Ауа райы науқанды тежеп тұр

Соңғы аптада толассыз жауған жаңбырлар ауыл еңбеккерлерінің егін орағын жүргізуіне мұрсат бермей отыр. Кей жерлерде тіпті осының салдарынан жауапты науқан басталмаған.

Мұны облысымызда 4 миллион 384 мың гектар дәнді және бұршақты дақылдар алқабының тек 960 мың гектары ғана жинап алынғаны растайды. Бұл – жоспарланған алқаптың төрттен біріне жуығы ғана. Гектар берекесі әзірше 10,5 центнерден айналып отыр.
Әзірге қыркүйек айының басым күндерінде күн жылы және ашық болады деген синоптиктер болжамы ақталмай тұр. Дегенмен, алдағы сәрсенбіден бастап ауа райы түзеледі деген де болжам бар. Олай болмаған жағдайда «егін не болады?» деген алаңдаушылық аграршылармен бірге, қалған жұртты да мазаламай қоймауда.
Облыс бойынша ең көп егістік алқабы Жарқайың ауданында екені белгілі. Мұнда бүгінгі күнге дейін 97,8 мың гектар алқаптың егіні жиналып, 84,1 мың тонна астық бастырылды. Ауданның агроөнеркәсіп кешенінде ауыл шаруашылығын жүргізудің қазіргі заманғы жүйесі құрылған. Бұл саланың 981,7 мың гектар алқабында 481 шаруашылық субъектісі, оның ішінде 57 серіктестік, 421 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Биыл диқандар 635,9 мың гектар алқаптың астығын жинап алуды жоспарлап отыр. Оның ішіне 100 гектар жердегі майлы, 2686 гектар алқаптағы азықтық дақылдар, 200 гектар жердегі картоп, 117 гектар алқаптағы көкөніс кіреді.
Биылғы жылы тұқым шаруашылықтарына 13,7 миллион теңге субсидия төленді. Гербицид бойынша субсидия төлеу мәселесі туындайды. Қазір арпа жиналып жатыр. Гектар берекесі 8,6 центнерден айналуда. Орақ науқанында 940 астық жинайтын комбайн жүр.
Облыстың басқа аудандары да ауа райының күрделілігінен туындаған биылғы қиын ораққа қажыр-қайраттарын қарсы қойып, жерде өнгеннің бәрін құт қамбаға құйып алуға ұмтылуда. Тек бұған күн райы түзеліп, жаңбыр бөгет болмаса екен.
Рамазан БАЯҚҰЛЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар