Қазақ білсін!

Тұрмыс-салт дәстүрлері

Айып төлеу. Бұл істеген қылмысы үшін қолданылатын жаза. Қазақ арасында кез-келген қылмыс міндетті түрде өзінің жазасын алып отырған. Ұрыс, барымта, малын айдап әкету, көпшілік ортасында беделін түсіру, дәстүрді, әдет-ғұрыпты өрескел бұзу, т.б. бәріне де айып төленеді. Салынған айыпты міндетті түрде төлеу керек.
Айыптың түрлері әртүрлі. Кінәлі адамдар айыбы үшін атынан не шапанынан айырылған. Аса үлкен қылмыс үшін тоғыз айып: түйеден бастап 9 мал (3 түйе, 3 жылқы, 3 сиыр), не жылқыдан бастап (3 жылқы, 3 сиыр, 3 қой) 9 мал берген. Ал ұрлық үшін аяусыз жазаланып, 3 тоғызды 3 есе не одан да көп айып салынған. Және бұдан өзге де айып түрлері болған.

Айырылысар көже. Тату тұрған көршілердің біреуі жайлауға не қыстауға көшер болса, бірін-бірі «айырылысар көжеге» шақырған. «Айырылысар көже» деген шартты түрде айтылған. Іс жүзінде мол құрмет көрсетіліп, мал сойылып, кең дастарқан жайылған. Көршілер алдағы уақытта да сыйластықтың жалғасатынына сеніммен қарап, қимастықпен қоштасқан.

Аманат. Қымбат, бағалы заттарын уақытша біреуге қалдыру – «аманат» деп аталады. Аманатты сақтау үлкен адамгершілікке жатады. «Аманатқа қиянат қылма» бұл сөз сеніп тапсырған адамға аса адалдықты, адамгершілікті сақтау керектігін білдіреді. «Аманат» рулар мен жүздер арасындағы ауызша келісім-шарт болып, үлкен сенімділікті көрсетеді. «Аманат» достықты, бірлікті, келісімге келуді танытады. Жаугершілік заманда соғысып жатқан ел өзара келісімге келіп, татуласудың белгісі ретінде бір-біріне бала берісіп, бала алысқан.

Ауызбастырық. Адамның атына кір келтіретін сықақ өлең, лайықсыз сөз, ерсі іс-әрекет әдетте көпшілік арасына тез жайылып кететіні бар. Міне, сондай жағдайда көпшілікке күлкі-мазақ болып қалмау үшін, әлгі жайттарға куә болған адамға «ауызбастырық» беріп, көрген-білгенін сыртқа таратпауға өтініш жасалады. «Ауызбастырық» ретінде ұсынылатын сыйлық құнды заттар, әшекей бұйымдар болуы мүмкін. Мұнан кейін «ауызбастырық» алған адам көрген-білгенін елге жаюға қақысы жоқ. Бұл былайша айтқанда, анттың бір түрі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар