Ел болашағы – жастардың қолында

«Жұлдыз» балалар қоғамдық бірлестіктері республикалық одағының ұйымдастыруымен тамыздың 23-25 күндері Бурабай ауданындағы «Звездный» балалар сауықтыру орталығында қиын өмірлік жағдайда қалған жастарға қол ұшын беру мақсатымен «Жастар – болашақтың энергиясы» атты лагерь жұмыс істеді.

Шара Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында қолға алынды. Басқарманың жастар ісі бөлімінің бас маманы Бекзат Әбішевтің айтуынша, лагерьге облысымыздың Бұланды, Целиноград және басқа да аудандарынан елуге жуық жас шақырылған.
–Үшкүндік лагерь 14 пен 18 жас аралығындағы қиын өмірлік жағдайда қалған, еш жерде оқымайтын, не жұмыс істемейтін жас-
тарды сауықтыруға арналған. Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығынан арнайы шақырылған психолог мамандар, жас кәсіпкерлер жастармен семинар-тренингтер жүргізуде, – деді бас маман.
«Жұлдыз» балалар қоғамдық бірлестіктері республикалық одағының вице-президенті Илез Юрков «Жұлдыз» ұйымы жасөспірімдердің ісімен айналысатын органдардың есебінде тұрған кәмелетке толмағандармен бұрыннан жұмыс істеп келе жатқанын, «Жастар – болашақтың энергиясы» лагерінен жас қатысушылар пайдалы ақыл-кеңес алып, үйлеріне көтеріңкі көңіл-күймен оралатынына сенім білдірді.
Лагерьде Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің психолог маманы Виктория Викторовна жастармен әңгіме-дүкен құрып, жан дүниелерін түсінуге, психологиялық көмек беруге тырысса, жас кәсіпкер Кристина Байрамова өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісті. Бүгінде Щучинск қаласында тұратын 28 жастағы іскер бойжеткеннің косметика бұйымдарын сататын бірнеше дүкені бар екен. Кристина жастармен кездесуде қарапайым отбасынан шыққанын, небары 15 жасынан бастап жұмыс істегенін, сөйтіп, адал еңбектің арқасында ақша жинап, өз кәсібін ашқанын өте тартымды етіп әңгімелеп берді. Жастар спикерлерге сұрақтар қойып, көптеген пайдалы кеңестер алды. Лагерь аясында ұйымдастырылған спорттық шараларда да жастар белсенділік танытты. Осылайша жастарға өмірдің сан тарау жолында көмекке келіп, қолынан іс келетін аға әріптестерінің өнегесімен бойларына іскерлік қасиеттерін сіңіруге ұмтылған шара өз мақсатына жеткендей болды.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.
Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар