Қолдау бар, нәтиже де болады

Көп балалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды қолдау – облысымыздың жұмыспен қамту бөлімдері мен орталықтары қызметінің басым бағыттарының бірі болып табылады.

Бүгінде мемлекеттік органдардың міндеті мұндай отбасыларына заңмен бекітілген әлеуметтік төлемдерді тағайындаумен ғана шектелмейді, олар тұрғындарға қиын өмірлік жағдайдан шығу үшін табыс табуға мүмкіндік береді. Өңірімізде атаулы көмек әлеуметтік өмір сапасын жақсартуға жақсы қолдау болғаны жайлы мысалдарды көптеп келтіруге болады. Мәселен, Аршалы ауданының тұрғыны Айгүл Қасенова отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған күннен бастап өмірі жақсы жаққа қарай өзгергенін айтады. Михайловка ауылында тұратын жұмыссыз әйел төрт баласын жалғыз өзі асырап келген. Аудандық жұмыспен қамту орталығына әлеуметтік көмек сұрап келген ол әлеуметтік жәрдемақымен қоса, «Бастау Бизнес» бағдарламасы аясында оқытудан өтуге жолдама алды. Бүгінде Айгүлге 100 мың теңге көлемінде ай сайынғы жәрдемақы төленуде. Оның үстіне, жалғызбасты ана «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында оқуын аяқтап, 250 мың теңгенің грантын иеленіп, қара мал сатып алды.
Осыдан бірнеше ай бұрын атбасарлық Неля Мармальдың отбасына да көмек қажет болатын. Неля мен оның жұбайы жұмыспен қамту орталығында өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтар ретінде тіркеуде тұрыпты. Бұл отбасында төрт бала тәрбиеленуде. Өмірге деген ұмтылыстарының және де мамандардың уақытылы көмегінің арқасында отбасының тұрмыстары жақсарды. Неля әуелі қоғамдық жұмыстарға тартылса, одан кейін тұрақты жұмыс орнын тапты. Ал, оның жұбайы жұмысқа өз күшімен орналасты. Атаулы әлеуметтік көмектен жиналған қаражатқа отбасы сиыр мен үй құстарын сатып алды.
Атбасар ауданына қарасты Ярославск селолық округінде тұратын Резван Ибрагимовтың отбасы да атаулы әлеуметтік жәрдемақыға бірнеше бас қара мал мен үй құстарын сатып алды. Отбасында бес бала бар.
Жақсы ауданындағы Калининск ауылында тұратын Сухорудченко отбасының да тұрмыстық жағдайы нашар болғандықтан, олар да атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген еді. Отанасы Галяның екі кішкентайы бар. Соларды бағып үйде отырады. Жолдасы Алексей белгілі бір себептерге байланысты жұмыссыз қалған. Жұмыспен қамту орталығына жолыққаннан кейін отбасы ай сайын 65 мың теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек алып тұрады. Отағасына «Тамерлан-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен тұрақты жұмыс табылды. Бұл отбасы да сол сәттен бастап мал өсіруді қолға алды, тұрмыстары түзеліп, үйлерін жөндеуден өткізді.
Мұндай жақсы мысалдарды ауылдық жерлерден ғана емес, облыс орталығынан да көптеп келтіруге болады. Атаулы әлеуметтік көмек Аза Гатагажева, Зәмзәгүл Баймұқанова, Толқын Исенова секілді біраз адамдардың отбасыларына аяққа нық тұруға, тұрмыстарын оңалтуға жағдай жасады. Олардың барлығы да «қиын сәтте мемлекеттің қолдауын сезіндік, өмірге деген құлшынысымыз артты, ертеңгі күнге сеніммен қараймыз» деген тілектерін жеткізді.

Андрей ПЕТРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар