Мұғалімдер үшін қуаныштымын

Менің қызым Гүлмира да, ұлым Аманжол да жоғары білімді мұғалімдер. Дегенмен еңбекақылары көңілдерінен толық шықпайтындары туралы ойларын талай естігеміз. Бүгінгі таңда балалармен жұмыс істеудің біршама қиындағаны да ешкімге жасырын емес.

Алайда, қызығы мен қиындығы қатар жүретін мұғалімнің аты қашанда мұғалім, сондықтан, осы қызмет жүктелген жандардың атына заты сай болуы қажет. Ұлы педагог Ыбырай Алтынсариннің «Ұстазды алтын діңгекке теңер едім» деп қорытынды жасауының тегін еместігі ақиқат. Ол қандай жағдай қалыптасса да кішіпейілділікті, ұстамдылықты, сабырлылықты сақтауы қажет.
Осы жерде ауыл мұғалімдері туралы бір-екі ауыз өз ойымды айта кеткім келеді. Олар мектептегі негізгі қызметімен қатар, балаларының сапалы тамақтануы, аздап болса да қосымша кіріс алу мақсатында қосымша шаруашылық ұстап, мал басын өсірумен айналысады. Ал, оның айтарлықтай қосымша уақытты алары сөзсіз.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен аптада ел халқына Жолдауында жарияланған мұғалімдердің еңбекақыларын 25 пайызға көбейту туралы шешімін уақытында қабылданған, келешекте жоғары қайтарым беретін маңызды құжат деп есептеймін.
Еңбекақы көлемінің жоғарылауы бар адамзат баласына тікелей қатысы бар мұғалімдер қауымына қуаныш сыйлап, олардың тараптарынан тың шығармашылық ахуалын, еңбекке деген жаңа құлшыныс тудыратынына, мұның соңы ел болашағы өскелең ұрпақ өкілдеріне сапалы білім, саналы тәрбие беруде толымды табыстарға әкелетініне сенімдімін.
Қорлан АХМЕТЖАНОВА,
зейнеткер.
Өркен ауылы,
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар