«Спорт ғаламшары» атты зияткерлік- танымдық ойыны

Бурабай ауданындағы «Балдәурен» Республикалық оқу-сауықтыру орталығында ағымдағы жылдың 7 – 26 қыркүйек аралығында «Спорт-біздің серігіміз»  жас спортшылардың  республикалық спартакиадасының 12- ауысымы өтуде.  Аталған ауысымға еліміздің барлық 17 өңірінен халықаралық, республикалық, облыстық спорттық жарыстардың жүлдегерлері  жиналып,  дене шынықтыру, спорт және туризмді дамыту бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Атап айтатын болсақ, «Бурабай»  МҰТП экскурсиялары, шағын Олимпиада ойындары, атақты спортшылармен кездесулер, тимбилдингтер және т.с.с. 

Спортпен шұғылдану, жаттығу жасау – салауатты өмір салтын қалыптастырудың негізгі кепілі болып саналады. Бүкіл адамзатқа белгілі қағида – байлық та емес, мансап та емес. Бақыттың 90 пайызы денсаулықта жатыр.  Өйткені, адам денсаулығы – басты құндылықтардың бірі. Адамның ұзақ та бақытты өмір сүруі осы факторға тікелей байланысты. Сондықтан  әрбір азамат «Спорт-біздің серігіміз» деген қағиданы берік ұстанғаны абзал.    Денсаулығы мықты адам ғана бақытты өмір сүріп, биік мақсатқа қол жеткізе алатыны бәрімізге белгілі.

«Балдәуренде» әр бала ауысым бойы сауықтырылып, жақсы тәрбие мен сапалы білім ала алады. Ауысым бағдарламасы осындай жарқын және қызықты іс-шаралармен толықтырылады, онда әрбір бала өзінің зияткерлік, шығармашылық, спорттық қабілеттерін көрсете алады. Бұл ойындар, кештер, спорттық жарыстар, шығармашылық жұмыстар мен түрлі іс-шаралар өскелең ұрпақты бұқаралық спортқа жұмылдырып, дене тәрбиесіне баулиды әрі  ұмытылмас әсер мен ғажайып мерекелік көңіл-күй сыйлайды.  Мысалы, жас спортшыларымыздың білімін арттыру мақсатында  жуырда өткен «Спорт ғаламшары» атты зияткерлік- танымдық ойынын айтуға болады. Аталмыш іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне Орталық мектебінің мұғалімдері Дауылбаева Г.Т., Сакимова М.К., Шакиева Б.К., Кадиров Р.А. атсалысты. Қазіргі үш тұғырлы тіл жүйесін жетік меңгерген ауысым қатысушыларына іс-шараның үш тілде өтуі,  олар үшін ешбір салмақ түсірмегендей… Зияткерлік ойынға «Опмай-опмай», «White Stars», «Чемпионы» құрама топтары қатысты. Ойын «Жүйріктен жүйрік озар», «Бейне Time», «Спорт жұлдыздары», «Дыбыс Batl», «Адасқан әріптер» деп аталатын бес кезеңге бөлінді.  Әр кезең өте ерекше әрі қызықты өтті. Ойынның соңғы кезеңі  «Жылдам, биік, күшті!» олимпиада ұранын еріксіз еске түсірді, себебі шешуші кезеңде әр топ өзінің биіктен көрінуі  үшін  бар күшін салғаны көрермендерге де байқалып тұрды… Барлық топтар үлкен дайындықпен келгендіктен, зияткерлік –танымдық ойынның жеңімпаздарын анықтау әділ-қазы мүшелері үшін  қиындау болды.  Десек те,  «жүйріктен жүйрік озар» дегендей, бұл іс-шарада  «Опмай-опмай» тобы І орынға, «Чемпионы» тобы ІІ орынға, ал, «White Stars» тобы ІІІ орынға ие болды. Іс-шара соңында мектеп директоры Бейімхан Сейсенұлы қатысушы топтарды құттықтап, Орталықтың атынан сыйлықтар беріп, мадақтамалармен марапаттады.

Иә, Орталығымызда өткізілген мұндай тақырыптық ауысымдар  ертең әлемдік додаларда бәсекеге қабілетін көрсететін, еліміздің спорт саласында жеңіске жетер азаматтарымыздың көбеюіне өз үлесін тигізері хақ.

«Балдәурен» РОСО баспасөз хатшысы- Ерденова Айнұр Жетпісбайқызы

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар