Ұлытау – ұлтымыздың алтын бесігі, тағылымды тарихымыздың куәсі

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысына сапарының келесі күні Ұлытау ауданы жерінде

Мәдениет және спорт министрлігі, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» АҚ, Қарағанды облысы әкімдігі ұйымдастырған «Ұлытау-2019» халықаралық туристік форумына қатысып, аталған шара аясында биыл екінші рет ұйымдастырылып отырған халықаралық «Jeskiik» музыка фестивалінің ашылу салтанатын тамашалады. Газетіміздің бүгінгі санында Мемлекет басшысының осы форумда сөйлеген сөзі жарияланып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ұлытау – 2019» халықаралық туристік форумында сөйлеген сөзі

Ұлытау, 24 тамыз, 2019 жыл

Құрметті Форумға қатысушылар!
Қасиетті Ұлытау жеріне қош келдіңіздер!
Бұл – бүкіл Қазақ елі қадір тұтатын қастерлі өлке.
Ұлытау – ұлтымыздың алтын бесігі, тағылымды тарихымыздың куәсі.
«Үш жүздің басын қосқан Ұлытауда» бабаларымыз ұлттың келешегін ойлап, бірліктің туын желбіреткен.
Қалың қауым осы киелі өлкеде ел билеген хандарды ақ киізге көтеріп, таққа отырғызған.
Сондықтан біз Ұлытау жеріне хан ордасы, қазақ жерінің кіндігі деп, ерекше құрметпен қараймыз!
Қасиетті мекеннің қадір-қасиетін барша әлемге танымал ғұламалар да мойындаған. Бұған әйгілі Геродоттың жазбалары дәлел.
Ұлытау топырағы – алып тұлғалардың рухы тоғысқан жері.
Халық бұл жерге Жошы хан, Алаша хан, Домбауыл кесенелерін, Хан ордасы мен Әулиетаудай киелі орындарды көру үшін келеді.
«Азияның арыстаны» атанған атақты Ақсақ Темір де осы өңірге ат шалдырған.
Ұлытау аңыздарында ұлттың ұйысуы, жұрттың жұмылуы айқын көрініс тапқан. Тірлігінде егескен, топырағы теңескен батырлар туралы әңгімелер осы мақсаттан туған.
Бір-бірін дауға қиса да, жауға қимаған халқымыз береке-бірлікті бәрінен жоғары қойған.
Бабалардан қалған салт-дәстүрлерді бүгінгі ұрпақ лайықты жалғастыруы тиіс. Елбасымыз осыдан бес жыл бұрын Ұлытау төрінде арнайы сұхбат беріп, қасиетті мекеннің мән-маңызын ерекше атап көрсеткенін білесіздер.
Сол себепті біз бүгін киелі өлкеге тағзым етіп, оның келешегі жөнінде ой бөлісу үшін Ұлытау жерінде бас қосып отырмыз.
Тарихы терең Ұлытаудың қадір-қасиетін бағалай білу – баршамызға ортақ парыз. Бүгінде атқарылған жұмыс аз емес.
«Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи мұражай қорығы ел игілігіне айналды. Ұлытау ауданының орталығында Қазақ хандарының аллеясы бой көтерді.
Енді еліміздің осындай баға жетпес бай мұрасын өзге жұртқа танытудың жаңаша жолдарын ойластыруымыз керек.
Мысалы, Моңғолия Шыңғыс хан тұлғасын халықаралық туризмді дамыту үшін өте тиімді пайдаланып отыр.
Ал, ұлы ханның үлкен ұлы – Жошының мазары қазақ жерінде тұрғанын бүгінде еліміздегі және шетелдегі жұртшылықтың көбі біле бермейді.
Ата-бабалардың аманатына адал болу – бізге сын.
Сондықтан біз Алтын орданың негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтауды міндетті түрде қолға алуымыз қажет.
Оның тарихи тұлғасына әлемнің назарын аударып, кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру – өте маңызды міндет.
Ұлытау – халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризмнің орталығы болуы тиіс.
Бұл жұмыстар Алтын орданың 750 жылдығын мерекелеу аясында басталуы қажет. Ашығын айту керек, қазіргі отандық туризм индустриясы – кенже қалып келе жатқан сала.
Жыл сайын қыруар қаражат салсақ та, бұл сала толыққанды дамымай отыр.
Ал, Қазақстанның барлық өңірінде туризм аймағы болуға лайықты киелі орындар жеткілікті.
Түркістан мен Отырар, Сауран мен Сығанақ, Шерқала мен Оғыланды, Берел мен Марқакөл, Баянауыл мен Қарқаралы, Шарын мен Көлсай барша жұрттың құндылығына айналуы тиіс. Қорқыт ата, Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи, Бекет ата, Бәйдібек би, Бегім ана, Қабанбай батыр, Райымбек батыр, Мәшһүр Жүсіп, хакім Абай, тағы басқа көптеген дара тұлғаларымыздың есімдерін туризм арқылы кеңінен насихаттау – бүгінгі, яғни, біздің заманымыздың талабы.
Біз, қазақ халқы, ұлы тарихи тұлғалардың ізбасар ұрпағы екенімізді ешқашан ұмытпауымыз қажет.
Ата-бабаларымыздың рухын туризмнің озық үлгілері арқылы дәріптеуіміз керек. Сондықтан еліміздегі туризм саласының қазіргі ахуалын түбегейлі өзгертетін уақыт келді.
Бұл жұмыстарды Ұлытаудай қасиетті жерлерден бастауымыз қажет.
Құрметті форумға қатысушылар!
Қазақстан көне өркениеттер мен ірі көлік жолдарының қиылысында орналасқан. Еліміз сан ғасырлардан бері Еуразия жеріндегі аса маңызды мəдени-тарихи жəне рухани орталықтардың бірі болып келеді.
Қазақ даласында киелі, қасиетті жерлер өте көп. Солардың бірегейі – Ұлытау. Бұл – еліміздің алтын бесігі, халқымыздың ынтымақ-бірлігі мен тəуелсіздігінің символы.
Бүгінде осы киелі тарихи мекеннің туристік əлеуетін арттыру – маңызды міндеттердің бірі.
Қазіргі таңда шетелдік меймандарды бес жұлдызды қонақ үйлер мен курорттар емес, түрлі халықтардың мəдениеті, салт-дəстүрлері, тарихы ерекше қызықтырады.
Сондықтан əлемде өзіндік ерек-шелігі бар жерлерге баруға, тарихи фестивальдарға қатысуға жəне аса маңызды оқиға орындарын қайта жаңғыртуға деген сұраныс артып отыр.
Біз осындай мүмкіндіктерді тиімді пайдалануымыз керек. Себебі қазақ даласында дүние жүзі жұртшылығына көрсетуге лайықты жерлер жеткілікті.
Келешекте Қазақстан шетелдік жəне отандық туристер үшін аса тартымды аймаққа, сондай-ақ əлемдік этнотуризм орталықтарының біріне айналуы мүмкін.
Осы мақсатпен біз арнайы мемле-кеттік бағдарлама қабылдадық. Бұл бағдарламаның толық іске асырылуы ІЖӨ-дегі туризмнің үлесін 8%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Сырттан келетін туристердің саны 9 миллионға, ал ішкі туристердің саны 8 миллионға дейін өсуі тиіс. Осы салада жұмыс істейтін адамдардың санын 650 мыңға жеткізу қажет.
Алайда турасын айту керек, туризм – өте күрделі сала. Осы салада еңбек ете алатын, білікті, арнайы мамандар даярлау қажет. Ең алдымен, осы мақсатты жүзеге асыру үшін біз Туризм университетін ашу жөнінде шешім қабылдадық.
Еліміздегі туризм бизнесін өркендету үшін жүйелі əрі нақты шаралар қабылдау қажет.
Құрметті ханымдар мен мырзалар!
Қазақстан жері мəдени мұралардан кенде емес. Еуразияның жүрегі сана-латын еліміз көне өркениеттер мен сауда жолдарының тоғысқан жерінде тұр. Ұлан-байтақ даламыз Шығыс пен Батыстан, Оңтүстік пен Солтүстіктен келген сан алуан халықтардың экономикалық, əлеуметтік жəне мəдени қарым-қатынас жасайтын орталығы болды. Бүгін біз баршамыз киелі Сарыарқа жерінде, Əулиетауда бас қосып отыр-мыз. Сіздер Жошы хан жəне Алаша хан кесенелеріне, Хан ордасы мен Əулиетау сынды көне жерлерімізді көріп, тарихымыздың тереңіне бойла-дыңыздар. Бұл форумның негізгі мақсаты – еліміздегі туризмнің қарқынды дамуы-на жағдай жасап, əлемнің түкпір-түкпірінен келетін меймандардың қазақ жеріне деген ерекше қызығушылығын ояту. Отандық туризмнің дамуына жаңа серпін қажет. Сондықтан осы форумға қатысу үшін арнайы келген шетелдік қонақтарымыздың белсенді қолдауы біз үшін өте маңызды. Қазақстанның бай тарихи мұрасын күллі əлемге танытуға сіздердің мол тəжірибелеріңіз оң ықпал етеді деп сенеміз. Бұдан бөлек, дəл осындай өзара белсенді іс-қимылдар біздің мемлекеттеріміздің арасындағы байла-ныстарды нығайтып халықтарымыздың жаһандық тарихи мұраларға деген құрметін арттыра түсетіні сөзсіз.
Қадірлі қауым!
Отандық туризмді өркендету үшін мынадай бағыттар бойынша жұмыс жүргізу қажет.
Бірінші. Ұлытау аймағы міндетті түрде Қазақстанның туристер тарту картасының алдыңғы қатарында болуы тиіс. Бұрын жобаланған «Ұлытау» ұлттық табиғи паркін құру мәселесін жүзеге асыру керек.
Биыл мұнда туристер үшін арнайы орталық ашылуы тиіс.
Бұл үшін облыс әкімдігі Үкіметпен бірлесіп, қазіргі көлік-логистикалық инфрақұрылымды қажетті тәртіпке келтіруі керек.
Өңір туризм әрі демалыс аймағына айналуы үшін жолдардың сапасын жақсарту қажет. Жезқазған – Бейнеу, Арқалық – Шұбаркөл теміржолдарының іске қосылуы – Ұлытау үшін өте маңызды.
Теміржолмен қатар автожолдардың жағдайына көңіл бөлінгені өте қажет.
Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Нұр-Сұлтан қалалары арасындағы жолдарды жедел ретке келтіру керек.
Сонымен бірге Арқалық – Ұлытау автожолының ахуалы күн тәртібінен түспеуі тиіс.
Екінші. Озық инновациялық шаралар арқылы Қазақстанның туристік əлеуеті туралы ақпараттың қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Мəдениет жəне спорт министрлігі, Цифрлық даму, инновациялар жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрлігі туристерге Қазақстан туралы ақпараттар, соның ішінде Ұлытау мен өзге де тарихи жерлер жөнінде қажетті мəліметтер ұсынатын арнайы қосымша немесе платформа əзірлеуі тиіс.
Үшінші. Туризм индустриясының мультипликативті əсерін ескере оты-рып, қонақ үйлерін, тамақтану орын-дарын жəне Қазақстанның барлық аймақтарында демалыс орталықтарын салу үшін кəсіпкерлерді тарту қажет. Бұл бағытта «Атамекен» Ұлттық кəсіпкерлер палатасының мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану керек.
Төртінші. Ұлытау туристік мекенге, демалыс аймағына әрі ұлы бабаларға тағзым ету орталығына айналуы тиіс.
Бұл өңірге қазақ тарихының символы болатын ескерткіш-ансамбль орнату қажет. Қасиетті Ұлытау – ұлтты ұйыстырудың, елді біріктірудің негізі.
Бұл бастамалар халқымыздың ұлттық бірегейлігін нығайта түсуге оң ықпал етеді деп сенемін.
Ұлытаудың тарихы мен тағылымын жастар тәрбиесі мен отаншылдықты, ішкі туризмді дамытуға пайдалану керек.
Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы – дәл осындай халықтық жобалардың қайнар көзі. Сондықтан ұлы тарихтың куәсі – Ұлытау ұдайы мемлекет назарында болады.
Заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев бұл киелі мекен «Тауының биіктігінен немесе суының молдығынан емес, ұлы қауымның бас қосқан жері болған соң Ұлытау деп аталған» дейді.
Сондықтан, ұлттың ұясы, бірліктің бесігі – Ұлытауды ұлықтау – бәріміздің ортақ міндетіміз.
Баршаңызға табыс тілеймін!

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар