Жас мамандар жағдай жасалғанда ғана тұрақтайды

«Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалында облыс әкімінің орынбасарлары Қанат Ыдырысов, Айна Мысырәлімова,

партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетовтің қатысуымен өткен денсаулық, білім бағыттары бойынша өңірлік партия кураторларының бірлескен отырысында облысымыздағы жергілікті атқарушы органдардың ауылдағы медициналық және педагогикалық кадрлардың тапшылығын жою мақсатында атқарып жатқан жұмыстары сөз болды.

Алдымен, Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Болат Әбішев сөз алып, өңірімізде 2019 жылы жас дәрігерлерге көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары жайында айтып берді.
Жалпы, 2016-2018 жылдары облысымыздағы медицина мекемелеріне 261 жас маман жұмысқа қабылданған. Соның ішінде аталған мерзімде «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында 25 жас дәрігерге 4 миллион теңге көлемінде көтермеақы төленген. Ал, 18 дәрігерге бас-
пана алуға несие, медицина ұйымдарының есебінен 20 пәтер мен 19 жатын бөлме беріліпті. Бұдан бөлек, 68 дәрігерге жалпы сомасы 8 миллион теңге көлемінде көтермеақы төленгенін, тағы бірнеше жас маманға ай сайынғы коммуналдық шығындарды төлеуге материалдық көмек көрсетіліп жатқанын баяндамашы айтып өтті.
2019 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша, облыста 1777 дәрігер еңбек етуде. Бұл өткен жылғы есептік мерзіммен салыстырғанда сегіз маманға кем. Маман тапшылығы, әсіресе, Степногорск қаласында (38), Атбасар (32), Есіл (24) аудандарында анық байқалады. Облыс бойынша 447 медицина мамандары қажет. Жалпы практика дәрігері, акушерия-гинекология, терапия, анестезиология-реаниматология, жалпы хирургия, кардиология, неонатология профильдерінің мамандары тапшы. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында тек 109 медицина маманы ғана көтермеақы мен несие ала алады екен. Бұл жалпы қажеттіліктің 24 пайызын ғана құрайды. Қалған 338 дәрігер маман әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылмаған.
–Биыл облысқа келген әрбір жас маман баспанамен қамтамасыз етіледі. Пәтер жалға беріледі ме, әлде жалға беру құны Үкімет есебінен қайтарылып отырады ма, ол жағы күн тәртібінде шешіледі. Бұл мәселе облыс әкімінің ұдайы назарында. Облыс басшысының тапсырмасымен жас мамандарға кейіннен сатып алу құқығымен тұрғын үй салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жергілікті бюджет есебінен ауданға келген жас мамандарға 250 мың теңге көтермеақы төленеді, – деді басқарма басшысының міндетін атқарушы Болат Әбішев.
Әзірше, облысымыздағы медициналық мекемелерге республикалық комиссияның жолдамасымен жұмысқа келеді деп күтіліп отырған 136 түлектің 18-і ғана келген. Жоғары оқу орындарында өткен оқу жылы баяғыда аяқталғанын ескерсек, бұл көрсеткіш көңіл көншітпейтінін айтты партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов. Қалған мамандар келе ме, жоқ па екені де белгісіз болып отырған көрінеді.
Ал, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазовтың айтуынша, бүгінгі таңда облыс мектептерінде 14 841 педагог қызмет етеді. Соның ішінде қалаларда 4477, ауылдарда 10364 ұстаз еңбек етеді. Жыл сайын білім беру ұйымдары 400-ге жуық жас маманмен толығады.
Жоғары оқу орындарында, колледждер мен мектептердегі педагогикалық қызметкерлердің 84 пайызының жоғары білімі бар. Шамамен 30 пайызы соңғы екі жылда жаңа жүйе бойынша аттестаттаудан өткен. Осы орайда, Валерий Георгиевич Көкшетау қаласы, Бурабай, Атбасар аудандарының ұстаздар қауымы өздерінің кәсіби біліктіліктерін дәлелдеп, жоғары еңбекақыға қол жеткізу үшін жаңа аттестаттау кезеңінен өтуге көптеп ниет білдіріп жатқанын атап өтті.
Өңірлік партия кураторының бірлескен отырысында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Дүзелбаев «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында жас мамандарға көрсетілетін көмек-қолдау жа-
йында баяндады. Бағдарламаның талабы бо-
йынша жобаға қатысқан жас маман ауылдық жерде үш жыл тапжылмай жұмыс істеуі керек. Осы мерзімді күтпей, жұмыс орындарын босатып жатқан кейбір жастар мемлекеттен алған көтермеақыларын өздері қайтарып жатса, кейбіреулерінің ақшаны қайтарғысы келмей, істері сотқа дейін жеткен көрінеді.
Осы орайда, облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова «Дипломмен – ауылға!» жобасына көбінесе мұғалімдердің ғана қатысатынын, ал дәрігерлердің үлесі аз екендігіне назар аударды. Отырыста жергілікті атқарушы органдардың, аудандық әкімдіктердің жас мамандардың ауылдық жерлерде еңбек етуіне жағдай жасау қажеттігі баса айтылды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар