, сырттай «Көкше» академиясының қазақ тілі және әдебиеті факультетін тәмамдады. Бұл да оның шама келсе, өрге жүзсем деген өмірлік өз ұстанымынан болар. Өйткені, бойында қабілетімен бірге, осы мамандығы да 2009 жылы Бурабай аудандық «Бурабай» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы болып тағайындалуына көмегін тигізді. Сөйтіп, ол ендігі жерде курортты аймақтың бір қара шаңырағы болып саналатын ұлттық басылымының тізгінін ұстап, ондағы шығармашылық ұжымды ақпарат кеңістігінде алда тұрған міндеттерді шешуге жұмылдырды. Ол еңбегі де күні бүгінге дейін өзінің мәуелі жемісін беріп келеді. Қашанда жаны жақсылықты көксеген, ізденісті қадамдарымен тұла бойындағы жазу өнеріне деген құштарлықты да оята білген Болат бір кезде осы басылымның тізгінін ұстаған қадірлі аға-апалары Самат Рахымберлин, Мәули Әлімов, Шолпан Бостанбаеваның игілікті істерін одан әрі жалғастырып, өзі басқарған газетті бір мысқал да тұғырынан тайдырған жоқ. Қайта заман талабына сай жаңа леп, айшықты сипат беріп, оқырлық басылымға айналдыра түсті. Мұны көзі ашық, көкірегі ояу аудан тұрғындары да күні бүгінгіге дейін жоғары бағалауда. Басылымның 2018 жылы өткен 25 жылдық мерейтойы соның бір айқын көрінісі деуге болады. Қашанда сегіз қырлы, бір сырлы азамат басшы ретінде өз газетінің осы бір айтулы белесіне үлкен мән беріп, аудан басшылары алдына мәселені нық қоя жүріп, қоғамдық жұртшылықтың қатысуымен лайықты аталып өтуіне де абыроймен қол жеткізе білді. Осы орайда, сондағы басылым атына айтылған көптеген жылы лебіздердің бір парасы бас редакторға арналуы да заңды еді. Өйткені, аз күшпен, редакция қажетіне толық жете бермейтін белгілі бір шектеулі қаржымен газет шығару ісінің оңай соқпайтынын көзі қарақты оқырман да білсе керек. Алайда, соның өзінде басылым өзінің атын да, затын да төменшіктетпей, облыстың ақпарат айдынында лайықты орнын алғаны әрине, ондағы журналистер қауымының уақыт талабымен бір тыныстағаны болар. Бұл арада, өткен шақпен де сөйлегендей болып жатқанымыз, қазір қай аудандық газеттің де халі онша болмай тұр. Тендерді көлденеңнен ұтып алатын «мықтылар» шығып, осы салада нанын адал жеп жүрген газет редакцияларын тығырыққа тіреуде.
Жә, бұл арада пессимистік ауанға салынбай, әңгіме жақсы азамат туралы болып отырған соң, сөзімізді әрі қарай сабақтайық. Замандасымыз Болатты осылай өнерге жақын еткен, оған қоса қаламы төселген редактор етіп шығарған бәлкім, туған жердің қайталанбас сұлу табиғаты шығар. Небір игі жақсыларға туған тұғыр болған Мәдениет ауылы ел аузында «екінші Швейцария» атанып кеткен көрікті Бурабаймен шектесіп жатқан мекен. Бір кездерде Көкшетау облысының бүкіл іргелі тойлары өткен Аққайың алқабын қайда қоярсыз?! Ұлы Абылайдың да 280 жылдық асы осында берілмеп пе еді?! Жуырда Қымызнай ауылының тұсынан төтелетіп, дала жолымен осы ауылға жүріп өткеніміз бар. Бір-бірімен алма-кезек ұштасып отыратын қалың қарағай, шоқ-шоқ қайың, жап-жасыл дала, неткен тартымды жер десеңші. Сүйсінесің де отырасың.
Еліміздегі аты зор театр студиясын бітірген екен, демек, осы киелі жердің тумасы Болаттың да бойында ата-бабамыздың әншілік, сал-серілік өнерінің ұшқыны аз болмағаны ғой. Дәл осы ойымыздың айғағындай, оның асаба ретінде де бірнеше тойды жүргізгенінің куәсі болғанымыз бар. Сондағы жеңіл-желпіге әуес басқалардай емес, есті сөз, көркем тілмен, қоңыр домбыраның қос ішегінен әуездеп төгілген әсерлі әнмен де жан дүниемізді баурағаны әлі есте. Осының бәрін аз сөзбен түйіндесек, ел үшін қызмет етіп келе жатқан, соған бойындағы барын аянбаған бір азамат осы Бәкеңдей болар.
Осы жақында ғана туған ауылы – Мәдениеттің негізі қаланғанына 90 жыл толуы әрісі облыс, берісі ауданның назарын аударған шат-шадыманды қуаныш болып асқақтады. Әрине, той өткізу бар да, оны ұйымдастыру бар. Міне, осы тұста Бәкеңнің туған ауылына көмегі, әрқашан аңқылдап жүретін ақжарқын мінезінің көпке шарапаты жарқырап тағы бір көрінді. Тойдың сценарийі, ақпараттық қамтылуы, концерттік бағдарламасы, бәрін өз мойнына алып, ойдағыдай атқарып шықты. Әр жерден келген жұрт мәдениеттіктердің осындай ауқымды шараны бір кісідей жұмылып, жоғары деңгейде өткізе білуіне сүйсінсе, онда сөзінен де, қолынан да келетін Болат Рақышевтай азаматтың да елеулі еңбегі бар еді. Соның бәрін естіп-біліп жүрген, ұлттық құндылықтарға ерекше көзбен қарайтын Біржан сал ауданының әкімі Ермек Нұғыманов осы тойда ауданның мәдени өміріне Бәкеңнің де қосқан өзіндік үлесін орынды ескеріп, өзіне тән мәрттікпен салтанатты жағдайда «Біржан сал ауданына 90 жыл» мерекелік медалімен, Алғыс хат және бағалы сыйлықпен марапаттағанын өнерлі жігіттің ел алдындағы еңбегінің тағы бір лайықты өтеуі дегеніміз абзал.
Иә, осыдан кейін Болат әріптесіміздің өзінің асқаралы 60 жасына бір азаматтай халқына деген ақ адал маңдай терімен жетіп отырғандығына еш шүбәміз болмаса керек. Оның бүгінде еліне, қазағына жаны ашитын осы елдің қайраткер бір перзенті ретінде атқарып жүрген қоғамдық жұмыстары да бір төбе. Атап айтсақ, Ақмола облыстық «Қазақ тілі және мәдениеті» қоғамдық бірлестігі Бурабай аудандық филиалының төрағасы, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы саяси кеңесінің және аумақтық сайлау комиссиясының, аудандық мәслихат жанындағы қоғамдық кеңестің белсенді мүшесі. Сондай алқалы жиындарда мәселе ұлт тағдыры, ел мүддесі, халық қамына келіп тірелгенде, санды көбейтіп, айтарынан жаңылып, қарап қалған кезі жоқ.
Ал, отбасы тірлігіне келсек, зайыбы мәдениет қызметкері, белгілі әнші Бибігүл Зейнелғабиденқызы екеуі ата-аналық ыстық мейіріммен екі бала тәрбиелеп, өсіріп отыр. Дарыны өзінің жолын қуып, «Бурабай» газетінде бет қаттаушы болса, өнерлі қыздары Алуа Нұр-Сұлтан қаласындағы №75 мектеп-лицейінде ағылшын тілі пәнінен дәріс береді.
Ұлы Абайдың «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деген өсиетін көбіміз білуге тиістіміз. Осы сөз Болат Сабырұлының да бүкіл жан сарайын ашып тұрғандай. 2017 жылы театр студиясының осы оқу орнын өзімен бірге бітірген түлектері араға 35 жыл салып, ару Алматыда арнайы бас қосты. Одан бері көп су аққан, бір кездегі өнерлі жастар осы салада талай биіктерге қол жеткізген. Бірақ, бұл күнде сол аты да, атағы да бар курстастарының аталған кездесуді ұйымдастыру алқасының төрағасы етіп осы Болатты таңдаулары жайдан жай болмаса керек. Бұл да болса, кейіпкеріміздің өнердегі өз әріптестерінің арасындағы беделі, өзіндік алып келе жатқан орны.
Ендеше, осы бір қасиет, осы бір абырой Болат бауырымызды алда да ұзақ жылдар бойы көркейте, кемелдендіре беруіне жазсын. Бүгінгі алпыс жылдық қуанышында әріптес ретінде біздің ақжарма тілек осы!

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.
Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар