Көкшетауда термешілер байқауы өтті

Көкшетау қаласындағы «Достар» мәдениет сарайында Ақмола облысының ішкі саясат басқармасы Қазақстан Республикасында

Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында және Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі аясында «Текті сөздің төресі – терме» атты облыстық жыршы-термешілер байқауын өткізді.

Терме өнерін дамытуға бағытталған байқаудың шымылдығын облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова ашып, барша қауымды тілдер күнімен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Қаны қазақ, жаны қазақ адамның терме тыңдамауы мүмкін емес, сондықтан қазақстандықтардың тілдік мәдениетін жетілдіруге бағытталған осындай шаралар арқылы тағылымға толы тәрбие беретін терме жанрын өңірімізде дамытып, жас термешілерді
насихаттаймыз, – деді Айна Мысырәлімова.
Облыстық байқауға аудандар мен қалалардан 15-35 жасқа дейінгі 14 өнерпаз қатысты. Үміткерлер 2019 жыл Жастар жылы деп жариялануына және Сүгір жырау Бегендікұлының 125 жылдық мерейтойына орай, тақырыптық бағыттағы шығармаларды орындады.
Қазылар алқасы термешілердің орындаған шығармаларының тақырыпты қамтуы мен өзектілігіне, орындау шеберлігіне, сахна мәдениетіне баға берді.
Терме өнерін солтүстік өңірде дамыту бүгінгі күннің өзекті мәселесі деп санайтын Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы, тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Айгүл Талпақова «Бұл байқауды жыл сайын өткізу дәстүрге айналған. Бұндай байқау алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Солтүстік өңірлерде дәстүрлі ән өнері жақсы дамыған, енді осы терме жағына көңіл бөліп, дамыта түсу мәдениет саласы өкілдерінің алға қойған мақсаты. Қазақ халқының сөз өнерін дәріптеу, қазақтың тілін насихаттау байқаудағы басты мақсат», – деді.
Астрахан ауданынан келген Ханат Заманай 13-14 жасынан терме мен дәстүрлі ән өнеріне жақын болып өскенін айтты. Үлкен термеші аға-апайлардан дәріс алып қазақы өнермен сусындап өскен азамат байқауға Алтынбек Қоразбаевтың «Қызым, саған айтамын» деген термесін алып келіпті. Қазақ өнерінің дамуына үлес қосуды өзіне міндет санайтын Ханат Заманай:
– Жылдан-жылға біздің осы қазақи өнерге деген құлшынысымыз артып келеді. Қазір іс-шаралар көп ұйымдастырылуда. Жастар өздерін алға жетелеп осындай байқауларға қатысайын, үйренейін десе, дәстүрлі әнді, терме жанрын әрі қарай жалғастырамын деушілер болса, жол ашық, – деді.
Бурабай аудандық мәдениет үйіндегі домбыра үйірмесінің жетекшісі Гүлім Құдысбек осындай байқаудың біздің өңірімізде бастау алып келе жатқанына қуанышты екенін жеткізді. Өз ауданында жасөспірімдерге домбыра аспабын, дәстүрлі әнді үйретуді қолға алған таланттың айтуынша аймағымызда терме байқауы аз өткізіледі екен.
– Осындай байқауларды дәстүрге айналдыра білсек, домбырашылар, термешілер көбейе түсер еді. Жастарға да үлгі боламыз. Негізі, терме деген ән сияқты емес, мұнда дикция таза болуы керек. Термені таза жеткізе білу керек. Термеде дауысқа емес, сөзге қатты мән беріледі,– дейді Гүлім Құдысбек. Қоржынында он шақты термесі бар қатысушы Арқаның әндерін көп орындауға тырысады екен.
Байқау соңында қатысушылар Алғыс хатпен және ескерткіш сыйлықтармен марапатталды. Көкшетау қаласының намысын қорғаған Таңнұр Әлбосын I орынды иеленіп, 80 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықпен марапатталды және Қызылорда қаласында өтетін республикалық байқауға жолдама алды. II орынды Целиноград ауданынан келген Дәурен Ысқақ иеленсе, III орынды Азамат Қайыров есімді Ақкөл ауданының тумасы қанағат тұтты. Қоса кетейік, Бұланды ауданынан келген Нұрислам Әбділ байқауға «Замандас» атты авторлық термесін әкеліп, ерекше көзге түсті.
Жастар біле жүрсін деп, сөз соңында терменің энциклопедиялық анықтамалықтағы сипаттамасынан қысқаша үзінді бере кеткенді жөн көрдік.
Терме дегеніміз – қазақ халық поэзиясында қалыптасқан лирикалық өлең түрі. Ғибраттылық мәні бар моральдық идеялар тұрғысынан әр нәрсені теріп айтып, бір нәрседен екінші нәрсеге еркін ауысып отыру термеге тән қасиет. Ол нақыл сөз үлгісінде құрылып, әдетте өнегелі, нұсқалы сөздердің тізбегіндей болып келеді. Терменің пішіні мен мазмұны толғауға біршама жақын. Толғауда қоғамдық-әлеуметтік сарындар басым болса. Термеде көбіне күнделікті тұрмыс-тіршілікке қатысты жәйттер сөз болады.

Айтолқын АМАНГЕЛДІ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар