Психологтарға баруды үйренбеген қазақ балгерлерді жағалайды

Жасыратыны жоқ, қазақы тәрбие қанымызға сіңгендіктен болар, күні бүгінге дейін біреу-міреу психологтың көмегіне жүгініпті дегенді естісек болғаны, оны ұят санайтынымыз бар. Қазақ психологқа барғанша балгерге барғанды жөн санайды. Бұл ащы да болса шындық.

Осының барлығы бізде әлі де психологияның кенже қалып жатқанын білдіреді.
Қалай дегенмен де, осы біз, бас ала қашатын психологтардың көмегіне жүгініп, рухани кемелденген, ауыр ойдан арылып, көп қиындықты жеңе білгендер де жоқ емес. Айт-айтпа, «басқа пәле – қызыл тілден демекші, қиындық тудыратын пәленің барлығын адамның өзі ойша тудырып, алдын ала болашағына өзі тұсау қойып алады екен. Мұны мен айтып отырған жоқпын. Бұл ойды психологтар айтады.
Әлия есімді келіншекті көптен бері танимын. Кездейсоқ таныстығымыз достыққа ұласқан. Қашан көрсең де, үнемі күліп, жадырап жүреді. Бір қамығып, көңілсіз жүргенін көрмейсің. Үш баласы бар әйел өзі автокөлік айдайды, бір компанияның белді қызметкері, сонымен қатар, өз кәсібін де дөңгелетіп отыр. Бірде, сыр бөлісе отырып, табысты болудың құпиясы туралы да сұрастырдым. Сөйтсем, ол қос бірдей мамандықтың иесі екен. Медбикелік мамандығына қоса, білікті психолог. «Табысқа жетуіме психологияның көмегі зор болды» дейді өзі. – Ғалымдардың айтуынша, адам баласының тәні жан дүниесімен тығыз байланысты екен. Эмоционалдық жай-күйіміздің әсерінен тәнімізде аурулар пайда болуы мүмкін. Бір сөзбен айтқанда бар ауру жүйке жүйесінің сыр беруіне байланысты болады екен. Бойыңызда қандай да бір сырқаттың белең алғанын байқасаңыз, міндетті түрде көңіл-күйге аса мән берген абзал. Тез арада көңіліңізді басқа арнаға бұрып, сол нәрсеге баса мән бермеуге тырысыңыз. Ең бастысы жүрекке жақын қабылдамаған абзал. Сырлас дос табу оңай емес. Бүгін дос дегенің ертең сырт айналып, ту сыртыңнан пышақ ұрса да таң қалуға болмайды. Өмір заңы осындай. Содан болар қазіргі адамдар біреуге сенуге қорқады. Осындай да, ең дұрысы психологқа бару, – дейді Әлия.
Құрбыммен болған әңгімеден кейін осы тақырыпта мақала жазуға бел будым. Көкшетаулық психолог Жұлдыз Бекахметовамен біз бұрыннан таныс болатынбыз. Ол – осы салада көп жылдан бері қызмет етіп жүрген тәжірибелі психолог. Бірнеше жылдан бері облыс орталығындағы «Шаңырақ» әлеуметтік-психологиялық және зерттеу орталығы» қоғамдық қорына жұмыс істейді. Жұлдыздың айтуынша, әлі күнге дейін біздің қоғамда психологтарға деген көзқарас дұрыс қалыптаспаған.
– Көресіз, біраз жылдардан кейін «Мен психологпын» деген жандарға тамсана қарайтын заман туады. Біздің ортада әлі де болса психологты «маман» деп есептемейтіндер кездеседі. Сенбей қарайтындар көп. Кез-келген адам өзінің қандай адам, қандай тұлға, қандай ерекшеліктер мен кемшіліктерге ие екенін толық білмейді де және бұған баса назар аудармайтыны да анық. Ал, психолог көмек сұрап келген адамды зерттеп, артықшылықтарын еселеп, кемшіліктерін жоюға бағыт береді. Қалай дегенмен де, бір атап өтерлігі қазіргі таңда бұрнағы жылдармен салыстырғанда біздің орталыққа келушілердің қатары артуда,–дейді Жұлдыз. – Осыдан он жыл бұрын келушілердің 50 пайызы дәрігерлердің жолдамасымен ғана келетін. «Демек, психологқа жүгінуіңіз керек» деген соң ғана бізді іздейтін. Қазір көрсеткіш өзгерді. Емделушілердің басым көпшілігі өз еркімен келеді, – деді ол. Психологтың сөзінше, келушілердің көбі – күйбең тіршілік түйткілінен туындаған проб-
лемалармен жүгінетін болса керек. – Соңғы кезде әсіресе, балалары тастап кеткен, не болмаса жалғыз баласы қарайласпайтын, жалғыздықтан, айырылып қалудан бойына, үрей мен қорқыныш ұялаған жандар баршылық.
Жұлдыз Бекахметова – Көкшетау қаласындағы №13 орта мектеп гимназиясында да психолог болып жұмыс істейді. Мектеп жасындағы балалардың психологиясын жақсы біледі. – Мектеп жасындағы жасөспірімдерді көбіне ата-анасы, не болмаса туған-туыстары ертіп келеді. Олардың көбі қандайда бір компьютерлік ойындардың шырмауынан шыға алмай, айналаға қызығушылығын жоғалтып алғандар. Айта кетейін, клиентке қойылатын басты шарт – көмекті өзі сұрауы керек! Ал, егерде оны біреу ертіп келсе психологқа онымен жұмыс істеу қиынға соғады,–дейді маман. Психолог «Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген қазақы пайымды да жоққа шығармайды. Дегенмен, бүгінгі жаһандану заманында ақпарат ағынынан аппақ жүректі періште баланы жамандықтан ада етіп өсіру оңай-оспақ шаруа емес. Жіті қадағалау болмаса, қатыгез қоғам ешкімді де аямайтыны анық. Отбасылы болған жас келіншектер – отбасында кездесетін қиындықтар, ене мен келіннің қарым-қатынасы, ерлі-зайыптылар арасындағы, ата-ана мен бала арасындағы түсінбеушілік сынды мәселелермен жиі келетін көрінеді. – Қазіргі ата-ана жұмысбасты. Ешкімді сөгуден аулақпыз. Заман талабы осы болды. Бірақ, қолын қалт еткен сәтте бауыр етің балаңның қалын сұрап, оған көңіл бөлуді де ұмытпау керек. Бізде осы жағы кемшін. Тағы бір назар аударатын жайт, біздің қазақы түсінігімізде «психологқа бару ұят саналады» деген ойдың қалыптасуында. Мәселен, отбасылық немесе ерлі-зайыптылар арасындағы мәселелерді көбіне ешкімге білдірмей, өзара шешеміз. Тіпті баланы кішкентай кезінен үйде болып жатқан кикілжіңді ешкімге айтпа, ұят болады деп өсіретініміз рас. Сонымен қатар, қазақ қызын сырыңды жеңгеңе айт деп үйреткен. Бұл дегеніңіз әрбір қазақ баласының жанын ұғатын жақын адамы былайша айтқанда, «дайын өз психологы» бар. Жаныңа жақын адамға шеріңді ақтарғанның еш жамандығы жоқ әрине. Алайда, тек бұл уақытша көмек. Жеңгеңіз сізге өз ақыл-кеңесін беруі мүмкін, бірақ, мұндай кеңестен өміріңізде ештеңе өзгермейді, сол қалпында қалады. Тағы бір жансақ пікір бар. Шындығында, психологтар мәселені шешпейді, шешу жолдарын көрсетеді, –дейді ол.
Біз жарнама арқылы өз қызметін ұсынған психолог мамандардың біріне хабарласып көрдік. Көкшетауда бүгінде тәжірибелі мамандар бір сеансына 5 мың теңге сұрайды екен. Әркімнің қалтасы көтере бермейтіні анық. Біз бұл сұрақты Жұлдыз ханымға да қойып көрдік. Оның пайымдауынша, психологтардың қызметі қымбат болуы тегіннен-тегін емес. «Себебі, күн сайын біліміңді арттырып отыруды қажет етеді. Ол үшін түрлі тренингтерге, біліміңді арттыратын курстарға барып отыруың керек»,–дейді ол. – Жасыратыны жоқ, мемлекет тарапынан біздерге ешқандай қолдау жоқ. Мектеп психологтарын алмағанда, барлық мемлекеттік мекемеде отыратын психологтардың жалақысы 60 мың теңгеден аспайды. Артық жүктемелері қаншама. Бізде көбі психолог жұмыс істемейді деген пкірді қуаттайды. Жалақысы мардымсыз маман қалай білімін жетілдіреді? Ол аз қаражатты қосымша білімге жұмсай ма, отбасын, бала-шағасын асырай ма? Ал, мектепте немесе кез-келген мекемеде біреу өз-өзіне қол жұмсаса, басшылық жауаптыларды іздейді де, кінәні психологтан көреді. Тағы бір ерекше екпін түсіріп айта кететін жайт, жалпы елімізде өтіп жатқан тренингтерде де, клиенттер арасында да орыс ұлтының адамдары басым. Олар бұл бағытта өздеріне жақсы көңіл бөледі. Сондықтан болар, мықты психологтарға арналған курстар, тренингтер, кітаптар – барлығы орыс тілінде,–дегенді алға тартады ол.
Р.S: Өмірдегі ең нәзік дүние ол көңіл ғой. Жан баласының жүрегін бір ауыз сөзбен мұз етіп, бір ауыз сөзбен нұрға бөлеуге болады. Адамды ой қажытады. Әсіресе, жаман ой жабысса, жаныңды жегідей жеп алға басуы-
на жол бермейтіні бар. Қазақта «Шымшық сойсаң да, қасапшы сойсын» деген бар емес пе. «Қылшығын аламын деп былшығын алғанның» кері болса ше. Психолог жан дүниенің емшісі. Олай болса, жан жарасын жазу оңай емес. Осындайда, психологқа бару ұят емес те шығар. Сіз, қалай ойлайсыз ойлы оқырман!?
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар