Қазақ білсін!

Тұрмыс-салт дәстүрлері

Абысын асы. Ағайынды, жақын туыстардың әйелдері «абысындар» деп аталады. Бұрын үлкен кісілер, күйеулері үйде болғанда абысындар жинала алмаған. Үлкендер жағы (күйеулері) тойға не басқа бір шаруаларымен жолаушылап кеткенде, абысындар бір үйге жиналып, ет асып, самауыр қойып, дастарқан басында күліп-ойнап, әзіл-қалжыңға ерік беріп, арқа-жарқа болған. Есесіне мұндай отырыстар оларды жақындастырып, өзара ұйымшыл болуға көп септігін тигізіп, татулыққа жол ашқан.

Ақтық. Бұл белгілі бір қызметіне қарай ақы төлеуді білдіреді. Сатқындық үшін, айтылмайтын сөзді басқа біреуге айтқаны үшін сыйлық алуды – «ақтық» деп атайды. Негізінен мұндай істі халық жаратпаған, ондайлар әшкереленіп қалса, үлкен айып төлеген. «Ақтық» – айғырын биеге салғаны үшін де төленген. Бұны түйеге қатысты да қолданған, яғни, бураның иесіне «ақтық» төлеген.

Ат майын сұрау. Қазақтың қазағына көмек көрсетпейтін күні жоқ. Әсіресе, күн көріс жағдайлары ауыр адамдардың отбасына, жетім балаларға, жесір әйелдерге үнемі көмектесіп отырған. Соның бір көрінісі, аты жоқ кісі жағдайы жақсы адамнан «ат майын сұрап» алатын. Кейде жақсы көршілерінен, жақындарынан да сұрайды. «Ат майы» – уақытша біреудің атын пайдалану деген сөз. Сұраушы адам «ат майын» алады. Бұл да қазақтың бір-біріне деген жанашырлығы, қамқорлығы болса керек.

Дәмету. Дәметудің әр түрі бар. Соның ішінде жас келіншектердің дәметуінің жөні бөлек. Жас балалар мен келіндер ата-енелері қонақтан келсе, олардан тәтті-пәтті дәмететін әдеті бар. Әсіресе, балалы жас келіндер дәметсе, оның меселін қайтаруға болмайды. Өйткені, дәметіп отырып ойындағысы болмаса оның емшегі ісіп кететін көрінеді. Сондықтан, үлкен кісілер, ата-әжелер үйлеріндегі жас келін дәметіп қалар деп, бір жақтан қайтқанда қашанда қалталарына тіске басар бір нәрсе сала келеді.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар