Мақсатты істер нәтиже бере бастады

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жақсы ауданының әкімі Бауыржан Мәлғаждаров журналистерге ауданда «Рухани жаңғыру» бағдарламасының іске асырылуы жайында айтып берді.

Бағдарламаны іске асыру үшін ауданда 2019-2020 жылдарға арналған түрлі форматтағы шараларды қамтитын жос-
пар бекітілген. Сондай-ақ, бағдарламаны жүзеге асыру бойынша арнайы жұмыс тобы құрылып, жыл басынан бері 87 іс-шара өткізіліпті. Солардың бірі «Прагматизм» бағыты аясында өткен аудан жастарының «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Айдие Айдарбековпен кездесуі. Ал, жеке кәсіпкер Ж.Айтілеуов мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мерекелік шара ұйымдастырыпты.
–«Ұлттық бірегейлікті сақтау» бағыты бойынша алдағы қыркүйекте Жаңа-Қима ауылдық мәдениет үйінің базасында «Ата-баба дәстүрі» атты орталық ашқалы отырмыз. Жуырда осы мәдениет үйінде домбыра үйірмесі өз жұмысын бастады. Отбасылық құндылықтарды, халқымыздың салт-дәстүрін, өнерін насихаттау мақсатында көптеген шаралар қолға алынуда. Мәселен, «Мерейлі отбасы» аудандық байқауының мәліметтер базасы құрылды. Бүгінгі таңда оған өнегелі, көп балалы он отбасы енгізіліп отыр, – деді аудан әкімі Бауыржан Мәлғаждаров.
«Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру аясында және де аудан орталығының 80 жылдығы қарсаңында «Әнші ауыл» аудандық әндер фестивалі бастау алыпты. Жергілікті басылым беттерінде латын әліпбиіне байланысты мақалалар жарық көріп тұрады. Облысымызда алғашқылардың бірі болып «Рухани жаңғыру» кабинеттерін ашқан да Жақсы ауданы екенін атап өткен жөн.
1993 жылы тұрғызылған Баубек батырдың кесенесі бүгінгі таңда ауданның ғана емес, еліміздің жалпыхалықтық маңызы бар киелі орындарының бірі саналады. Айта кетейік, Баубек батыр – Кенесары Қасымұлының әскері қатарында талай қырғын соғысты басынан өткерген, кейіннен өзімен аталас туыс-туғандарын жартылай болса да отырықшылыққа бейімдеген белгілі тұлға. Өткен жылы кесененің тұрғызылғанына 25 жыл толуына орай ауқымды шаралар ұйымдастырылып, «Жақсының жақсысы Бау-
бек батыр» атты кітаптың тұсауы кесілген еді. Өңірлік маңызы бар киелі нысандардың тізіміне «Қылышбай әулие» мазары мен Терісаққан ауылындағы «Қос бейіт» кесенесі де еніп отыр. Олардың барлығына QR-кодтар орналастырылған.
–Үстіміздегі жылы Терісаққан ауылдық мектебіндегі Баубек батырдың музейін «Золотая Нива» серіктестігінің директоры Б.Әубәкіров өз қаржысына күрделі жөндеуден өткізді. Ал, «Агрофирма TNK» компаниясы Киевский ауылындағы Василий Рагузов атындағы музейді толық қалпына келтірді. Кәсіпкерлердің ауылдарды көркейтуге үлес қосып жатқаны қуанарлық жайт. Осы сәтті пайдалана отырып, баршаңызды 23 тамызда ауданымызда алғаш рет өтетін «Ақ бидай» облыстық жазғы спартакидасына және аудан орталығы Жақсы ауылының 80 жылдығына арналған мерекелік шараларға қатысуға шақырамын, – деген аудан әкімі БАҚ өкілдерінің қойған сауалдарына жауап берді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Суретті түсірген Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар