Жолдаудан туындайтын тың міндеттер белгіленді

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауы туралы кеңейтілген облыс активінде жасаған баяндамасы бойынша жарыссөз

Ирина ТЕРЕНТЬЕВА,
«Азаматтық Альянс» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы:
– Қазақстан Республикасы Президентінің халыққа Жолдауындағы ең басты міндеттердің бірі қоғам мүшелерінің билікке деген сенімін күшейту екендігі айқын көрінеді. Яғни, билік тұрғындар үшін ашық, қолжетімді болған жағдайда ғана ел-жұрттың сеніміне ие бола алады.
Ақмола облысының азаматтық секторы Жолдауда айтылған саяси-әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асырудағы белсенді қатысушы болып табылады. Қоғамдық ұйымдардың мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, қоғамдық кеңестер құрып, осы арқылы үкіметтік емес ұйымдар өңірдің стратегиялық бағыт-бағдарына қатысты өз ұсыныстарын жеткізуге мүмкіндік алады.
Өткен жылдың соңында Елбасының қатысуымен өткен 8-ші Азаматтық форумда «Қазақстанның Азаматтық альянсы» азаматтық қоғамды тұрақты және тиімді дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы таныстырылды. Құжат Қазақстанның таяу болашақтағы дамуының тұжырымдамалық көзқарасының азаматтық қолдауына айналатыны сөзсіз. «Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары» атты мемлекеттік бағдарламасында бекітілген, оның негізгі міндеті – жедел және сапалы экономикалық өсу, сондай-ақ, елдегі өмір сүру деңгейін арттыру.
Жалпы, үкіметтік емес ұйымдар мен атқарушы билік өзара бірлесе жұмыс істеуі қажет. Өйткені, олардың алдында тұрған міндеттер бір-бірімен тығыз байланысқан. Сонда ғана халықтың әл-ауқатын көтеретін боламыз.

Иманғали ШӨНКЕНОВ,
«Агрофирма Green Star» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры:
– Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында саланы дамытудың жаңа мүмкіндіктері туралы айтып қана қоймай, ең алдымен нақты міндеттерді айқындап берді.
«Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеудің негізі» атты Жолдау менің ойымша, өте маңызды. Президент алдына органикалық және экологиялық таза өнім өндірудің әлеуетін іске асыру міндетін қойды. Бұл Ақмола облысы үшін өте маңызды, өйткені, біздің қасымызда Нұр-Сұлтан мегаполисі бар және Елордаға жеткізілім көлемін ұлғайту міндеті тұр.
Ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруші ретінде экспортқа бағытталып, өнім көлемін ұлғайту бағытында жұмыс істейтін боламыз. Біздің қолдан суаруды дамытуда әлеуетіміз зор. Президенттің тапсырмасына сәйкес, 2030 жылға дейін ылғалдандыру арқылы суарылатын егістіктің көлемін республика бойынша 3 миллион гектарға дейін жеткізу жоспарда бар. Бұл мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығын қарқынды дамытуға мүмкіндік бермекші.
Біздің компанияға Целиноград ауданының Қабанбай батыр селолық округі аумағында орналасқан «Агрофирма Green Star» мен «Агро парк» серіктестіктері кіреді. «Агрофирма Green Star» серіктестігі жыл сайын 1200 гектар жерге агротехникалық жұмыстарын жүргізіп, Нұр-Сұлтан қаласын сапалы табиғи көкөніспен қамтамасыз етіп келеді.
Сөзімнің соңында «Алда қойылған барлық міндеттердің орындалуы мемлекеттік және жеке меншік сектордың үйлесімді жұмысына тікелей байланысты» деп атап өту керек, еліміздің әлеуметтік-экономикалық өркендеуі осыған тікелей байланысты болады.

Елена МАЩИНСКАЯ,
Ақмола облыстық мәслихатының депутаты, «Той Дастархан» серіктестігінің директоры:
– Биылғы Жолдаудың атауының өзін осы маңызды құжаттың бет-айнасы деуімізге болады. Қазақстандықтардың әл-ауқаты бірінші кезекте кірістердің тұрақты өсуіне және өмір сапасына байланысты. Елімізде жүргізіліп отырған барлық реформалар ең алдымен, ел тұрғындарының тұрмыс деңгейінен көрініс табуы тиіс. Биылғы Жолдауды бастан-аяқ тыңдап шықтым.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінде бірнеше негізгі бағыттар нақты айтылды. Бұл, ең алдымен, адамдарға қамқорлық дер едім. Президент қоғамымызда бар мәселелерді, қиындықтарды терең түсінетінін ұқтырды. Әңгіме адамға қамқорлық, оны жұмысқа орналастыру туралы айтылып отыр. Екіншіден, денсаулық жағдайына байланысты еңбек ете алмайтын адамдарға қамқорлық көрсетілмек. Ең бастысы –
адам капиталы. Денсаулық сақтау, білім беру, педагогтар мен дәрігерлердің мәртебесін арттыру – осы барлық бағыттар бойынша Тоқаев мемлекетті дамыту керектігін түсінеді.
Мен өзім депутат, облыстық мәслихаттың әлеуметтік мәселелер бойынша тұрақты комиссиясының төрайымы ретінде айтарым Жолдауда айтылған міндеттер біздің күнделікті шешуге тырысып жүрген мәселелер. Сондықтан, оны алдағы уақытта да назарда ұстап, бірлесіп шешетін боламыз.
Кәсіпкерлікті басынан бастаған адам ретінде оның барлық қиындықтарын бір адамдай түсінемін. Жолдау-
да шағын және орта бизнесті қолдау туралы айтылды. Шағын және орта бизнес саласындағы жаңадан құрылған компанияларды негізгі қызмет түріне салынатын салықтан үш жылға босатылуы Президенттің ерекше резонанс тудырған тапсырмаларының бірі болды. 2020 жылғы қаңтардан бастап, микро және шағын бизнес субъектілеріне тексеріс жүргізуге үш жылға тыйым салу туралы шешімім күшіне енеді. Мен мұны Президент ұсынған шағын және орта бизнесті қолдаудағы нақты қадам деп білемін.
Сондықтан, біздер де жергілікті жерде Президент Жолдауында айтылған міндеттердің жүзеге асырылуы-
на бір кісідей атсалысуымыз керек.

Данияр ТӘШЕНОВ,
«Тыныс» акционерлік қоғамының бастауыш партия ұйымының төрағасы:
– Президент Қасым – Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы әрбір қазақстандыққа өте құнды, практикалық пайдасы зор. Жолдауда еліміздің одан әрі дамуының саяси бағыт-бағдары, қиын кезде ел экономикасының өсуін қамтамасыз етудің нақты тетіктері көрсетілген. Біз экономиканы жаңғыртып, кәсіпкерлікті дамыту үшін мемлекет тарапынан жасалынып жатқан ауқымды шаралардың куәсі болып отырымыз.
Мәселен, еліміздегі ірі кәсіпорындардың бірінен саналатын зауыт – «Тыныс» акционерлік қоғамының ұжымы биыл 60 жылдығын атап өтті. Сол себепті, кәсіпорын ұжымы биылғы Жолдауды асыға күтті. Біздің зауытта құрастырылып шығарылатын өнім тапсырыс берушілер тарапынан жақсы бағаланып, сұранысқа ие болуда. Осы орайда, ұжымымыз өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқаруда. Зауыттың құрастырылып шығарылған әрбір өнімі біздің қажырлы еңбегіміздің жемісі. Сол үшін еңсеміз көтеріліп, бұдан да зор жауапкершілік, шынайы ықыласпен жұмыс істеуге тырысамыз.
Биылғы жылы зауытта мүмкіндігі шектеулі ересектер мен балаларға арналған арба шығарып отырмыз. Оның алғашқы екеуі өзіміздің жерлестерімізге тапсырылды. Алдағы уақытта Қазақстан Республикасының Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің тапсырысы бойынша көптеп шығаратын боламыз.
Кәсіпорынның басты байлығы ол ұжым. Ұжымда 800-ден астам адам еңбек етеді. Сондықтан, зауыт басшылығы олардың жұмысы мен отбасылық жағдайына ұдайы назар аударып отырады. Бүгінгі күні жұмысшылардың орташа еңбекақысының облыс бойынша жоғары болуы соның бір жемісі.
Қорытындылай келе, біздің кәсіпорынның қызметкерлері Мемлекет басшысы белгілеген міндеттерді іске асыруға үлкен үлес қосатынын атап өткім келеді.

Дамир СҰРАҒАНОВ,
Щучинск қаласындағы №7 мектеп-лицейінің директоры:
– Біз, педагог мамандар Мемлекет басшысының Жолдауын жыл сайын асыға күтеміз. Биылғы жылғы Жолдауды ерекше құштарлықпен тыңдадық. Себебі, Қасым-Жомарт Кемелұлы халықтың санасында жүрген барлық мәселелердің шешімін көрсете алды. Мемлекет басшысы білім саласына ерекше назар аударды. Өйткені, білім беру сапасын жақсарту – қазіргі таңдағы ең өзекті мәселелердің бірі екендігі бәрімізге аян.
Президенттің: «Қазақ тілінің мемлекеттік қызметі күшейеді, ұлттық қор болашақ ұрпақ үшін жұмсалуы қажет», – деген құнды пікірлерін Жолдаудың басты басымдықтары ретінде танимыз. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы, Әл-Фараби, ұлы Абайдың мерейтойларын атап өту арқылы ұлттық құндылықтардың дәріптелуі де отаншылдық идеясының маңыздылығын арттыра түседі деген ойдамыз. Осы орайда, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде бұл айтулы мерейтойларды атап өту арқылы оқушылардың бойында ұлттық идеологияны дарыту біздің басты міндеттеріміздің бірі.
Өткен оқу жылында мұғалімдердің жалақысы 30 пайызға өсті. Сонымен қатар, Президент тамыз конференциясында алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбекақысын екі есе арттыруды тағы да еске салды. Бұл – келесі жылдан бастап ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өседі деген сөз. Бұл жағымды жаңалық мұғалімдер тарапынан қызу қолдау тауып қана қоймай, сонымен қатар, ұстаздар қауымына жаңа міндеттер жүктейді.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар