Жас кәсіпкерлерге сертификат тапсырылды

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен Ақмола облыстық жастар ресурстық орталығы бірлесіп ұйымдастырған «Basta» сұхбат алаңында жас кәсіпкерлерге пайдалы кеңес айтылды.

Шараны ашып жүргізген «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының бөлім басшысы Азамат Маханәлин «Жас кәсіпкер» жобасы жөнінде айтып берді. 2017 жылы «Бастау» жобасы бойынша республикамызда 17 мың адам білім алса, «Жас кәсіпкер» жобасы 18-25 жас аралығындағы 20 мың адамды қамтымақшы. Бүгінгі таңда өздерінің адал еңбегімен белгілі бір нәтижеге қол жеткізген жастар баршылық. Солардың бірі – Алматы қаласындағы кәсіби сарбаз, панкратионнан бірнеше дүркін әлем чемпионы Ардақ Назаров. Ол өз сөзінде бұл жетістікке қалай қол жеткізгенін айтып, жастарға ақыл-кеңесін айтты.
–Ата-анаңды құрметтеп, олармен байланысты үзбеу қажет. Сондай-ақ, үлкендерді тыңдап, дұрыс жол таңдап алу керек. Өйткені, жауынмен жер, батамен ел көгереді,–дейді дана халқымыз. Білімді әрі салауатты өмір салтын ұстанатын адамдарды өмір сүрген ортасы сыйлайтыны белгілі. Ақыл білім және тәрбие арқылы адам бойына сіңеді. Ол үшін қазіргі заманғы әдеби кітаптарды көп оқу керек. Бірден ірі кәсіпкер болып кету мүмкін емес. Кәсіпкер болу үшін өз мамандығының шебері болу қажет. Табысы мол кәсіпкер қайырымды болып, әлеуметтік жағынан аз қамтылған адамдарға қолұшын созуы тиіс. Тек қана халқы үшін қызмет еткен адамдардың есімі ел есінде қалады,–деген Ардақ Назаров жастардың патриоттық тәрбиесі мен қазіргі заманғы саясат жөнінде айтып берді.
«Қалалық сүт зауыты» серіктестігінің директоры Әсен Жақсылықов өз сөзінде әкесі негізін құрған отбасылық кәсіпкерлік туралы әңгімеледі. Әсен 14 жасында кәсіпорынға келіп, жұмысшы болған екен. Кейін техникаға әуес болып, бас инженер болыпты. Барлық күш-жігерін кәсіпорынға арнаған басшы бүгінгі таңда еңбегінің жемісін көріп отыр. Зауыт сүт өнімдерінің түр-түрін шығарады. Директор өз тәжірибесімен бөлісті. Одан әрі алты бала тәрбиелеп өсіріп отырған қонақ үй басшысы Регина Закирова өзінің кәсіпкерлік жолымен бөлісті. Ол өз сөзінде кәсіпкер тек қана өзіне сеніп, өз ісінің шебері болу қажеттігін, сонда ғана оның тауарына немесе қызметіне сұраныс болатынын айтты. Шара соңында шешендер жас кәсіпкерлер қойған сауалдарға жауап беріп, салтанатты жағдайда сертификат тапсырды.

Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар