Мемлекеттік маңызды міндеттерді шешуде қоғамдық ұйымдардың рөлі зор

Үкіметтік емес ұйымның жұмысымен айналысып келе жатқаныма жиырма жылдан асты. Тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға, әлеуметтік мәселелерді шешуге  байланысты көптеген жобаларды жүргіздік. Осы ретте айтқым келетіні, елімізде азаматтық қоғам құру мәселесі бұрыннан айтылып келе жатқанымен, үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеуден қашқақтайтын, бізді ұйым ретінде, салмақты серіктес ретінде мойындағысы келмейтін мемлекеттік мекемелер әлі де бар.  

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтқан «белсенді азаматтық қоғам құру үшін үкіметтік емес ұйымдардың беделін арттыру қажет» деген сөзі ведомстволардың үкіметтік емес ұйымдарға деген көзқарасын өзгертеді деген ойдамын. Өйткені, Мемлекет басшысы Үкіметке жақын арада Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеп, қабылдауды тапсырды.
Мемлекеттік мекемелердің болсын, қоғамдық ұйымдардың болсын, бәрінің де илегені бір терінің пұшпағы, яғни халықтың әл-ауқатын арттыру, мемлекеттің жүргізіп отырған саясатын халыққа жеткізу болып табылады. Тұрғындармен кері байланыс орнату керектігін Президент Жолдауда өте жақсы атап өтті. Қоғамдық диалог,   ашықтық, азаматтардың мұң-мұқтажына дер кезінде елең ету – мемлекеттік органдар қызметінің басым бағыттары болуы тиіс. Шынымен де, кейде шенеуніктерден ешқандай көмек болмағасын, тұрғындар Президентке өтініш айтып жатады. Алдағы уақытта мұндай олқылықтарды болдырмау үшін мемлекеттік қызметке тек білікті  кадрларды ғана қабылдау қажет деген Президент пікірімен толық келісемін. Мемлекеттік органдар көрмейтін біраз әлеуметтік проблемалармен қоғамдық ұйымдар айналысуда. Үкіметтік емес ұйымдар халыққа әлдеқайда жақын, қолжетімді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтық қоғамды қолдап, нығайтуды, оны жалпы мемлекеттік маңызы бар міндеттерді талқылауға араластыру қажеттігін баса айтты.

Жасыратыны жоқ, бүгінде мемлекеттің қаржысын қайтсем қалтама басамын деп, тек ақша үшін ғана құрылған үкіметтік емес ұйымдар да бар. Президентіміздің тарапынан бізге зор көңіл бөлініп отырғаннан кейін біз сенім үдесінен шығуға тырысуымыз керек.

Сара БАЙМАҒАМБЕТОВА,

«Sara» қоғамдық қорының төрайымы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар