Тойың түзелуі үшін алдымен асабаң түзелсін

Шынын айту керек, біз қазақ несие алсақ та, той жасаудан өзгелерді шаңымызға да ілестірмейтін халықпыз. Қазір не көп, той көп.

Бесік тойдан бастап, үйлену тойларына дейін жасап жатамыз. Оның өзі мәнді, мағыналы өтсе жөн еді. Кей кездері асабалардың арасында арзан әзілдерді, мағынасыз, тіпті адамның өміріне қауіпті ойындарды өткізу әдетке айналып бара жатқанына ызам келеді. Осы сөзімді асабалар құлаққағыс етсін деген ниетпен қолыма қалам алып отырмын.

Сондай келеңсіз жайтқа бір емес, бірнеше тойда куә болдым. Ондай асабалардың атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Дегенмен, ұлтымыздың жанашыр азаматшасы, ұлағатты ұстаз ретінде кейбір кемшін тұстарға өз пікірімді айту парызым деп білемін. Дана халқымыз «Мін түзелмей, сын түзелмейді» деп тегін айтпаған. Қазіргі заманда тойға барсақ, кәдімгідей рухани жүдеп келеміз. Даңғырлаған әуен өз алдына, асабалардың мағынасыз ойындары қазақтың той өткізу салтының қадірін тіпті қашырғандай.
Мәселен, тойға келген қонақтарды ортаға шығарып алып, «п» әрпін көрсетіңдер, «т» әрпін көрсетіңдер, бір-бірлеріңе жабысып, шарды жарыңдар» деу қандай мәдениеттілікке жатады? Тойда асабаның айтқанын заң көретін көнбіс қонақтар әлгі тапсырмаларды бұлжытпай орындап жатады. «Мынау бір үйдің отағасы-ау, бір үйдің келіні-ау. Ұятты әрекет жасағаным дұрыс болмас» деген ой жайымен қалады. Қазынаға балап жүрген қарттардың өзі тойларда өз-өздерін ұстай алмай, асабаның сөзіне еріп, ойындары ұятты болса да, соған белсене қатысып, еліріп кететінін көргенде кәдімгідей қынжыласың.
Асабаның айтуымен бір-бірін көтеріп алып, әріптерді құрастырамыз деп мейрамханада мертігіп, құлап жатқандар да жоқ емес. Ойынның да ойыны бар. Адамдарды бірінің үстіне бірін мінгізіп, әріп құрастыр, итше үр, мысықша мияула деу не сұмдық? Бұл біреуге күлкі, біреуге ойын шығар. Бірақ, бұл әрекетімізбен жас ұрпаққа қандай тәлім-тәрбие, өнеге беріп жатқанымызды ойлануымыз керек.
Қазақтың жап-жас жігіттері мен қыздары асаба шетелдің әндері мен кинолары жайлы сұрақ қойғанда мен-мен деп орындарынан атып-атып тұрады. Ал, солардың орнына халқымыздың салт-дәстүрі, әдет ғұрпы, мақал-мәтелдері жайлы сұрақтарды қойса, қандай жақсы болар еді.
Асабалардың құлақтарына алтын сырға. Тойды қыздырамын деп, даңғаза әуен мен арзан күлкі, парықсыз ойындарға елікпей, тойды мағыналы етіп, келген қонақтар сол салтанаттан рухани азық алатындай, жақсы сөзден, жақсы көріністен жан дүниелері серпіліп қалатындай етіп өткізіңдер.
Қазақтың келін түсіргенде жасалатын салтының бірі беташардың да бұрмаланып кеткені қашан. Дәстүрлі беташар, әдетте, тойға жиналған халық тарқар кезде өткізілген. Шымылдық ішінде отырған келіннің басына орамал жауып, той өтіп жатқан үйдің ең жақын, үлгілі келіндері екі жағынан қолтықтап алып шығады. Беташардың тәрбиелік мәні зор болғандықтан, келіншектің екі жағына тұратын әйелдер жесір, жеңілтек, тағы басқа болмауы қатаң ескеріледі. Орамалдың теңге түйілген ұшын домбыраның мойнына не таяқтың ұшына байлап, жырау беташар жырын бастайды. Ол шаңыраққа жаңа түскен келінге ата-енесін, үй-ішін таныс-
тырады, қандай туысқандық жақындығы бар екенін, беделін, қадір-қасиетін шебер тілімен жеткізіп, әрқайсысына жеке-жеке сәлем жасатады.
Қалғанын айтпай-ақ қояйын, халқымыздың салт-дәстүрінің бірі беташардың түпкі мағынасынан ажырап бара жатқанына тоқталғым келіп отыр. Қазіргі асабалардың мақсаты беташар рәсімінде мәнді де, мағыналы жыр айту емес, табаққа көбірек ақша салғызу. Тіпті, домбыра тарту білмейтін кейбір асабалар беташарды фонограммамен айтуды шығарыпты. Заманауи әндерге салып, беташар жырының мағынасын құртуда.
Тағы бір айтайын дегенім, үйленіп жатқан жігіттен «Тапқан ақшаңды кімге бересің? Анаңа ма, әлде әйеліңе ме?» деп сұраудың қажеті қанша? Бір тойда тамаданың сондай сұрағына «ақшамды әйеліме беремін» дегенін өз құлағыммен естідім. Бұл келешекте ене мен келіннің арасына араздық туғызбасына кім кепіл? Жаңа түскен келінді неше түрлі сұрақтар қойып түртпектейтін, той иелерін, тойға келген қонақты үлкен демей, кіші демей келемеж қылатын асабалар қазір көп. Таяқ лақтырсаң, тамадаға тиеді, әйтеуір. Солардың басым көпшілігі той басталғаннан той тарқар сәт таянғанша аузым аузыма жұқпай сөйлей берсем болды, менен өткен мықты жоқ деп ойлайтыны кәміл.
Бұл сөзіммен ешкімді кінәлағым келіп отырған жоқ. Барлығымыз қайда жүрсек те, өзіміздің кім екенімізді, орнымыз қандай екенін ұмытпауымыз керек. Жалпы, той өткізу – үлкен жауапкершілік. Асабалар осы жауапкершілікті сезінсе екен деймін.
Жанерке РАМАЗАНҚЫЗЫ.
Талапкер ауылы,
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар