Сексенбай әулие

Жарық сәулені іздеп, Иллоһи әлемді түсінуге талпынған, сол нұрдан сәл де болса несібе алып, халайыққа жолбасшы болған жандарды «уәли-вали» көпше түрін «әулиелер» деп айтамыз. Құран ілімдегі Иллоһий нұрды сол Иллоһи нұрдан бір кішкене де болса үлесі бар жан ғана көре алады. Яғни, Алланың ілімін халыққа таратушы, халайыққа жәрдем қолын созып, Иллоһи нұрға жетелеуші әулие. «Дос» мағынасын білдіретін «әулие» Құран кәрімде екі түрлі мағынада айтылады: 1. Амалдарын Алла тағала көріп тұратын және оны ләпсі әуресіне бола тастап кетпейтін кісі сыпатында; 2. Аллаға ибадатпен және тағатпен араға бір бөтен сөз, болмаса бір бөтен амал кіргізілмеген кісі деп түсіну керек.

Даңқойдың әулиесі атанған Малгелді баласы Сексенбай 1810 жылы Көкшетаудағы үлкен Шабақты көлінің жағасында Әнекең ауылында туған. 1818 жылы керуеншілермен әуелде Бұхараға, одан соң Меккеге барып ілім қуған. Қажылыққа жеті рет барған Жанбатыр қажының «Вафият әл-аслаф вә тахият фи ахвали Көкшетауи вә Омский» («Көкшетау және Омбы туралы пайдалы істер жинағы») еңбегі кейінгі ұрпаққа елеулі мұраның бірі. Жанбатыр қажының Сексенбай әулие туралы мынадай аса құнды жазба деректері сақталған: «Атығай Даңқой табынан, Малгелді баласы Сексенбай Ташкенттен бара жатқан бір саудагерге еріп, Меккеге кеткен. Барған бетінде Меккедегі сарт махалласына кіріп, қазақ қажыларына сушы қолбала болыпты. Мекке-Мәдина шәріпте оқып тұрыпты, ақидаға зейіні зор адам болған. Қасиетті киесі қонып, әрқашан бірге жүріп отырыпты. Тариқатты жары еткен. Өмірінің 40 жылын Меккедегі оқуға арнады. Халық арасында Даңқойдың әулиесі аталған Сексенбай милади 1854 жылы елге келіп, Тілепұлы Ақылбайдың мешітінде имам қызметін атқарыпты. Марқұм фәниден кеткенше Көкшетау болысындағы Нығметжан-Тәшен байлардың ауылында тұрып өмір сүрген. Қабірі Тоқбайдың төңірегінде, өз жайлауында көмілді. Алла рахметіне ғарық болсын!»
Сексенбай туған елінен алыста болса да, киелі жерде кездес-
кен қандастарына барынша қол ұшын беріп, жәрдем жасап жүреді. Елден хабар келіп, халқы ауыр күй кешіп, Кенесары ханның қозғалысына қатысты қуғындауға түсіп жатқанын естіп, 1854 жылы туған еліне оралады. 1857 жылы Сексенбай Көкшетау болысына «Дело о причислении шалаказахов на положение казахов волостей Кокшетауского внешнего округа» құжаты арқылы тіркеліп, 1858 жылы Қазан губерниясынан келген ноғай Хабибуллаұлы Ғабайдулланың орнына «младший указной мулла Кокчетавской соборной мечети» деген лауазымға ие болыпты.
1892 жылы Ресей императорының бұйрығымен Көкшетау өңіріне миссионерлік істі күшейтіп, қазақтарды православиеге мәжбүрлеу үшін шіркеу салып, тіпті Библия-
ны қазақшаға аударып, крест таратыпты. Қазақ балаларын шоқындыру мақсатында орыс-қазақ мектебін ашады. Сол тұста Науан хазірет шоқындыруға қарсы қызу күрес ұйымдастырды. Соның нәтижесінде Малгелдіұлы Сексенбай 1892-1903 жылдарда «Көкшетау болысының қоғамға қауіпті адамдар» тізіміне енгізіледі. Ақмола ішкі істер басқармасы тыңшыларының хабарлауынша, Бұхара әмірлігімен де, Осман империясымен де «күдікті адамдар» арқылы байланысты деп бақылау жүргізіп отырады. Осы жағдайларға байланысты Науан хазірет, Жанбатыр, Бабаназар, Сексенбай, Нығметжан, Тәшен, Шәймерден 1892 жылдан бастап халықтың ұлттық және діни дәстүрлерін қорғауға және сақтауға бар күш-жігерін салды.
Думаның депутаты болған Ш.Қосшығұловтың бәйітінде тағы да былай баяндалады: «Сарыарқа сары даласында жатқан қазақ халқы әуел бастан Николайға қарсы көтеріліс жасап, наразылық білдіреді. Себебі, патша қолындағы бас архирейін жібереді. Дегенмен, Көкшетауда 1200 адам жиналып жатады. Жиналған 1200 қазақты шіркеу түбіне жинап қойып, алтын жазумен «Інжіл» деген кітапты ауылнай адам басына бірден таратып берген. Қарабұлақ деген жерде қазақтар жиналып оқып көріп, (сонда) Көкшетау имамы Науан хазірет айғай салады. «Осы кітаптан құтылыңдар» деп. Кітаптарды архирейге тақтайға төге салып шығып кетеді».
Ақыры, патша өкіметі 1903 жылғы сәуір айында Шаймерденге бес жыл, Науанға үш жыл мерзімге жер аударуға үкім шығарады. Дін қайраткері 1903 жылғы 10 мамырда Көкшетаудан қиырға айдалып кете барады. Ал, Сексенбай әулие сол жылдың тамыз айында дүние салады.
Меккенің діни ғалымдарымен жақсы байланыста болып, соның нәтижесінде Сексенбай әулиенің құрметіне 1903 жылы Көкшетау уезінен қажылыққа барған Даңқой Данияр Қойшыұлына «кисва» (қасиетті Қағба жабылғысы – Байтолланың қара жабуы) сыйлап жіберетін болған екен. Араб ғұламаларында ілім алып, қолынан сый-құрмет алған өте діндар Сексенбай Көкшетаудың асылзадасы еді.
Жеті рет қажылыққа барған Жанбатыр қажы, Дума депутаты Шәймерден Қосшығұлов, Көкшетау жерінде Алашорданың басшысы болған, ақын-ағартушы Мұхаммед-Сәлім Көшімов, Семейдің имамы Хакім Омар, атақты дін қайраткері Сәдуақас Ғылмани (Сәкен халпе) және Бурабай мешітінің имамы Тәштай қажының еңбектерінде Сексенбай әулие туралы көп деректер жазылған.
Серік ҚАБДЫРАХМАНОВ.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *