Ұлттық құндылықтарға бет бұрған өлке

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Сандықтау ауданының әкімі Асқарбек Үйсімбаев ауданда «Рухани жаңғыру» бағдарламасының іске асырылуы жөнінде баяндап, журналистерді қызықтырған сауалдарға жауап берді.

2019 жылы ауданда шаруашылық субъектілердің қаржысы есебінен 12 әлеуметтік жоба жүзеге асырылған. Олардың жалпы сомасы 213 миллион 500 мың теңгені құрайды.
–Жуырда ғана ауданымызға қарасты Мәдениет ауылының 90 жылдығы атап өтіліп, бұл шараға бұрнағы жылдары шет мемлекеттерге қоныс аударған ауылдың бұрынғы тұрғындары да келді. Адам баласының кіндік қаны тамған туған жерінен ажырап кете алмайтынының бір көрінісі осы. Салтанатты шарада өңіріміздің дамуына үлес қосқан азаматтарды марапаттадық. Бұл күні «Мәдениет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Дүйсенбай Қожасұлының қаржылай қолдауының арқасында спорттық алаң ашылды. «Ұлы даланың ұлы есімдері» арнайы жобасын іске асыру мақсатында өзіміздің жерлес ақынымыз, Жыланды ауылының тумасы Еркеш Ибраһимнің шығармашылығына арналған «Еркеш – елдің еркесі» атты әдеби-тақырыптық форумы ұйымдастырылды. Ұлттық домбыра күніне орай домбырашыларымыз жерлес композитор Манарбек Бексейітовтің «Көкшетау маршы» күйін орындады, – деді аудан әкімі Асқарбек Үйсімбаев.
Ауданда «Қазақстанның сакралды географиясы» арнайы жобасы іске асуда. Новоникольск селолық округінің аумағында Кенесары хан бастаған «Ұлт-азаттық көтерілісіне» қатысқан Шамай батырдың зираты орналасқан. Шамай батырға құлпытас орнатылып, ғалымдардың қатысуымен ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылыпты. Батырлардың есімін жас ұрпақтың есінде мәңгі қалдыру мақсатында «Жерін қорғаған батырлар» кітабы жарық көрген. Археологиялық зерттеулердің нәтижесінде сандықтаулықтарға Кенжебай Ақпанұлы есімді тағы бір батыр бабаларының есімі белгілі болды. Ол кісі Кенесары мен Наурызбай батырлардың жасағында жауынгерлік ұрыстарға қатысқан деседі. Кенжебай батырдың жерленген жері де осы Новоникольск селолық округіне жақын маңда. Бүгінде бұл жер тұрғындар үшін киелі орынға айналғаны, барлық киелі нысандарда QR-кодтар орнатылғаны аудан әкімінің сөзінде атап өтілді. Сонымен қатар, ауданда қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, жас ұрпақты отансүйгіштікке баулу мақсатында бірқатар шаралар қолға алынып жатқаны да брифингте кеңінен айтылды. Жаңа оқу жылында Балкашино орта мектебінде заманауи құралдармен жабдықталған робототехника кабинеті іске қосылмақшы.
–Әр өңірдің өзінің табысты адамдары болады. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына ауданымыздан кәсіпкерлік саласында біраз жетістіктерге жеткен, жас ұрпаққа үлгі бола алатын 10 жерлесіміздің есімдері енді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басты мақсаты сананы жаңғырту, жас ұрпақты ұлттық құндылықтарға баулу болғандықтан, осы бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастыратын боламыз, – деді аудан әкімі.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар