Әр түрлі бағытта 164 жоба іске асырылды

Аршалы ауданының әкімі Талғат Мұханбеджанов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудандағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының іске асырылуы жөнінде есеп берді.

Ауданда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жалпы сомасы 70 миллион теңгені құрайтын 164 жоба іске асырылған. Биылғы Жастар жылы аясында «Иманжүсіп Құтпанұлы: тағдыр тағылымы» атты облыстық жас ақындар байқауы өткізіліпті. Сондай-ақ, аудан тұрғындары «Ақмола жұлдыздары» облыстық көркемөнерпаздар байқауына, «Аршалы дарыны» ғылыми жұмыстар байқауына да белсене қатысқан.
–«Рухани жаңғыру» бағдарламасы – идеологиялық маңызды стратегиялық құжат. Мұнда қоғамымыздың дамуы, ұлтымыздың қалыптасуы, салт-санамыз бен қазақстандық мәдениетті сақтау жолдары нақты айтылған. «Туған жер» арнайы бағдарламасы аясында меценаттардың қаржылай көмегінің арқасында 3 әлеуметтік нысан қайта жаңартылды. Ижевск ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жүргізілді. Барлық әлеуметтік жобаларға қолдау көрсететін меценатымыз Ибрагим Жанғоразовтың есімін ерекше атап өткім келеді. Кәсіпкер жас мамандарды қолдау мақсатымен екі көппәтерлі тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізді, – дей келе, аудан әкімі Талғат Қойбағарұлы кәсіпкер Александр Гусевтің де «Туған жер» бағдарламасын іске асыруға атсалысып, аудандағы балабақшаны күрделі жөндеуден өткізуге қаражат бөлгенін ерекше атап өтті. Брифингте «Еңбек-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін басқарып отырған меценат Бағдат Амангелдіқызының есімі де атаусыз қалмады. Ол Константиновка ауылдық округіне жедел жәрдем көлігін сатып әперіпті.
Бүгінгі таңда ауданда киелі жерлерді қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. «Сакралды география» арнайы жобасы аясында осы өңірден шыққан атақты ақын Иманжүсіп Құтпанұлының өмірін көпшілікке насихаттау мақсатында шаралар қолға алынған. Сондай-ақ, ауданда аты аңызға толы Аюлы шоқысы мен Жылантас деп аталатын киелі орындар бар. Халық аузында Күзетшітау деп есте қалған Аюлы шоқысы табиғи ескерткіші Аршалы ауданының Константинов селолық округiнiң аймағында орналасқан. Жоңғар басқыншылығы кезiнде Аюлы
шоқысы қорғаныс бекетi болған деседі. Аюлы тауында қарауылдаған күзетшi оңтүстiк-шығыс жақтан келе жатқан жауды көрiп от жағып белгi беретiн, ал ауыл тұрғындары отты көрiп үңгiрлерге тығылған екен.
Аудан әкімі Талғат Мұханбеджанов ұлттық сусынымыз қымызды насихаттауға, қазақ тілін латын графикасына көшіруге байланысты үлкен жұмыстар атқарылып жатқанын, алдағы уақытта Бұлақсай ауылында ақындар мектебін ашу жоспарланып отырғанын айтты. Сонымен қатар, бүгінгі таңда ауданда Ұлы Отан соғысының екі ардагері тұратынын, келер жылы Жеңістің 75 жылдығына орай өңірден майдан даласына аттанған жауынгерлер жайлы кітап шығару жоспарда барын тілге тиек етіп, журналистердің қойған сауалдарына жауап берді.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар