ҰЛЫ ДАЛА ТАРИХЫНЫҢ БІР ТАРМАҒЫ

Құс қанатын талдырып, ат тұяғын тоздыратын ұлан даланың қай ұлысын алсаңыз да, тарихы бір-бірімен сабақтас, өткені өзектес.

Айталық, Ертіс бойының кешегі күннен дерек алам десеңіз, осы өлкенің тарихы сізді жетелеп Баянауыл жеріне апарып, одан әрі Қарқаралы, Ерейментау, Нұра мен Есіл, Қорғалжын, Қарақойын-Қашырлы, Атбасар, Торғай даласы, терістік бетің Көкше мен Қызылжар болып, бір тарихқа бір тарих жалғасып, созылып кете барады Міне, осының барлығы Ұлы даланың тарихы.
Алысқа бармай-ақ, Ерейментау өңірін алар болсақ, бұл аймақтың өткені мен кеткені Баянауыл жерінің тарихымен қабаттаса өріледі. Ертеректе төсекте басы, төскейде малы қосылған екі елдің арғы тарихына көз салсаңыз, небір тарихи тұлғалар мен тарихи оқиғаларға кез боласыз. Іздейтін адам болса, әлі де талай деректер тауып, талай құпияның бетін ашуға болады.
Өткенде осындай бір себеппен, Павлодар педагогикалық университетінің ректоры, химия ғылымдарының докторы Алтынбек Нухұлы және белгілі тарихшы-ғалым, тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаевтар Ерейментау жеріндегі тарихи орындарға арнайы ат басын бұрып, аралап қайтып еді.
Бір ғажабы, Баянауыл жері, Сүйіндік елінен шыққан көптеген тарихи тұлғалар Ерейментау өңірінен, Сілеті бойынан мәңгілік мекен тапқан. Яғни, сол жақта жерленген. Атап айтар болсақ, Құлболды әулие Шуманақұлы Ерейментаудың солтүстік-батысындағы Ақмырза өзенінің жағасында жатыр. Құлболдыдан – Айдабол, Күлік, Тұлпар, Ақбура, Майлытон, Шегір деген алты бала туады. Осы алты баладан тараған талай адамдар қазақ тарихы мен өнерінде, әдебиетінде, ғылымында өшпейтін із қалдырған. Мысалы, сонау Айдабол Едіге биден бастасақ, оның екі ұлы Шоң мен Торайғыр билер, ән өнерінде өшпес із қалдырған Жаяу Мұса, Сұлтанмахмұт ақын, академик Әлкей Марғұлан, бертінгі замандағы Шәкен Айманов, Кәукен Кенжетаев, Олжас Сүйлейменовтер; Күлік атасынан тараған Жанақ әулие Жаңабатырұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Қадыр Тайшықовтар; Ақбура мен Тұлпардан өрбіген Бөрібай Қараалтайұлы, Қобылан Бөрібайұлы, Қалижан Бекхожин, кентанушы Қосым Пішенбаев болып кете береді.
Ақмырза деген өзеннің атауы Қаржас Ақмырза батыр Мырзағұлұлының атымен байланысты екенін айта кеткіміз келеді. Осы Ақмырзадан заманында 17 мың жылқы біткен Азынабай туады. Азынабайдың қос ұлы Сейтен мен Тайжан Кенесары көтерілісін қолдаушы болған белгілі тарихи тұлғалар. Мәшһүр Жүсіп бабамыз жазады: «Ақмырзаны Абақ Керей Жәнібек батыр жайлауға таласып, найзалап өлтіріпті» – деп. Осыдан кейін Абақ Керейлер бұл жақтан біржола көтеріліп, ауа көшіп кеткен екен. Бұқар жыраудың белгілі:
Керей, қайда барасың,
Өзен бойын көбелеп?
Сен қашсаң да, мен қойман,
Арғымағым жебелеп.
Ақмырзамды өлтірдің,
Ақ сойылмен төбелеп.
Енді алдыңнан шығайын,
Ақ жаңбырдай себелеп, –
деп келетін атақты толғауы осы оқиғаға байланысты туғанын қазір тарихшылар дәлелдеп жазып жүр.
Ерейментау жерінде мәңгілік мекен тауып жатқан тағы бір тарихи тұлға – Айдабол Олжабай батыр Толыбайұлы. Қабірі бүгінде өзі аттас ауылдың жанындағы қорымның ішінде. Бұл жердің тарихи атауы «Олжабай сөресі». Батыр дүниеден өткесін, ел іші оны Әзірет Сұлтанға апарып жерлейміз деп, денесін сөреге салып сақтап, кейін бір себептермен жеткізе алмай, осы араға жерлепті. Кейін, ХХ ғасырдың басында бұл жерге Ресейден қоныс аударған «қарашекпенділер» келіп, поселок салып, оған Подгорный деген атау береді. Одан соң ауыл атауы Благодатный болып өзгеріп, Ерейментау ауданының орталығы болған. Егемендік алғасын, ауылдың Олжабай деген тарихи атауы қайтарылды. Бүгінде біраз азаматтар Олжабай батырдың басына ескерткіш-мемориал тұрғызып жатыр. Олжабай батыр – археолог-ғалым Әлкей Марғұланның төртінші атасы болып табылады. Бұл жерден он шақты шақырым төмен, Шорман Қарасуының бойында, қорымның ішінде Қаржас Шорман би Күшікұлының қабірі бар. Шорман – Баянауыл сыртқы округінің аға сұлтаны болған Мұса мырзаның әкесі. Бүгінде Шорман Күшікұлының қалай қайтыс болғаны жайлы ел аузында сақталған бірнеше нұсқалы әңгіме бар. Олардың біреуін Мәшһүр бабамыз жазады. Шоң би қайтыс болғасын, оның орнына кімді аға сұлтан сайлаймыз деген дау туады. Едігенің інісі Еламанның баласы Тұрсынбай Шоңның ұлы Итемгенді аға сұлтан сайлаймын десе, оның баласы Боштай Шорманды сайламақшы болып, әкелі-балалы екеуінің арасында тартыс басталады. Ақыры жас Боштайдың айтқаны болып, Шорман аға сұлтан сайланады. Осы жиыннан шыққан Шорман Құлболды балаларының намысына тиетін сөз айтса керек. Бұны естіген намысқой Тұрсынбай ашуға мініп, Күлік Жанақ әулиені шақырып: «Жәке, Құлболды баласына қастық қылам дегенді аямаймын деуші едің ғой, ат мына Шорманды, Боштайды да бірге ат!» – депті. Жанақ әулие жарықтық ерекше қасиет иесі, «аттым» десе, мал болсын, жан болсын мұрттай ұшады екен. Сөйтіп, қаһарланған Жанақ Шорманды «атып» жібереді. «Осыдан кейін Шорман Ерейментаудың сыртындағы жайлауына барып өліпті» деп жазады Мәшһүр Жүсіп.
Олжабай батыр секілді, Шорман да қалың қорымның ішінде жатыр, мынау оның қабірі екен деген белгі жоқ. Дегенмен, алдағы уақытта осы жерге бір ескерткіш-тас орнату ұрпақтардың міндеті.
Бұл жерден 20 шақырымдай төмен, Едіге өзенінің жағасында, бүгінгі Елтай ауылының жанында Айдабол Едіге би Төлебайұлының зираты тұр. Едіге – тарихтан белгілі Шоң мен Торайғыр билердің әкесі. Осыдан екі-үш жыл бұрын Баянауыл ауданындағы Жаңатілек ауылының Алдан Алтынбеков пен Сембай Адамбеков бастаған азаматтары үлкен іс атқарып, бидің басын көтеріп, ескерткіш-тас орнатып, ас беріп кеткен.
Бұл жердің тарихи атауы – Едіге. Совет өкіметі орнап, колхоздар құрылғанда, колхоз ашылып, Едіге деген атау былай қалып, колхозға сол кездегі Орталық комитеттің хатшысы Елтай Ерназаровтың аты беріліпті. Енді алдағы уақытта ауылдың тарихи атауын қайтару жағын қолға алу керек деп ойладық.
Уақыттың тарлығына байланысты сол күні Қарағайлыдағы Балықты көлінің жағасында жатқан Абылай заманының жырауы Күлік Көтеш ақын Райұлының, Үшмырзаның көлінің сыртындағы Күлік Өтеміс абыз Жанайдарұлының, Сілетінің жағасында жатқан Қозған Түйте әулие Дүйсенейұлының басына бара алмадық. Мәшекең өзі пір тұтып келген Күлік Жанақ әулие Жаңабатырұлы да Сілетінің бойында жатыр…
Сол күні Керей Сағынайдың асы өткен белгілі Қусақ көлінің басына да соқтық. Бүгінде бұл көл тартылып, қамыс басып кеткен. Көлдің солтүстік жақ бетінде Керей Сағынайдың асы берілгенде қазылған жерошақтардың орны әлі күнге дейін жатыр. Бүгінде Сағынайдың асы, Құлагердің өлімі жайлы әртүрлі болжамдар айтылып жүр. Сол жайлы бір-екі ауыз сөз.
Осыдан 15 жылдай бұрын мен «Ерейментау» атты тарихи-танымдық кітабымды дайындау үстінде Қусақтың басына барып, біраз аралап, ол кезде көздері тірі ел ақсақалдарымен әңгімелескен едім. Солардың бірі – Дүкенбай Төлеуов деген адам, бүгінде арамызда жоқ. Бұл кісі өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Қусақтың жанындағы «Ақжар» мал бордақылау совхозының директоры болған. Сол ағамыз былай дейді:
–1973 жылы Алматыдан біраз адамдар Қусақтың басына келді. Жолшыбай Целиноградқа (қазіргі Астана) соғып, жасы 80-нен асқан бір қарияны ерте келіпті. Ол кісінің сүйегі қанжығалы және балалық шағы осы Қусақтың бойында өткен екен. Сол қария ертеде елдің үлкендері айтып отырушы еді деп, Құлагердің қай жерде мерт болғанын, бәйге аттарының қай жақтан жіберілгенін әңгімелеп, жерошақтардың орнын көрсеткен болатын. Ол уақытта бәйгеге шапқан аттар міндетті түрде соғатын желге қырынан жіберіледі екен. Егер аттар желге қарсы немесе желдің ығына қарай шапса, шаңға тұншығып қалатын болған (ол кезде бәйгеге 100-ден 500-ге дейін ат шабады дейді, бұл бір табын жылқы деген сөз, оның тұяғынан шыққан шаңды көзге елестете беріңіз). Егер жел бір бүйірден болса, тұяқтан көтерілген шаң бір жаққа қарай ұшып, бәйге аттары шаңға тұншықпайтын болған. Сағынайдың асында шапқан жүйріктер оңтүстік беттен, қазіргі Аршалы ауданы жерінен, бүгінгі Вячеслав су қоймасы жағынан жіберілген екен. Жел сонда батыстан, бір бүйірден соғады. Қусақтан 7-8 шақырым жерде Шырпылы биік деген жер бар. Ақсақалдың айтуынша, Құлагерге осы жерде қару жұмсалады, – деген еді Дүкенбай ақсақал.
Ол кезде Шырпылы биік деген жер әжептәуір қалың тоғай болса керек. Бәйге аттары сол жермен өткенде, қарақшылар ағаш арасынан шығып, тап берген болуы керек. Екі мыңыншы жылдардың басында бұл жерде біраз тоғай бар еді, қазір тіпті сиреп бітіпті. Шырпылы биік пен Қусақты екі арасы 7-8 шақырымдай бар. Қазір бұл екі араны Астана – Павлодар темір жолы бөліп жатыр.
Міне, Ерейментау өңіріне жасалған бір сапардың әңгімесі осындай. Ал, уақыт болып, бұл өңірді түгел аралап, солтүстік-шығысындағы Қоянды-Қойтасқа дейін барса, талай әңгімелерге тақырып болары анық. Және бір қосар ұсыныс, осы өңірлерге арнайы экспедиция ұйымдастырып, бүгінде жоғары оқу орындарының тарих факультетінде оқып жүрген жастарды апарып көрсетсе, құба-құп болар еді деп ойладық.
Сайлау БАЙБОСЫН,
Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері

Суреттерде: Едіге бидің басында; Құлболды кесенесінің алдындағы ескерткіш.

Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар