Іске сәт, ақмолалық диқандар!

Облыс диқандары үшін жыл он екі ай бойы төккен маңдай терінің жемісін көрер қарбалас шақ – егін орағы науқаны есік қағып тұр. Биыл ақмолалықтар 4,3 миллион гектар алқапқа дәнді және бұршақты дақылдар, 260,5 мың гектар жерге майлы, 178,2 мың гектар алқапқа азықтық дақылдар еккен еді. Оған қоса, 17,4 мың гектар жерге картоп, 308 мың гектар жерге көкөніс егілді. Жазда жаңбырдың негізінен болып тұруы және егістік алқаптарын күтіп-баптау жұмыстарының ойдағыдай жүргізілуі биыл да гектар берекесі көңілден шығып, жерден иіп, көктен берген алтын дәннің ысырапсыз жинап алынатынына үмітімізді еселеп отыр.

Қазір облыс аграршыларының алдында уақытпен санаспай еңбек етіп, еліміздің астық қорын толтыру міндеті тұр. Жыл сайын жерді тиімді пайдалану мақсатында облыста ауыл шаруашылығы дақылдарын себуді және жинауды анықтау жұмыстарына ғарыштық мониторинг жүргізіліп келеді. Бұның өзі егін шығымының қосымша мүмкіндіктерін қарастыру, егістік алқаптарын зиянкестерден қорғау сияқты шараларды қолдануға игі ықпалын тигізуде. Сондай-ақ, астықтың шығымдылығын арттыру үшін минералдық тыңайтқыштарды қолдануға да жете көңіл бөлінеді. Облыс диқандары биыл 1,6 миллион гектар алқапқа 25 мың тонна аммофос пен аммиак селитрасы тәрізді химиялық тыңайтқыштар енгізді. Қолданған осы шаралардың бәрі өзінің жемісін беріп, биыл ауа райының кей жерлерде құрғақ болғанына қарамастан, шаруашылықтар біршама бітік егін өсірді.
Мамандардың мәліметіне назар аударсақ, 2,8 миллион гектар алқаптағы егін жақсы жағдайда, 1,5 миллион гектар жердің егіні қанағаттанарлық дәрежеде. Егін жинауға 8,4 мыңға жуық астық комбайны тартылмақшы. Олардың 3518-і жаңа комбайндар болса, 2504 жатка, 4708 жүк автокөлігі, 7730 трактор тіркемесі науқанға қатыстырылады. Сонымен бірге, 464 механикаландырылған қырман науқанға сақадай сай тұр. Биылғы жылы облыстың ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері астық жинайтын комбайндар сатып алу бойынша біршама жұмыс жүргізгендігін атап өткен жөн. Жыл басынан бері 114 комбайн, 254 трактор сатып алынды.
Қазір бірқатар шаруашылықтар арпа мен бұршақты дестеге салып, бастыруды бастап кетті. Бүгінгі күнге дейін 123,3 мың гектар алқаптың егіні орылып, оның 75,7 мың гектары бастырылды. Гектар берекесі 10 центнерден айналуда. Сөйтіп, 80,7 мың тонна астық жиналды. Аудан әкімдіктерінің мәліметі бойынша жаппай орақ 1 қыркүйекте басталады. Олай болса, іске сәт, ақмолалық диқандар!

Ержан БЕКТҰРОВ,
Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының
бөлім басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар