Қарттар үйлерінің жұмысы қаралды

Жақында Көкшетау қаласындағы Достық үйінде Ақмола облыстық ардагерлер кеңесі төралқасының кезекті отырысы болып өтті.

Отырысқа облыстық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшелері, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары А.Ақбарова, шақырылғандар, облыстық ардагерлер кеңесінің әлеуметтік және тұрмыстық мәселелер бойынша тұрақты комиссияларының мүшелері, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалары, Бурабай ауданы Щучинск қалалық әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Р.Кәрімов, Бұланды ауданы Макин қалалық әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Н.Ларионова қатысты. Төралқа отырысын кіріспе сөзбен Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл ашып, жүргізіп отырды.
Төралқаның кезекті отырысында «Әлеуметтік ардагерлер үйлерінің қазіргі жағдайы және оларды жетілдіру бойынша тиісті аудандық ардагерлер кеңестерінің және аудандық әкімдіктердің осы үйлерде қоныстанған ардагерлердің тұрмыс-тіршілігін жақсарту бойынша міндеттері» туралы мәселе қаралды. Жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары А.А. Ақбарова осы мәселе туралы баяндама жасап, нақты мысалдармен облыстың арнайы әлеуметтік үйлерінде қоныстанғандардың тұрмыс-тіршілігін жақсарту бағытында атқарылып жатқан келелі істерге жан-жақты тоқталды.
Қазіргі уақытта облыс бойынша арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін 10 орталық жұмыс істейді, оның төртеуі ересектердің психикалық жүйке жүйелері ауруларын емдеу бағытында, ал бесеуі қартайған адамдарға және мүгедектерге қызмет көрсетеді. Ауылдық жерлерде үшеу, Щучинск және Макин қалаларында екі орталық ұйымдастырылған.
Баяндамада арнайы қызмет көрсету орталықтарында ардагерлердің тыныс-тіршілігі үйдегі жағдайларға сәйкестендірілгені аталып өтілді. Арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында олар денсаулықтарын, жас шамалары ерекшеліктерін, физикалық және психикалық жағдайларын ескере отырып орналастырылған. Бұл үйлерде ардагерлерге қызмет көрсетіп, қамқорлық жасау мемлекет тарапынан тегін қамтамасыз етілуде. Арнайы әлеуметтік үйлерде ардагерлерге 7 түрлі: тұрмыстық, еңбек, мәдени, психологиялық, экономикалық, құқықтық, дәрігерлік және педагогикалық әлеуметтік қызметтер көрсетіледі.
Бурабай ауданы Щучинск қалалық әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Р.Кәрімов, Бұланды ауданы Макин қаласы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Н.Ларионова қосымша баяндамаларында Шортанды, Бұланды, Бурабай аудандарының аумақтарында осындай 5 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету үйлерінің ойдағыдай жұмыс істейтінін атап өтті.
Аудандық ардагерлер кеңестері бұл мекемелермен тығыз байланыста жұмыс жүргізуде. Аудандардың әлеуметтік мекемелерімен бірлесіп тұрақты түрде әр түрлі шаралар өткізуге қатысады. Мұнда қоныстанған ардагерлерге сыйлықтар табыс етіп, оқушылармен кездесулер ұйымдастырып, концерттер қояды, спорт ойындарын және басқа да шараларды өткізуге атсалысады.
Бурабай ауданының Щучинск қаласында және Бұланды ауданындағы Макин қалаларында орналасқан әлеуметтік қызмет көрсету үйлерінде ардагерлердің тыныс-тіршілігіне қажетті жағдайлардың бәрі жасалғаны ерекше ілтипатпен аталды: оларда асхана, кір жуатын бөлме, монша, жататын және тұратын бөлмелер, дәрігерлер кабинеттері, мәжіліс залы, еңбек терапиясы кабинеттері, кітапхана кеңінен қызмет көрсетеді.
Күн тәртібіндегі мәселелерді талқылау барысында жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына өз отырыстарында мемлекеттік органдармен, облыстың ардагерлер ұйымдарымен бірлесіп, әлеуметтік үйлерде орналасқан қарттардың тыныс-тіршілігін және тұрмыстарын жақсарту мәселелерін тұрақты түрде қарап отыру ұсынылды. Төралқа отырысы қаралған мәселелер бойынша тиісті қаулы қабылдады.
Үкітай АХМАДЕЕВ,
Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар