Сайтына қарап, мекемесін таны

Журналистердің басым көпшілігі қандай да бір мекемеден ақпарат қажет болса, алдымен, олардың сайтын ашып қарап, танысатыны бар. Сайтына қарап, мекеменің жұмысына баға беріп, тануға болады. Бір ғажабы, өңіріміздегі көптеген мемлекеттік мекемелердің сайтында неге екені белгісіз, мемлекеттік тілге деген немқұрайдылық сезіліп тұрады. Жалпы, сайтты жүргізушілер өз міндеттерін қалай атқарып жатыр? Біз осы сұраққа жауап іздеп, өңіріміздегі бірнеше мемлекеттік мекемелердің сайтына шолу жасап көрдік.

Қазіргі таңда әлеуметтік мәселелер күн тәртібінде тұрған өзекті сұрақтардың бірі болып тұр. Әсіресе, халық ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан кейін «Елде қандай жаңалықтар бар, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға жеңілдіктер қарастырылған ба, несие кімдерге кешіріледі?» деген сан сұрақтарға жауап іздеп, аталмыш мекеменің сайтын ашып қарауы мүмкін. Біз де осындай мақсатпен Ақмола облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының сайтына кірдік. Сізге өтірік, бізге шын, алдымыздан мынандай жазу шықты. «Құрметті кіріп-шығушылар!». Сайтқа «кіргеніміз» сол екен, бірден «шығып» кеткіміз келді. Күлейік пе, жылайық па? Қазақшасынан түк ұға алмадық, сөйтсек, «Дорогие посетители» дегеннің аудармасы екен. Бұл жазба аталмыш басқарманың басшысы Дина Ахметжанованың атынан берілген басты бетте жарияланып тұр. Сайттың «Президент Жолдауы» деген бөлімінде 2018 жылғы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы жарияланған. Таяуда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы жарияланғанын ескерсек, сайттың жұмысын басқарма басшылары қадағаламайтынын бірден аңғаруға болады. Осыған қарағанда, бұл сайтта жаңалықтан басқа ақпарат жаңартылмайтын көрінеді.
Бірден айта кетуіміз керек, біраз мекемелердің сайтында қазақ тілі деген сөз «каз» деп қысқартылып алынған. Бұл мемлекеттік тілге деген құрметтің қандай деңгейде екендігін аңғартады. Бұлай кесіп айтуымызға себеп, мемлекеттік тіл «казак» тілі емес қой. Осындай қате облыстық білім басқармасының сайтында да бар. Тағы бір атап өтерлігі, көп мекемелер «сайтқа келушілер» деп аударған. Сайт дегеніміз әлеуметтік ақпарат алаңы болғаннан кейін оған кіріп баратындай, төрі мен босағасы, есігі болмайтыны анық. Дұрысы, «Сайтты пайдаланушылар» болуы керек.
Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының сайтында қазақ тілінде бірде-бір ақпарат берілмегендігін қалай түсіндіреміз? Жасырары жоқ, қандай да бір жиналыстар қазақ тілінде басталып, спикерлердің сөзі ресми тілмен жалғасып жататындығына көзіміз үйреніп, етіміз өліп кеткен. Ендігі орайда, сайттағы ақпаратты қазақ тілінде сауатты таратуға не кедергі?!
Ал, Ақмола облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының сайтын ашып қалсаңыз, басқарма басшысының алғы сөзі «Құрметті ханымдар мен мырзалар» деп басталады екен. Әлқисасы әдемі басталғанымен мәтіндегі әріп қателері жылы сәлемдесуге селкеу түсіріп жібергендей әсерге бөлейді.
Тағы бір баса назар аударатын жәйт, кейбір мекеменің сайтында ағылшын тіліндегі ақпараттар мүлдем жоқ, оның есесіне ағылшынның орнына орысша мәтіндерді толтырып қойған. Осыны көріп, кейбір мекемелерге үш тілде ақпарат тарату әлі ертерек пе деген ойда қалдық. Үш тілде сауатты ақпарат тарататын мекемелердің бірі – Көкшетау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі. Сайтын ашып қарасаңыз, ақпаратқа да қанығасыз, көңіліңіз де марқаяды. Бұл жерде ақпарат латын қарпімен де беріледі. Сонымен қатар, Ақмола облыстық сотының сайты да ауыз толтырып мақтауға тұрарлықтай. Мемлекеттік саясатты сауатты жүргізіп отырған мекеменің бірі осы деп нық сеніммен айтуға негіз бар.
Біз бірнеше мекемені ғана тілге тиек етіп, нақты мысал ретінде алып отырмыз. Бұл барлық мекемелердің сайтында осындай кемшіліктер бар деген сөз емес. Біздегі ниет – алдағы уақытта мемлекеттік мекемелердің басшылары сайтты жүргізіп отырған қызметкерлердің жұмысына да зер салып қойса дегенді жеткізу ғана. Себебі, мемлекеттік мекемелердің кез-келгені мемлекеттік саясатты сауатты жүргізіп, ақпаратты халыққа да дер кезінде сауатты жеткізуі тиіс деп есептейміз.
Қазақ халқы «Сын түзелмей, мін түзелмес» деген. «Бәріміздің илегеніміз бір терінің пұшпағы». Яғни, ел игілігі жолында еңбек еткеннен кейін, мемлекеттік тілге деген құрметті де ұмытпау керек. Себебі, тіл – ұлттың тұғыры, рухы мен намысы!

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар