Көкшеден Тәжікстанға жол тартты

Тәжік-ауған шекарасындағы ТМД-ның сыртқы шекарасын күшейту мақсатында жеке құрамдағы атқыштар батальонының құрылғанына биыл 26 жыл толып отыр. Осыған байланысты ұйымдастырылған халықаралық автошеру Көкшетаудағы Тәуелсіздік алаңынан бастау алып, еліміздің бірқатар қалалары арқылы Тәжікстан Республикасының шекарасында мәресіне жетпекші.

Тәуелсіздік алаңында өткен салтанатты шара Ақмола облыстық полиция департаменті бөлімшесінің, Көкшетау техникалық институты және №5510 әскери бөлімінің сарбаздары мен курсанттарының сап түзеуімен басталды. Шарада Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова, «Тәжік-ауған шекарасындағы әскери қақтығыстарға қатысушылардың» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұрат Мұхамеджанов, «Санги-Кабуд» тәжік ұлттық-мәдени орталығының төрағасы Умар Шоназаров, «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің қауымдастығы» қоғамдық ұйымының төрағасы Дуанбай Ыбырай және Тәжікстан аумағында көз жұмған қазақстандық жауынгердің анасы Жанат Бекебаева сөз алып, тарихи датаның маңызына тоқталды.
Қала әкімінің орынбасары өз сөзінде қазақстандық батальонның бейбітшілік орнатудағы миссиясына тоқталды. Сондай-ақ, патриоттық автожарысты ұйымдастыруда сол соғыс қимылына қатысқан ардагерлер ұйытқы болғанын атап өтті.
Сонау 1988 жылы Ауған соғысы аяқталып, ол жерден Кеңес әскерлері шығарылды. Кейін одақы ыдыраған кезде Тәжікстан шекарасы ашық қалып, елде азамат соғысы басталды. Ауған содырлары шекара арқылы Тәжікстан еліне есірткі мен қару-жарақ тасымалдады. Шекара бұзған қарулы топтарға тосқауыл қою мақсатында 1993-2001 жылдар аралығында бітімгершілік операциясы жүргізіліп, қақтығыс аймағында 35 қазақстандық сарбаз қаза тапты.
– Шара Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған. Автожарыс Көкшетаудан бастау алып, еліміздің бірқатар қалалары арқылы тәжік-ауған шекарасында мәресіне жетеді. Көпке мәлім халықаралық келісімдерге сәйкес, еліміздің 1993 жылғы 15 сәуірдегі қаулысы бойынша қазақстандық жауынгерлер тәжік-ауған шекарасына міндетін өтеуге барды. Олардың арасынан қаза тапқан азаматтар да болды. Үкімет тапсырмасын орындау жолында жанын қиған біздің сол ерлеріміздің есімі ел есінде мәңгі сақталады, – деді Мұрат Мұхамеджанов.
Ал, «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің қауымдастығы» қоғамдық ұйымының төрағасы Дуанбай Ыбырай тәжік-ауған шекарасында әскери борышын өтеген жауынгерлердің әрбір ізгі істері ұрпаққа үлгі екенін атап өтті. Олардан өнеге алып, болашақта елін, жерін, Отанын қорғайтын жастарды тәрбиелеу мәселесіне назар аударды.
Бұдан әрі тәуелсіздік алаңымен жүріп өткен халықаралық автожарысқа қатысушылар Нұр-Сұлтан қаласына аттанды.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар