Әке – отбасының тірегі

Бурабай курорттық аймағында Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі,

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия Ақмола облыстық әкімдігімен, сондай-ақ, «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп, «Әке – отбасының тірегі» атты 4-ші республикалық әкелер форумын өткізді. Форум жұмысына облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова қатысып, сөз сөйледі.

Алқалы жиында отбасы институтын және отбасылық тәрбиедегі әкенің рөлін нығайту, «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту аясында балалардың патриоттық сезімін қалыптастыруға, білімге ұмтылысты өсіруге қоғамның назарын аудару мәселелері талқыланды. Форумның жұмысына «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігі мен ұлттық комиссия мүшелері, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, үлгілі әкелер – барлық өңірден келген 150 делегат қатысты.
Шараға қатысушыларға алдымен «Әке көрген оқ жонар» қолданбалы өнер көрмесі мен «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің жұмысы туралы бейнеролик ұсынылды. Онда «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің алғашқы төрағасы, ағымдағы жылы өмірден озған Қуаныш Жұматаев еске алынды. Форумды ашып, жүргізіп отырған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, ұлттық комиссияның мүшесі Бақытбек Смағұлов шараның мақсаты, бүгінгі таңда отбасындағы әкенің рөлі мәлелеріне тоқталды.
–Қазір отбасы тәрбиесіндегі әкенің рөлін көтеру, балалардың бойында партиоттық сезімді оятып, адамгершілік құндылықтарды қалыптастырудағы әке рөлін нығайту мәселелеріне қоғам назарын аудару қажет, – дей келе, Бақытбек Смағұлов «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің негізін қалаған Қуаныш Жұматаевтың ата-анасына «Намыс» төсбелгісін тапсырды.
Форумға жиналғандарға облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың ыстық сәлемін жеткізген облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова адам өмірі отбасынан бас-
талатынын, халқымыз әкені асқар тауға балағанын, жұмақ ананың табанының астында деп аналарға құрмет көрсеткенін, бала – бауыр еті деп ұрпағына айрықша қамқорлық танытқанын айта келе, ата-анаға құрметпен қарап, алаңсыз қарттықты сыйлау әрбір адамның қасиетті борышы екенін атап өтті.
– Отбасы – қоғамымыздың негізін құраушы маңызды институт болып табылады. Қоғамда өз орнымызды тауып, ақ пен қараны ажырата білуде жанұядан алған жылылықтың маңызы зор. Өйткені, адам баласын мейірімділікке, жақсылыққа үйрететін осы ыстық ұямыз. Облыста отбасын қолдау мақсатында ресурстық орталық, әлеуметтік қызметтер, қоғамдық бірлестіктер жұмыс істейді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде «Отбасы әлемі» жобасы, «Бақытты отбасы» клубы жүзеге асырылуда. Өңірімізде 14 мыңнан астам көп балалы отбасы тұрса, оның 7700-і әлеуметтік көмекпен қамтылды, – деді Айна Мысырәлімова.
Сонымен қатар, «Әке – отбасының тірегі» форумын ұйымдастырушыларға алғысын білдірген Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мақсат Сқақов отбасының беріктігін сақтауда өз тәжірибесімен бөлісе келе, жастардың санасына отбасы туралы құндылықтарды, оның қадірі мен қасиеті туралы мағыналы дүниелерді көбірек сіңіру керектігін айтты. Бұл бағытта мемлекет тарапынан ауқымды істер атқарылып жатқандығын тілге тиек етті.
Форумның «Әке – қоғамның рухани жаңғыруындағы маңызды әлеуметтік инс-
титут» пленарлық сессиясында Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин «Қазақстандағы отбасы институтының дамуы: мәселелері мен келешегі», Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев «Баланың өзін-өзі дамыту мүмкіндігін қамтамасыз ету – жаңа жағдайда отбасы мен мектептің өзара іс-қимылының маңызды мәселесі», «Рухани жаңғыру» орталығының директор Ғалымжан Құсманғали «Ұлы Абайдың тәрбие тағылымдары және бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі», «BTS Digital» білім беру жобаларының жетекшісі, саясаттанушы Саясат Нұрбек «Отбасының балалардың қабілеттерін дамытуға әсері», «Әкелер одағы» ҚБ төрағасы Берік Рақышев «Қазақстанда әкелер қоғамдық қозғалысын дамыту туралы» тақырыптарында әңгіме өрбітті.
Бүгінгі таңда ҚР Президентінің Жарлығымен (2016 жылғы 6 желтоқсандағы №384) қабылданған Қазақстан Республикасында 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясаттың тұжырымдамасының бірінші кезеңі іске асырылуда. Тұжырымдамада баланың тәрбиесіндегі қос ата-ананың жауапкершілігін арттыру, соның ішінде жауапты әке институтын дамыту және үлгілі әкелерді насихаттау мәселесі алға қойылған.
Қазақстанда 70 белсенді әкенің күшімен «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігі құрылды. Ол отбасын нығайту бойынша тәжірибелік шараларды іске асырады. Бірлестіктің бірқатар аймақта өкілдіктері құрылды, соның ішінде бүгінгі күні Астана, Алматы қалаларында, Қарағанды, Маңғыстау және Ақмола облыстарындағы өкілдіктер белсенді жұмыс істеуде, олар әкелер институтын насихаттаумен қатар өңірлерде кейбір жауапсыз әкелердің алимент төлемеуі, аз қамтылған отбасыларға мекенжайлық көмек көрсету сияқты әлеуметтік мәселелерді шешеді. Әкелер одағының өкілдерін орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарының жанындағы әртүрлі сараптамалық жұмыс топтарына тарту іске асырылды.
Форум аясында қатысушылар Ресей Федерациясының «Союз отцов» орталық комитетінің мүшесі Владимир Анисимов, БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілінің орынбасары Виталий Времиш ұсынған жұмыс тәжірибелерімен танысты. Іс-шараның соңында бір топ үлгілі әкелер Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның Алғыс хатымен марапатталды.
Жиын соңында «Әке – отбасының тірегі» 4-ші республикалық әкелер форумының резолюциясы қабылданды.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар