Конституция күніне арналды

Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабында мемлекеттің ең қымбат қазынасы адам және адамның өмірі деп атап көрсетілген.Ата Заңымызға сәйкес әркімнің тынығу құқығы бар. Біздің елімізде осы кепілдікті өмір бойы қоғам үшін жұмыс істеп, мемлекетке еңбегі сіңген ардагерлеріміз де пайдаланып келеді.

Көкшетау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыру және аға ұрпақ проблемаларын шешу» жобасы бойынша «Болашақ біздің қолымызда» корпоративтік қоры мен Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесі Конституция күні құрметіне көкшетаулық ардагерлер арасында 7 – 15 тамызда шахмат пен дойбыдан турнир өткізді.
Көкшетаулық қариялардың жыл он екі ай бойы бос уақыттарын қалт жібермей «Ардагер» клубына келіп, шахмат-дойбы ойнағандарына міне, он бес жылдың жүзі болыпты. Зейнеткерлер үшін қалалық ардагерлер кеңесінің есігі күн сайын 14.00-ден 20.00 сағатқа дейін ашық. Өзара бәсекеге түсіп, шеберліктерін шыңдаумен бірге, олар қалалық, облыстық денгейдегі жарыстарға да қатысып, бақ сынауда. Мәселен, Көкшетау және Петропавл қалалық ардагерлер кеңестерінің бастамасымен екі жолдастық кездесу өткізіліп, біздің спортшыларымыз екеуінде де айқын басымдықпен жеңіске жетті.
Жалпы, спорттың көне түрлері – шахмат пен дойбы ойнауға біздің ардагерлеріміздей ерекше ықылас білдірушілер некен-саяқ шығар. Осы орайда «Ардагер» шахмат-дойбы клубын қаламыздың брендісі десе болғандай. Ал, клубты құруға бірден-бір ұйтқы болып, күні бүгінге дейін оған жанашырлықпен жетекшілік етіп келе жатқан спорт шеберлігіне кандидат Тельман Мұқышев былай дейді: «ҚазПИ-де, кейін Алматы жоғарғы партия мектебінде оқып жүргенде шахматтан бір сәтте қол үзбей, оқу орнының намысын қорғадым. Спорттың осы түріне деген әуестіктің өмірімнің мәніне айналғаны соншалықты, шаршы тақтаны қызметте де, үйде де, тіпті санаторийге демалысқа барғанда да тастамайтын болдым. Зейнеткерлікке шыққан соң, өзім сияқты ардагерлердің басын қосып, шахмат-дойбы клубын ашуды мақсат еттім».
Жарыстың өту деңгейіне келетін болсақ, оған қатысқан он төрт үміткердің бәрі де жеңіске деген құштарлық танытты. Бас төреші Қанат Досқожиннің айтуына қарағанда, бір сағаттық регламентке сәйкес он үш тур ойналды. Сөйтіп, айналмалы жүйе бойынша әр үміткер бір-бірімен ойнау мүмкіндігіне ие болды. Ал, турнир жеңімпазы ұпай саны бойынша анықталды. №16 орта мектептің 6 класс оқушылары Абай Әлішер мен Арыстанова Ламисаның шаршы тақтаның хас шеберлерінен тайсалмастан, бәскеге түсуі құптарлық жай.
Конституция күніне арналған шахмат турнирінде спорт шеберлігіне кандидаттар Сәкен Тәңірқұлов, Тельман Мұқышев пен бірінші разрядты ойыншы Сайлау Көшкенұлының бағы жанып, жүлделі алғашқы үш орынды бөлісті. Ал, «Өрлеу кубогы», «Жеңіске құштарлық», «Колесо фортуны», «Үздік ойын үшін» аталымдары бойынша Абай Әлішер, Сәбит Убышев, Абай Қабдулинов пен Уәлиден Ильясов арнайы сыйлыққа ие болды. Дойбышылар арасындағы турнирдің қорытындысы бойынша бірінші орын Сайлау Көшкенұлына бұйырса, екінші-үшінші орындарды Тельман Мұқышев пен Тасжан Тайлақов бөлісті.
Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев пен «Болашақ біздің қолымызда» корпоративтік қорының атқарушы директоры Жанат Жақыпов жеңімпаздарды дипломдармен, грамоталармен, ақшалай сыйлықтармен марапаттап, алдағы уақытта да зейнеткерлердің демалысын мәнді өткізуге ұдайы қамқорлық жасалатындығын атап көрсетті. Шахмат-дойбы турниріне қатысушылар құрметіне «Ақбұлақ» клубы әннен шашу шашты.

Балталы Сәрсенбаев,
журналистика ардагері.

Суретте: Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінде жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау сәті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар