«Nur Otan» партиясы жемқорлықпен күресті күшейтеді

«Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалында өткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің,

сондай-ақ, партиялық бақылау комиссиясының отырыстарында Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының, «2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» партиялық бағдарламасының жүзеге асырылуы кеңінен талқыланып, бірқатар аумақтық филиалдардың партиялық бақылау комиссияларының жұмыстары сөз болды.

Алдымен, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов сөз алып, жуырда партия төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен партияның саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында алға қойылған міндеттерге тоқталып өтті.
–Партияны «қайта жүктеу» бағдарламасы талқыланады деген жоспар бар. Бұдан бөлек, Саяси кеңестің бюросына жаңа мүшелер қабылданады. Елбасы партияның мәжіліс сайлауына дайындық шараларын күшейтуді тапсырды. Сайлау Конс-
титуцияда көрсетілген мерзімде өтеді. Тұңғыш Президентіміз ел дамуының стратегиялық мақсаттарына қол жеткізу үшін партияның қоғамды жұмылдыру үдерісінде маңызды рөл атқаратынын атап өтіп, партияның белсенді мүшелерін топтастыру, жемқорлықпен күресті күшейту және партиядан лайықты емес мүшелерді шығару үшін шаралар қабылдауды, барлық деңгейде партия органдарының әлеуетін мейлінше жүзеге асыруды, биліктің барлық деңгейінде партиялық жауапкершілікті арттыруды тапсырды, – деді Ғалым Бекмағамбетов.
«Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысында Степногорск қаласында білім, денсаулық сақтау саласында Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының, «2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» партиялық бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы бірқатар баяндамалар тыңдалды.
«Nur Otan» партиясы Степногорск қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Зүлфия Хабибуллина партия филиалы жанында сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңес, сонымен қатар қалалық әкімдік жанында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссия жұмыс істейтінін айтты. Олардың басты мақсаты мемлекеттің жемқорлықпен күрес бағытындағы құқықтық саясатын жүргізу, еліміздің жемқорлыққа қарсы заңнамасын насихаттау болып табылады. Комиссия отырыстары тоқсан сайын өтіп тұрады. Мәселен, үстіміздегі жылы депутаттық фракцияның отырысында қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, білім, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің басшылары жемқорлықтың алдын алу мақсатында атқарылып жатқан шаралар жөнінде есеп берген. Үстіміздегі жылдың шілде айында партияның екі мүшесі жемқорлық әрекеттері үшін партия қатарынан шығарылған. Олар – Степногорск қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Михаил Кузнецов пен осы мекеменің қызметкері Людмила Левченко. Жалпы 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында бастауыш партия ұйымдарының жиналысында партия қатарынан 72 адам шығарылыпты.
Степногорск қалалық білім бөлімінің басшысы Татьяна Семенюк балаларды балабақшаларға, мектептерге қабылдау Akomola.kz сайты арқылы жүргізілетінін, 2019 жылдың 25 тамызына дейін бірінші сыныпқа қабылдауға 1040, ал мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне қабылдауға 1627 өтініш келіп түскенін атап өтті. Мемлекеттік қызмет көрсету мерзіміне қатысты ешқандай заң бұзушылық тіркелмеген. Биыл қала мектептерінде «Адалдық» дүкендері ашылыпты.
Бұл күні қоғамдық кеңес отырысымен қатар өткен партиялық бақылау комиссиясының отырысын Ақмола облыстық мәслихатының хатшысы Әлібек Баймағамбетов ашып, жүргізіп отырды. Онда партияның бірқатар аумақтық филиалдарының партиялық бақылау комиссияларының жұмыстары сөз болды.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Суретті түсірген
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар