Діни сауаттылық болуы керек

Aқмола облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде «Экстремизм және терроризм тұрғысынан көзге түскен тұлғаларды оңалту жұмыстарының тәсілдері мен әдістері» атты семинар өтті.

2018-2022 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының эктремизм мен терроризмге қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында облыстық ішкі саясат басқармасының «Конфессияаралық қатынастарды талдау және дамыту орталығы» осы саланың мамандарына, құқық қорғау органдарының өкілдеріне, теологтарға оқыту семинарын өткізді.
Облыстық ішкі саясат басқармасы дін істері бөлімінің басшысы Болат Қасенов ашып, жүргізген семинарда «Радикализм: себептері және алдын алу» тақырыбында әңгіме өрбіді.
Семинардың басты спикерлері республикалық дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері Рауан Шынғожанов пен Гүлнәз Раздықова болды. Радикалды діни ағымға түсіп кеткен адамдармен оңалту жұмыстарын жүргізуге қатысты маңызды сұрақтар қозғалған семинарда, олармен психологиялық тұрғыдан қалай әрекет ету керектігі және алдын алу шараларын қалай жүргізу қажеттігі талқыланды. Қатысушылар мұндай іс-шаралардың жиі өткізілуі экстремизмге қарсы іс-қимыл жасайтын жедел қызметкерлер мен теолог мамандардың біліктілігін арттырып, жұмыс сапасын жақсарту үшін қажет екенін айтады.
Республикалық дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Рауан Шынғожановтың айтуынша қоғам ислам дінін дін ретінде дұрыс түсінбейді. Осы олқылықты жою мақсатында мынадай жұмыстар қолға алыныпты. Қазақстандағы ислам дініндегі радикализм ислам дінінің қайнар бұлақтарын, Құран мен сүннетті дұрыс түсінбеуден болып отыр, дейді мамандар. Құран мен сүннеттің қазақша, орысша аудармалары болғанымен, толыққанды түсіндірмелері жоқ. «Біз тікелей мәтіндерді оқып алып, мәтіншілдікке бет бұрдық. Оны түсіндірмесіз оқу өте қауіпті», – дейді Рауан Шынғожанов. Сонымен қатар, Қазақстанда қазір түсіндірмесі болмағандықтан, Құран мен сүннетті түсіндірмесімен толыққанды екі тілде жеткізу үшін әрқайсысын 15 томнан, әр томын 500 беттен басып шығару қолға алынғандығын да атап өтті. Алғашқы алты томы дайындалып, бірінші томы сатылымға шыққан кітап «Сүннет энциклопедиясы» деп аталады екен. Алдағы жылы семинарларға қатысушылар осы кітаптармен жұмыс істеп, біліктіліктерін арттыра алады.
Айтолқын АМАНГЕЛДІ.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *