Экотуризм – Бурабайдың жаңа бір бет-бейнесі

Бурабай курортты аймағында халықарлық сарапшылардың қатысуымен Орта Азия елдерінде экотурзимді дамыту мәселесі талқыланды.

Шара Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен Нұр-Сұлтан қаласында өткен Орта Азия елдері сарапшыларының 2-ші форумы шеңберінде ұйымдастырылды. Оны Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) және БҰҰ-ның Орта Азия елдері бойынша превентивті өңірлік орталығы ұйымдастырды.
Шараға Ақмола облысы әкімі Ермек Маржықпаевтың атынан облыс әкімінің орынбасары Марат Иғалиев қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
– Биыл Бурабай ТМД елдері арасынан демалуға келген туристердің саны бойынша Қазақстандағы курорттардың ішінде көш бастап тұр. Бурабай жыл бойына туризмді дамыту қолайлы және бұл бағытта нақтылы жұмыстар жүргізілуде. Курортты аймақта қолжетімді орташа класты жаңа отельдер салынуда. Сонымен қатар, «Ақ бура» курортының құрылысы жүргізілуде. Бурабаймен бірге, Зеренді курорттары да қатар дамып келеді. Сандықтау ауданының туристік әлеуеті де жоғары.
Орта Азия елдері жалпы туристік брендті дамытуда бірлесіп жұмыс істегені дұрыс. Бурабайға келетін туристердің көпшілігі ресейліктер. Олардың Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстан елдерінде де болатыны сөзсіз. Сондықтан, біздерді Еуропадағы Шенген типі бойынша Орталық Азия визасының пайда болғаны қызықтырады. Әсіресе, Орта Азия елдері басшылары мен сарапшыларының бүкіл дүниежүзінде Орта Азияны бірыңғай өңір ретінде дамыту қуантады, – деп атап өтті Марат Иғалиев.
Дүниежүзілік қауымдастық атынан БҰҰ-ның Орта Азия елдері бойынша превентивті өңірлік орталығының арнайы өкілі Н.Герман болса, шараның экотуризмді дамытудағы маңыздылығына тоқталды.
– Бурабайға алғаш рет келіп отырмын. Мұнда байқағаным Қазақстан тарихындағы киелі орындары мен қазіргі замаңғы технология және идеялар үйлесім табады. Инвестиция тарту және туризмді дамыту бағыты дұрыс жолға қойылған. БҰҰ-ның Орта Азия елдері бойынша превентивті өңірлік орталығы әріптестікті кеңейтуге мүдделіміз, – деді Н.Герман.
Сонымен қатар, шара барысында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) халықаралық зерттеу бөлімінің басшысы Әсел Назарбетова, қазақстандық трэвэл-блогер Нұржан Алғашов, Қырғызстан Республикасының Стратегиялық зерттеу ұлттық институты директорының орынбасары Айдай Темикеева, Өзбекстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық және аймақаралық зерттеулер институты (САЗИ) орталығының басшысы Бахтиер Мұстафаев да өз ойларын ортаға салды.
Шара қорытындысы бойынша Орта Азия елдерінің талдау орталықтарының басшылары мен БҰҰ-ның Орта Азия елдері бойынша превентивті өңірлік орталығының арнайы өкілдері Орталық Азия сарапшыларының 2-ші форумы отырысы хаттамасына қол қойды. Осы құжат шеңберінде оған қатысушы елдер одан әрі әріптестікті дамытып, су-экологиялық, су-энергетикалық және экотуризм саласында бірлесіп жұмыс істейтін болады.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар