Мемлекет басшысы ақмолалықтардың жақсы істеріне қанығып, тың бастамаларына қолдау білдірді

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен сейсенбі күні жұмыс сапарымен Ақмола облысында болып,

Жақсы ауданындағы «Айбат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егін алқаптарын аралап көрді және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесіп, әңгімелесті. Сондай-ақ, аудан орталығындағы Т.Уәлиев атындағы спорт мектебінде болып, бұқаралық спортты дамытудың жай-жапсарына назар аударды. Мұнымен бірге, «Урожай» серіктестігінің агроөнеркәсіп кешенінде дайын өнімдердің үлгілерімен танысып, ауыл еңбеккерлерімен болған әңгімеде ауыл шаруашылығы субсидияларын тиімді пайдалану қажеттігіне тоқталды. Мемлекет басшысының Ақмола облысына жұмыс сапарында Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің басшысы Қырымбек Көшербаев, облыс әкімі Ермек Маржықпаев және өзге де мемлекеттік ресми тұлғалар бірге болды.

Мемлекет басшысы жұмыс сапарын Жақсы ауданындағы іргелі шаруашылықтардың бірінен саналатын «Айбат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жайқалып шыққан егін алқаптарын аралап көріп, орақ науқаны жұмыстарының барысымен танысудан бастады. Президентке облыс әкімі Ермек Маржықпаев облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері мен агроөнеркәсіп кешенінің келешегі туралы баяндап берді. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаевқа дәнді және майлы дақылдардың жаңа сорттары таныстырылды.
Мемлекет басшысы егістік басында ауыл шаруашылығы та-уарларын өндірушілермен кездесіп, шаруалардың хал-жағдайын сұрастырып білді және күзгі егін орағы жұмыстарының барысында оң бағасын берді. Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдаланудың маңыздылығына тоқтала келе, мемлекет тарапынан агроөнеркәсіп кешенін өркендетуге баса мән беріліп отырғанын атап өтті.
– Мемлекетіміз үшін сіздердің еңбектеріңіздің мәні зор. Үкімет фермерлерге жан-жақты қолдау көрсетеді, ауылдың өмір сүру сапасын арттыру жөнінде шаралар қабылдайтын болады, – деді Мемлекет басшысы. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев диқандарға ауа райының жақсы және өнімнің мол болуын тіледі.
Бұдан кейін, Мемлекет басшысы Жақсы ауылындағы Т.Уәлиев атындағы спорт мектебінде болды. Онда Президент күрес, бокс және футбол залдарын аралап көрді. Қазіргі уақытта Жақсы ауданының 170 оқушысы бокс, грек-рим күресі және футбол үйірмелерінде спортпен шұғылданады. Бұл спорт мектебі өз тарихында 5 мың спортшыны, соның ішінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шеберлері мен халықаралық дәрежедегі спорт шеберлерін дайындап шығарыпты. Мемлекет басшысы грек-рим күресінен Олимпиа-да чемпионы Юрий Мельниченкомен және спорт мектебінің тәрбиеленушілерімен кездесуінде ауылдағы бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев «Урожай» серіктестігінде болып, диірмен кешені, элеватор, құрама жем зауыты және нан-тоқаш пісіретін наубайхана жұмысымен танысты. Мұнда Президентке жылдық қуаты 12000 тонна түрлі жармалар мен тез әзірленетін сұлы қауыздарын өндірудің жаңа технологиялық үдерісі, сондай-ақ дайын өнімнің үлгілері көрсетілді. Осы орайда, Президент шаруалардың назарын мемлекет бөлген ауыл шаруашылығы субсидияларын тиімді пайдалану қажеттігіне аударды.
Мемлекет басшысының аграрлы облысқа бұл сапары осы өңірдегі ғана емес, жалпы еліміздегі агроөнеркәсіп саласын дамытуға үлкен серпін беретін тың жобалар мен бағдарламалардың қолға алына бастағанын және мемлекет тарапынан қолдау көмек көрсетіліп отырғанын айғақтағандай болды. Бұдан әрі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс сапары көрші Солтүстік Қазақстан облысында жалғасты.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар