Татулық – басты құндылық

Ақмола облысы бойынша мұғалімдердің біліктілігін жетілдіру институтында «Мемлекеттік этносаясат: «Қазақстан – 2050»  Стратегиясын  жүзеге асыру аясындағы міндеттер, әдістеме, технологиялар» тақырыбында аймақтық семинар-тренинг болып өтті. Оның жұмысына Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Леонид Прокопенко қатысып, сөз сөйледі.

Шараны Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Орталық Азия өңіріндегі  этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығы «Ф.Эберт» қорының және «Қоғамдық пікір» зерттеу институтының, сондай-ақ, «Көкше» академиясының Бейбітшілік, шиеленіс және медиация институтының қолдауымен ұйымдастырды.  2050 жылға дейінгі ел дамуының стратегиясы аясындағы этносаясатты жүзеге асыруды кадрлық және ғылыми-әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылған жиында жаһандық сын-қатерлер жағдайында ел тұтастығын сақтап қалу,  бірлікті бекем етудегі  этно-мәдени бірлестіктердің рөлі, қазақстандық ұлт тұтастығын нығайтудағы мемлекеттік тілдің орны, сонымен қатар, қазақ диаспорасының көші-қон мәселесі  сөз болды.
Өзара пікір алмасу, тренингтер мен практикалық сабақтар түрінде өткен семинарды  Қазақстан Рес-публикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының жетекшісі, Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық кеңес төрайымы, әлеуметтану ғылымдарының докторы, Айгүл Сәдуақасова ашып, жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде бұл этносаясат бағытындағы биылға жоспарланған семинарлардың соңғысы екені мен оған өз өңірімізден басқа, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының осы бағытта жұмыс жүргізетін мемлекеттік қызметшілерінің қатысып отырғандығын тілге тиек етті.
Бұдан кейін сөз алған Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының хатшылық меңгерушісі Мәрзият Тохаева өңірімізді мекен еткен этностардың мәдениетін, әдет-ғұрпын, тілін дамытуға және сақтауға аймақтағы 44 этно-мәдени бірлестіктің өлшеусіз үлес қосып келе жатқандығын айтты. Орталықтар басшылары мен мүшелері өздерінің күнделікті қызметінде қоғамдағы үйлесімді келісімді қалыптастыруға аянбай еңбек етіп келеді. Олардың шығармашылық қызметін ұйымдастыру үшін облыста Достық үйлері жұмыс істейді. Міне, облыс орталығындағы «Қоғамдық келісім» деген атау берілген Достық үйі жуырда Мемлекет басшысының қатысуымен ашылды. Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанынан Ғылыми-сараптамалық орталық, Мемлекеттік тілді дамыту және насихаттау орталығы, Журналистер клубы, Балалар және жастар ұйымдары ассоциациясы және Халықтық қолданбалы қолөнер шеберлерінің қауымдастығы сияқты ұйымдардың құрылуы өңір халқының татулығының нығаюына сеп болып, жастарды толерантты негізде тәрбиелеуге жол ашып отыр. Облыстық ассамблея мүшелерінің 10 жұмыс тобына мүше болуы да өңірдегі этносаралық бірліктің сақталуына мүмкіндік беруде. Жақында қоғам мен этностар арасындағы татулық мәселелерін қарастыратын «Достық» депутаттық тобы құрылды. Онда халық қалаулылары өңір азаматтарының бірлігін нығайту жолындағы түрлі бастамаларды қолға алуда.
Осы орайда, Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты  Леонид Прокопенко  елімізде бейбітшілік пен келісімнің салтанат құруының тарихын әріден алу қажеттігін тілге тиек етті. Жер аударылған талай ұлтты бауырына басқан қазақтың, тіпті, әріге барсақ, скифтердің қанында бауырмалдық қасиетінің жоғары болғанына тарихтың өзі дәлел. «Иә, бәлкім, мұндай ассамблеялар өзге елдерде де бар ғой», − деп талас айтушылар да табылып қалар. Дегенмен, ол институттардың біздегідей тиімді жұмыс істей алмай отырғанын көзіміз көріп отыр. Осы тұста ол Қырғызстанды мысалға келтірді. «Бізде Қазақстаннан бұрын пайда болған», − деп таласатын қырғыз бауырларымыздың өз ассамблеясы болғанымен, ол қоғамдық бірлестік ретінде ғана жұмыс істеп отыр. Ал, біздегі ассамблея  − ел Президентінің өзі төрағалық ететін, тұтастай ұлтаралық қатынасты үйлестіруші ұйым. Көршілерімізден тағы бір ерекшелік – оның құрамында жергілікті ұлт өкілдері, яғни, қазақтар да жетерлік.  Не десек те, Қазақстанда Назарбаев үлгісімен жасалған бұл теңдессіз институттың тәжірибесін зерттеуге ынтық елдер күн санап артуда. Бұл оның жұмысының тиімділігін көрсетсе керек.  Бірге тұрып, бір бола алмаған елдер жетерлік жаһанда.  Толеранттылықты тек тікелей аударып, «төзу»  деп түсінетін мемлекеттер де әлі баршылық. Бұл тұрғыда, оны «өзге мәдениеттерге құрметпен қарау» деген ұғыммен алмастырған қазақстандықтардың мысалы  соларға үлгі болар. Шара барысында тұжырымды ойлар айтылған басқа да мазмұнды баяндамалар оқылып, тәжірибелік тренингтер жүргізілді.  Семинар қатысушылары артынша сертификаттарға ие болды.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар