Алдағы күннің міндеттері белгіленді

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткен кезекті аппарат кеңесінің күн тәртібінде егін орағы науқанын ұйымшылдықпен

өткізу және қысқы жылу беру маусымына дайындық мәселелері талқыланды.

Ауа райының қолайлы кезін диқаншылар тиімді пайдаланып қалуы керек. Облыс әкімі аппарат кеңесінде сөйлеген сөзін осыдан бастады. Тамыздың соңында күннің күрт салқындап, жаңбырдың көп мөлшерде жаууына байланысты егін ору жұмыстары белгіленген кестеден кешігуде. Бұл өз кезегінде бидайдың сапасына да кері әсерін тигізуде.
–Жауын-шашынға байланысты алтын уақытымызды жоғалтып алдық. Енді жылы күндерді пайдаланып, осы олқылықтың орнын толтыруымыз керек. Алдымыздағы апталарда қалған егінді дер кезінде жинап алу міндеті тұр. Әрі кеткенде осы айдың 26-сына дейін үлгеруіміз қажет. Өйткені, одан кейін жаңбырлы күндер қайта басталады. Бүгінде 4 миллион гектардан аса егістік алқаптың төрттен бірі бастырылды, – деді Ермек Маржықпаев бұл сөзін салаға жауапты орынбасары мен ауыл шаруашылығы басқармасы басшысына қарата айтып.
Шаруаларды жанар-жағар маймен қамту облыстық әкімдіктің ұдайы назарында. Облыс әкімі орақ жұмыстарын жалғастырумен қатар, астықты сақтау, элеваторларда өңдеу мәселелері жайлы да айта келе, Жарқайың мен Есіл ауданында жанар-жағар май жеткізушілердің кесірінен туындап отырған күрмеулі мәселені тездетіп шешуге тапсырма берді.
Күн тәртібінде тұрған тағы бір өзекті мәселе – қысқы жылу беру маусымына тиісті дайындық жүргізу. Облыс әкімі бұл шаруаны тездетіп аяқтап, қыркүйектің 25-інде алдымен әлеуметтік нысандарға жылуды бере бастауды тапсырды.
Биылғы жылдың үшінші тоқсаны да аяқталуға жақын. Осыған орай Ермек Маржықпаев бюджеттің кіріс бөлігінен бастап, барлық көрсеткіштер тиісті межеде болуын, әрбір салаға мемлекеттен бөлінген қаржының дұрыс игерілуі керектігін қадап айтты.
–Құрылыс саласы да баса назарда болсын. Биыл жоспардан тыс көптеген жаңа ғимараттар салына бастады. Мәселен, «Ауыл – ел бесігі» жобасы мен келер жылы Көкшетауда өтетін Қазақстан-Ресей аймақаралық ынтымақтастық форумына байланысты нысандар бой көтеруде.
Республикадан бұл мақсатқа 20 миллиард көлемінде қосымша қаражат бөлінді. Тоғыз айдың қорытындысын шығарғанда осы көрсеткіштердің бәрі орындалуы қажет, – деген облыс әкімі аппарат кеңесінде орынбасарларынан, сондай-ақ облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысынан Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамыту, бюджеттің кіріс-шығыс бөлігі, құрылыс жұмыстарының орындалу барысын сұрады.
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Шолпан Рахматуллинаның айтуынша, атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған отбасыларына ай сайынғы жәрдемақыларын жіберу үшін республикадан қосымша қаражат бөлінген көрінеді. Атаулы әлеуметтік көмектің негізсіз тағайындалу фактілеріне келетін болсақ, ондай отбасылардан жалпы сомасы 32 миллион теңге қайтарылып алынуы керек. Әзірше, 3,8 миллион теңге қайтарылған екен. Облыс әкімі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына атаулы әлеуметтік көмек ретінде берілген қаржыны өндіріп алу үшін әуелі тұрғындармен жәрдемақы негізсіз тағайындалғаны жөнінде түсіндіру шараларын жүргізуді ескертті.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар