Өмірде жарқын із қалдырған

1970-1980 жылдары халқымыздың аяулы перзенті Еркін Әуелбековтің өз ұлтына деген үлкен жанашырлығымен Көкше өңіріндегі

біраз қазақ ауылдарында жаңа шаруашылықтар ашылып, елде үлкен бір серпіліс туған болатын. Еркін ағамыздың осы бір ұлтжандылық қасиетінің шарапаты күндердің күні Көкшетаудың іргесіндегі Ортақ ауылына да тиіп, оның жаңадан құрылғалы жатқан Көкшетау аудандық арнайы мамандандырылған шаруашылық бірлестігінің орталық қонысы болатындығы туралы қуанышты хабар да лезде тарап кетті. Расында, бұған дейін біресе Чкалов ауданының құрамында болып, біресе Көкшетау ауданындағы «Раздольный» кеңшарының, біресе Красноармеец ауданындағы «Тернов» кеңшарының бөлімшесі атанып, қақпақайға салынған бұл іргелі елді мекеннің ертеден бір шаруашылықтың орталығы болатындай-ақ жөні бар еді. Әсіресе, «Тернов» кеңшарының директоры Иван Шкуринский мен ауылдың өз тумасы Орынбай Әлжановтың күш-жігерімен салынған еңселі де кең клубқа тең келетін мәдениет ошағы ол кезде осы төңіректе атымен жоқ болатын.

Өз алдына жеке шаруашылық болуға басқа да біраз артықшылықтары көзге айқын көрініп тұратын осы ауылдың Еркін ағамыздың көзіне түскеніне ел қатты қуанды. Ал енді жаңа шаруашылықтың басшысы кім болады екен деген әңгіме туындағанда, бұған дейін Көкшетау ауданындағы ХХІV партсъезд атындағы кеңшардың бас зоотехнигі болып қызмет атқарған Дәрібай Сапиянұлы Ибраевтың есімі аталды.
Сөйтіп, 1976 жылы жаңа шаруашылықтың қауырт тірлігі басталып кетті. Бастапқыда кеңшар әкімшілігі бұрынғы бөлімше кеңсесінде отырды. Әсіресе, таңертеңгі сағат жеті-сегізден бастап, ауылдың орталық көшесінде орналасқан бұл кеңсенің алды әртүрлі көліктен, шаруаларымен кіріп-шығып жатқан халықтан көз сүрінетіндігін талай өзіміз де көріп жүрдік. Мамандардың біразы шеттен тағайындалып, мезгіл әлі жаз болғандықтан, үйлеріне барып-келіп жүрді. Күннен-күнге жұмыс қызып, жаңа шаруашылыққа керекті алғашқы құрылыстар бой көтере бастады.
Сол кезде мал шаруашылығын жүргізудің «шаруашылық бірлестіктері» деген жаңа тәсілі қолға алынып, ауданның өзге кеңшарларынан барлық еттік мал біздің Ортақтағыдай РСХО-ларда шоғырландырылып, семіртіле бастаған тұс. Соның бір көрінісіндей, шұғыл түрде мал қоралары мен албарлары кеңейтіліп, жаңа жайылымдар қарастырылып, етке қоятын өгізшелер біздің ауылға да лек-легімен келіп жатты.
Міне, осындай кезде Ортақ пен Қызылтаң сияқты қос бірдей қазақ ауылынан тұратын жаңа шаруашылықтың тізгінін мығым ұстап, Дәрібай Сапиянұлы Ибраев ағамыз да жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрді. Келгеннен-ақ ол кісінің өзі мен жұбайы Шолпанның қарапайым да көпшіл мінездерімен ауыл адамдарына бірден ұнағанын да айта кету керек. Бұл арада Дәрібай ағамыздың Көкшетау ауданының Қарлыкөл ауылынан екендігі, жақсы әулеттен шыққандығы да бірден-бірге тарап жатты.
Расында, қазақтың бір қасиетті қонысы болып табылатын бұл елді мекен қазір картада жоқ. Өзіндей көптеген шағын ауылдардың кебін киіп, жер бетінен жойылып кетті. Бір кезде «Бұлақ» кеңшарына қараған әп-әжептәуір бөлімше еді. Талай атақты адамдар шыққан. Бертін тәуелсіздік жылдары елдікті ойлаған ел азаматтары он екі шақырым қашықтықтағы Пахарь ауылының орысша атауын алып тастап, «Қарлыкөл» деп атады. Сөйтіп, алғашқы Қарлыкөл жоқ болғанымен, екінші Қарлыкөл бұл күнде жүректерді қайта жылытып, ауыл атауының сақталып қалуына бірден-бір себепші болып отыр.
Жалпы, Ибраевтар әулеті бес ағайынды болып келеді. Сапиян, Сапиолла, Байзолла, Оспан және Кәрібай. Бесеуі де соғысқа барып, аман-есен елге оралған. Соның ішінде Сапиолла Берлинге дейін жетті. Ал, кенжелері Кәрібай Мәскеудің түбіндегі қанды-қасап ұрыстарда политрук болған. Дәрібай ағамыздың әкесі Сапиян соғыста жараланып, госпитальдан кейін еңбек армиясына жіберілген. Кешегі кеңес заманында директорлық үлкен қызмет қой. Міне, баласының сол директор болғанын көріп, көп өтпей 1977 жылы өмірден озды. Ал, анасы Күлбағила Дәрібай ағамыз екінші сыныпта оқып жүргенде, 1953 жылы көз жұмған. Әкесі Сапиян Жеңістен кейін елге оралғанда, ұлының оны білмейтін де жөні бар. Өйткені, 1940 жылы соғыс алдында туып, майданға аттанғанында бір жаста қалған екен.
Өмірде «анау болып жатыр, мынау болып жатыр» деп жүрдек уақыт тоқтасын ба, Дәрібай ағамыз да ес біліп есейіп, тірлік өткелдерін бірінен соң бірін артқа тастай береді. Анасы қайтыс болғаннан кейін ағасы Нарбай екеуін үлкен ағасы Мәлгаждар мен сол үйдегі Бикәш тәтесі өсіріпті. Екеуін екі жағына алып жатады екен. Үйге келген кісілер әңгіме шерте қалса, соны құлағын түріп, жаны қалмай тыңдайтын Дәрібай қайын інісінен үлкен үміт күткен көрінеді. Әуелде бір үйде үш ұл, бір қыз көз қуантып өсіп келе жатқан. Өкінішке орай, үлкені Қалима жиырмаға да жетпей, тым ерте қайтып кетеді. Айттырған жігіті де қан майданда құрбан болған. Үш ұлдың үлкені Мәлгаждар ішкі істер органында қызмет атқарды. Ол кісі де елу үшінде, тым жас кетті.
Орталарындағы Нарбай ағамызды Көкшенің бүкіл зиялы қауымы біледі. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтының филология факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты, белгілі әдебиеттанушы ғалым болды. Көптің құрметтісі – бұл кісіге де 67 жас қана бұйырыпты. Ал, біз осы мақаламызды арнап отырған Дәрібай аға алпыс жасын да көре алмай, өмірден 59-ында өтті.
Біз білетін Нарбай ағамыздың көңілі кең еді. Ол кісі елінің елеулісі болған Дәрібай інісін «Дәкенжан» деп еркелетеді екен. Сол Дәкенжаны бастауыш мектепті өзі туып-өскен Қарлыкөлде бітіріп, жетінші сыныпты Әлжан ауылында тәмамдайды. Сосын онжылдық білімді Көкшетаудағы Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 орта мектепте алады. Ол кезде әскерге 19 жаста шақыратын болған соң, бұл екі арада механизация мектебін де бітіреді. Ал, Отан алдындағы борышын Байқоңырда өтеді. Бұл – кеңес азаматы бірінші болып космосқа ұшуға дайындалып жатқан алпысыншы жылдардың бедері. Сондықтан, сонда жүріп, тұңғыш ғарышкер Юрий Гагаринді көргені де заңдылық.
Әрі қарай өмір Дәрібай Сапиянұлын Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтындағы оқуымен жүздестірді. Одан жолдамамен туған елге, «Бұлақ» кеңшарына жұмысқа келді. Мұнда зоотехник-селекционер бола жүріп, көршілес Қонысбай ауылына шаруашылықтың бас зоотехнигі қызметіне жоғарылатылды. Одан әрі қарай жарты жыл Целиноград қаласында директорлар курсында оқыды. Сосын Ортақ ауылы…
–Дәрібай екеуміздің ең қызықты да мағыналы жылдарымыз сонда өтті. Ортақтың халқына қашан болсын ризамыз,–дейді бүгінде аға орнына өзім әңгімелесіп отырған өмірлік жары Шолпан тәтеміз. Ол кісі ағынан жарылып, бұл сөзді әңгіме арасында екі-үш рет қайталағанына қалай тоғаймайсың. Туған ауылың туралы жақсы айтып жатса, әрине, қуанасың.
Шаруашылықты құрылған күнінен бастап үздіксіз он жыл басқарған, осы уақыт ішінде оны аяғынан тік қойып, жақсы ахуал қалыптастырып кеткен Дәрібай Сапиянұлы туралы жылы лебіздер ауылда әлі де айтылып жатады. Мұның өзі бір есептен, басшы мен елдің жақсы тіл табысқандығының, арада үлкен сыйластықтың болғандығының арқасы. Оған Дәрібай ағамыздың кеңпейілдігі мен кішіпейілділігі де молынан жететін еді. Өзінің байсалдылығы, ақыл-парасаттылығымен қай жағдайдан болсын жол тауып, көптің көңілінен шығып, елге жаға білетін. Табаны күректей он жыл бір шаруашылықты басқару оңай емес. Облыс тарихында мұндай директорлар тақа көп болмағандығы да сондықтан шығар.
Ал, Дәрібай Сапиянұлы болса, өзінің ақырын жүріп, анық басуымен, елмен қоян-қолтық, тығыз араласуымен шаруаны да ақсатпай, көптің де көңілін қалдырмай, басшылық қарымын таныта берді. Бәрін жаңадан бастауға тура келгесін, бірінші кезекте өндірістік нысандарға, жоқ-жітікті бүтіндеуге көңіл бөлінді. Соның ішінде тұрғын үйге деген үлкен кезектің де бетін бері қаратуға күш салынды. Сөйтіп, ауыл тұрғындары өздерін іргелі бір шаруашылықтың иелері ретінде сезініп, еңбек те, өмір де қайнай түсті. Қызылтаң бөлімшесін қоса алғанда, он мың бастан астам қара мал, үш трактор-егіс бригадасы, 12 мың гектар дәнді дақылдар алқабы, осының бәрі бірлестіктің үлкен әлеуетін көрсететіні анық-ты.
Торғай облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып барған Еркін Нұржанұлы Әуелбеков бірде қарамағындағы басшыларға «Көкшетаудың іргесінде Ортақ, Қызылтаң деген жерде арнайы мамандандырылған шаруашылық бірлестігі бар. Сондағы мал бордақылау тәжірибесін көріп, үйреніп келіңдер» деп тапсырма беріпті. Содан ауылға Арқалықтан бір топ делегация мүшелері келіп, мал өсірудің қыр-сырын көкейге түйіп кеткен тұстар да болды. Бір жылы осы Дәрібай Сапиянұлының барында мал бордақылаудан республикалық үлкен семинар-кеңес тағы да осы Ортақта өткізілді. Қысқасы, ауданның мемлекетке тапсырар етінің едәуір бөлігін осы шаруашылық қайыспай көтеріп-ақ тұрды.
Әдетте, қай жердің де қазыналы құты қариялар ғой. Олар кімнің кім екенін де жақсы айырады. Басшының адамгершілігі осы кісілермен де барынша тез тіл табыстырып еді. Бұл үй ешқашан көптен бөлінбейтін. Шолпан тәтенің қызыл күрең, қою шайының үстінде Асқар аталары елпілдеген көңілімен «осы ауылда кім шақырса да, дәміне барып отырыңдар, астан үлкен емессіңдер» дейтін. Ал, қызық мінездері көп Темірбай папамыз әдейі ойнап, «Үйлеріңде көзге көрінетін түк те жоқ қой, басқа директорларды көріп жүрмін, бәрі бар» деп қағытатын. Неміске пленге түсіп, соғыста көрмегенді көрген Асау аға болса, «Алпысқа жетіп, сосын кете берсем, Аллама ризамын» деп отырушы еді.
Осы адалдық, осы пейілінің кеңдігі Дәрібай ағамызға сол он жылдың ішінде тек жатпай-тұрмай шаруашылық соңында жүруді ғана білгізді. Өйткені, осы қызметке тағайындаларда Еркін Әуелбеков ағамыздың алдынан өткенінде адал болуды ол кісі де қатаң ескертіп, соны Шолпан тәтемізге айтып келген екен.
–Таңертең алты-жетіде кетеді, кешке түнделетіп келеді. Балалар да әбден үйреніп алған, «папа үйге қонды ма?» деп сұрайды. Әсіресе, шаруашылықты құрған бастапқы жылдары ауыр болды. Жылдағы еңбек демалысының өзін дұрыс ала алмайтын. Бірде Бурабайға дем алуға барғаны сол еді, артынша шақыртып алғаны бар,–деп еске алады сол күндерді тәтеміз. Әрі халыққа жайлы болған, әрі басшылық міндетін осылай адал атқарған ағамыздың өзіне жарасып тұратын жеңіл әзілі де болушы еді. Бірде сырттай техникумда оқитын қарамағындағы үш қыз балаға кеңшардың сұраған білдей бір автобусын беріп жатып:
–Дағарадай автобусты қайтесіңдер, мұғалімдеріңе қой апарайын деп пе едіңдер? – деп күлдірген екен. Ауылда ағаға риза кісілер күні бүгінге дейін осы тақылеттес сөздерін ұмытпай, еске алып қоятыны бар.
Шолпан тәтеміз екеуі отбасында да бірлігі жарасып, бес қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірген Дәрібай ағамыз өмірінің соңғы жылдары №47 жылқы зауытында да ауылдық кеңестің төрағасы болып жемісті қызмет атқарып, өмірде үлкен із қалдырды. Бұл күнде қыздары Айгүл, Жанна, Айсәуле, Лаура, Нұргүл, ұлдары Дәулен, бәрі де бір-бір мамандықтың иесі атанып, өмірден өз орнын тапқан жандар. Астана мен Көкшетауда абыройлы тұрып жатыр. Сол Ортақта бала бақша меңгерушісі болған Шолпан тәтемізді де осы күні ауылдың талай ер-азаматтары өздерінің қымбат бір апайлары санайды.
Көзі тірісінде адамгершіліктің нағыз үлгісін көрсетіп, еліне адал еңбек сіңіріп кеткен Дәрібай аға туралы ағасы Теңбай Ибраевтың да бір-екі ауыз пікірін білейік деп, осы мақаланы аяқтар тұста телефон шалдық. Өйткені, бұл кісі қазір осы Ибраевтар әулетінің ең үлкені.
–Дәрібай ағайын-туыстарымыздың ішінде ерекше еді. Жастайынан білімге жақын болды. Мінезі жұмсақ, қайырымдылығы мол еді. Халыққа жақсылық жасағысы келіп тұратын. Жүрген жерінде өте сыйлы болып, соңына бір ауыз жаман сөз ертпеуі де содан шығар. Әкесі Сапиян қайтыс болғанда бүкіл Ортақ көшіп келгендей болғанын да көзіміз көрді. Бүгінде өзі мен сол бір асыл қасиеті бізге жетіспей тұрады,–дейді елге танымал ардагер аға. Иә, абзал азамат туралы алда берілейін деп жатқан еске алу дұғасында да көп жылы сөздер айтылып, рухы бір жаңғыра түсері анық.

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар