Өнегелі отбасы – ұлт тірегі

Халықаралық Отбасы күні қарсаңында «Нұр Отан» партиясының Ақмола облыстық филиалы және «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің

ұйымдастыруымен «Достар» мәдениет сарайында көп балалы отбасылар арасында «Отбасым –байлығым» атты облыстық байқау болып өтті. Іріктеу кезеңінде байқауға қатысамын деп ниет білдірген 20 отбасы өз өнерлерін ортаға салды. Алайда, қазылар алқасының шешімімен ақтық сынға жүзден жүйрік атанған 5 отбасы ғана жолдама алды. Байқаудың жабылу салтанатында «Нұр Отан» партиясының Ақмола облыстық филиалының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов сөз сөйлеп, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар мен дипломдарды табыс етті. Ақмола облысы әкімінің орынбасары Марат Иғалиев те аталмыш өнер жарысын көрермендермен бірге тамашалап, ақтық сында өнер көрсеткен отбасыларды марапаттады.

– Ана мен баланы қорғау, көп балалы отбасылардың мәртебесін көтеру, оларға көмек көрсету әлеуметтік саясаттың аса маңызды құрамдас бөлігі болып, әрдайым мемлекет тарапынан қолдауға ие. Оған дәлел – жалпыхалықтық «Бақытты отбасы» партиялық жобасы іске қосылып, оның негізінде әлеуметтік маңызы зор істердің қолға алынғандығы. Мысалы, облыс бойынша жуырда ғана 148 көпбалалы отбасыға тұрғын үй берілді. Бүгінгі күні облыс бойынша қиын жағдайда қалған 7 мыңнан астам отбасына атаулы әлеуметтік көмек берілді. Ақмола облысы бойынша 2400 «Алтын алқа» иегері, 3600-ден артық «Күміс алқа» иегері, сондай-ақ, 6884 көп балалы ана өмір сүріп жатыр. Көп балалы ата-аналарға мемлекет тарапынан көмек беру жұмысы одан әрі жалғаса бермек», – дей келіп, Ғалым Бекмағамбетов байқауға қатысушыларға сәт сапар тілеп, жылы лебізін білдірді.
Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрпын дәріптеу арқылы отбасылық құндылықтарды насихаттау және жастардың патриоттық сезімін дамыту мақсатында өткізілген бұл байқауға қатысушылардың дені жіті дайындықпен келген. Олардың қай-қайсысы болмасын, ұлттық дәстүрді жақсы білетін, қазақтың сөз өнерін жадына тоқып өскен, ұлағатты ұл-қыз өсіріп отырған өнегелі отбасылар екендігін дәлелдей білді.
«Менің отбасым – менің байлығым!» деп аталатын кезеңде әр отбасылық топ өздерін таныстырып өтсе, «Салт-дәстүр – асыл қазынам» кезеңінде атадан балаға мұра болған көне дәстүрлерді тағы бір мәрте жаңғыртып, киелі сахнада көрерменге ұсынды. Бір атап өтерлігі, бір әулеттің ғана емес, тұтастай аудан мен қаланың абыройын асқақтатуға бел буған әр отбасының мүшелері шаңырақтың алтын қазығы қариясынан бастап, еңбектеген баласына дейін өнерден құралақан емес. Бал тілді балалардың өзі ана тіліне уызынан жарыған, ұлттық салт-дәстүрді жадына тоқыған ұл-қыздар екендігін байқатты.
Мәселен, көкшетаулық Хасеновтар отбасын өнер ұйыған шаңырақ десек артық айтпағандығымыз. Отағасы Сәрсенбай Хасенов біздің облыстық филармонияның әншісі. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, бұл отбасында қазақтың ән өнеріне ынтызар ұл-қыз жетіліп келеді екен. Әсіресе, бал тілді Айнымның әкесімен бірге орындаған атақты Үкілі Ыбырайдың «Гәкку» әні көрермендердің көңілін бір серпілтіп тастады. Күміс қоңыраудай сыңғырлаған үні бар балғын әншінің болашағына біз де үміт арттық.
Ал, Есіл ауданының абыройын асқақтатқан Бөрібаевтар отбасы да өнерден құралақан емес. Әсіресе, отағасынан бастап балғын жүректі балаларға дейін ақын Саят Әбеновтың отбасы тақырыбында жазылған өлеңдерін мәнерлеп, нақышына келтіріп, жатқа оқып беруі көрерменін толқытпай қоймады. Целиноград ауданынан келген Серікбаевтар отбасы да қазақтың ұлттық салт-дәстүрін
насихаттап жүрген жандар. Әсіресе, «Адай», «Балбырауын» күйлерін шебер орындаған жас домбырашылардың өнерін атап өтсек дейміз. Олар күй тартып жатқан кезде төрде анасы мен әкесі балаларының өнеріне сүйсініп, күй тыңдап отырғандары, сол әсем әуенге қазақтың ұлттық киімін киіп шыққан осы үйдің қос қызғалдақ қызының биі бұл сахналық көріністі тіпті түрлендіріп жіберді.
Зеренді ауданының Мәлік Ғабдуллин ауылында тұратын Пазылхан отбасы тарихи Отаны – Қазақстанға Қытай Халық Республикасынан 2010 жылы қоныс аударған. Бүгінде олар елге оралғалы ата дәстүрді жаңғыртып, ұл-қыздарына рухани асыл дүниені дәріптеп, өнегелі тәрбие беріп келеді. Отағасы Темірбек жазба ақын болса, жұбайы Кәмила оюмен ойын өрнектеген қолы епсекті шебер. Ол құрақ көрпеден бастап, тымаққа дейін тіге біледі. Олар да бұл байқауда өз өнерлерін ортаға салып, көрермен көзайымына айналды. Ал, сандықтаулық Крикуновтар отбасының мүшелері замануи билері мен әсем әндерімен ерекшеленді.
Байқауға әділқазылық еткен «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықов, облыстық іскер әйелдер ассоциациясының төрайымы Дәмелі Қойшина, көп балалы ана, кәсіпкер Ғалия Алдабергенова мен облыстық аналар кеңесінің төрайымы Зере Қиықова әр отбасының өнерін бағалап, қолдау танытты.
Тағы бір атап өтерлігі, «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалының ұйымдастыруымен залға жиналған көрермен арасында викторина ойнатылып, қазақ халқының салт-дәстүрлерінен өз білімдерін көрсеткендер арасында ұялы телефон ұтысқа қойылды. Қатысушылар арасында үздік білімімен ерекшеленген Қорғалжын ауданынан келген көп балалы ана Салтанат Шәріпова бағалы сыйлыққа ие болды.
Сонымен, байқау қорытындысы бойынша әділ қазылар алқасының шешімімен Хасеновтар отбасы жүлделі 1 орынмен марапатталса, екінші және үшінші жүлделі орындарды Есіл және Целиноград аудандарынан келген Бөрібаевтар мен Серікбаевтар отбасы өзара бөлісті. Пазылхан және Крикуновтар отбасы байқаудың арнайы жүлдесімен марапатталды. Байқауға қатысушылардың барлығына бағалы сыйлықтар мен Алғыс хаттар табыс етілді.
Әр істің белгілі бір мақсаты мен түйіні болары хақ. Осы ретте біз ең алдымен осындай ұлағатты ұл-қыз өсіріп, оларға тағылымды тәрбие беріп жатқан ата-аналарға алғыс айтуымыз керек деп есептейміз. Себебі, өнегелі отбасы – ұлт тірегі. Өңірімізде үлгі тұтар осындай өнерлі һәм тәрбиелі отбасылар көп болса дейміз!
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажары» газетінің өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар